Ұлан ауданында шығарылатын құс етінің өнімдері жыл санап артып келеді

890
көрілім

Бүгінде бірнеше өңірдің әлеуметтік жобаларына атсалысып, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып отырған Өскемен құс фабрикасы алдағы жылдары өнім көлемін ұлғайтып, еліміздегі бірегей өндіріс жүйесіне айналмақ. Бір емес, бірнеше жобаға бас болған кәсіпорын қазіргі уақытта қосалқы «Аitas-МП» жобасын сәтті іске асырып, өңірімізді толықтай құс еті өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр. Құс етін «Халал» стандартына сай өндіруге қол жеткізген іргелі кәсіпорын Қазақстанның индустрияландыру картасы аясында басқа да жобаларды сәтімен іске асыруда, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Қолдау қомақты!

«Қазақстанның индустрияландыру картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында және «ҚазАгро» акционерлік қоғамы Даму институтының қаржылай қолдауының арқасында «Еуразия» жобасы іске асырылды, – дейді Өскемен құс фабрикасының бас директоры Бейбіт Айдаров. – Аталмыш жобаға шамамен бес миллиард теңгедей инвестиция құйылып, құс фабрикасының жылдық өнім көлемін 20 мың тоннаға дейін жеткізу көзделген болатын. Дегенмен, қазіргі уақытта біз межелі мақсаттан асып түсіп, жылдық өнім көлемін 26 мың тоннаға дейін жеткіздік. Келесі жылы бұл көрсеткішті тағы да мың тоннаға ұлғайтып, 28 мың тоннаға жеткізуді көздеп отырмыз. Фабрика өнімдері негізінен Шығыс Қазақстан, Алматы, Ақмола және Қарағанды облыстарына тасымалданады.

2008-2009 жылдары орын алған дағдарыс кезінде құс етін заманауи тәсілмен өңдейтін зауыттың іске қосылуы фабриканың дамуына септігін тигізді. Осылайша заманауи технологияларды енгізу арқылы кәсіпорын «салқындатылған құс еті» өнімін Қазақстан нарығына шығарды.

Нәтижесінде біз тұтынушыларымызға құс етінің қатырылған 25, салқындатылған 14, маринадталған құс еті мен кәуәптің 8 түрін ұсынуға қол жеткіздік, – дейді кәсіпорынның бас директоры. – 2013 жылы «Аitas-МП» жобасы сәтті жүзеге асырылып, өндірісі жолға қойылды. Ал 2015 жылы Ақмола облысында жобалық қуаты жылына 50 мың тонналық Макинск құс фабрикасын салу жоспарланды. Онда алғашқы өнімді шығару 2018 жылдың бірінші тоқсанына жоспарланып отыр. Бұл Қазақстанның агросаладағы ірі жобаларының бірі. Инвестиция көлемі 37 миллиард теңгені құрайды.

Аталмыш жоба алдағы уақытта жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып, тауық еті өнімдерімен еліміздің солтүстік және орталық өңірлерін қамтып, салқындатылған жергілікті өнім көлемін 15-20 пайызға дейін ұлғайтпақ.

Әлеуметтік әлеует әсер етуде…

Еліне, жеріне деген сүйіспеншілік тұрған жеріңді, мекеніңді жақсы көруден басталады, – дейді Бейбіт Айдаров. – Бұл жөнінде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа көзқарас: қоғамдық сананы жаңғырту» атты мақаласында айтады. Осы орайда Құс фабрикасы «Туған жер» бағдарламасы аясында бірқатар әлеуметтік жобаларды іске асыруға ықпал жасауда. Бұл, әсіресе, кәсіпорын әкімшілігінің аз қамтылған отбасыларды материалдық тұрғыдан қолдауда, сәби туғанда көмек беруде, көпбалалы жанұяларға оқу құралдарын сатып әперіп демеушілік көмек көрсеткен кезде анық сезіледі. Шілде айында жұмысшылардың жалақылары 10-20 пайызға көтерілді.

Бүгінгі таңда 786 жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтып отырған кәсіпорын Ұлан ауданының орталығы Қасым Қайсенов кентінде «Ұлан» стадионымен Ардагерлер саябағы салынып, Катонқарағай ауданының Белқарағай ауылында жаңа мешіттің бойы көтеруіне қаржылай демеушілік жасады. Сонымен қатар, келешекте Өскемен қаласының іргесінде ашылуы көзделген экологиялық саябақтың құрылысына қомақты қаржы құйды.

Назарда – сан мен сапа

Ұлан ауданының аумағындағы іргелі кәсіпорын саналатын «Aitas KZ» холдингінің құрамына құс фабрикасынан басқа құс етінен сан түрлі өнім өндіретін «Айтас-МП» ЖШС де енеді. Үш жыл бұрын жұмысын бастаған зауыт бүгінде жүзден астам өнім түрін экспорттап отыр. Аз уақыт ішінде компания өзін сапалы әрі жұғымды өнім шығаратын кәсіпорын ретінде танытып, Қазақстанның көптеген аймақтарындағы тұтынушылар өнімін бағалайтын қуатты өндіріс орнына айналды. Соның нәтижесінде зауыт Қазақстанның индустрияландыру картасына еніп, «Даму» қоры арқылы мемлекет тарапынан құрылыс жұмыстарын жүргізуге субсидия алды.

Компанияның іргетасы 2012 жылы қаланған, – дейді «Айтас-МП» ЖШС логистика бойынша менеджері Александр Каменев. – Зауыт 2013 жылы қолданысқа енгізілді. Аталмыш зауытты толықтай салып, жасақтауға 1,7 миллиард теңге көлемінде инвестиция құйылды. Дегенмен, инвестиция мұнымен тоқтап қалған жоқ. Қазіргі уақытта қажетті құрылғыларды сатып алуға қосымша қаржы әлі де құйылуда.

Компания өкілінің айтуынша, жобалық қуаты жылына 12 мың тонна өнім өндіру болып табылатын зауыт, алдағы уақытта айына бір мың тонна тауық етінен жасалған сапалы өнім шығаруды көздейді. Қазіргі уақыттың өзінде бұл меже алыс емес! Бүгінгі таңда аталмыш зауыт айына 750 тонна көлемінде тауық еті өнімдерін шығара отырып, жылдық өнім өндіруді 8800 тоннаға дейін жеткізді.

– Компанияның сәттілікке жету құпиясы шұжық өнімдерін өндіру ісіне, сондай-ақ жалпы алғанда бизнесті жүргізуде инновациялық бағыттарды қолдануы болып табылады, – дейді «Айтас-МП» ЖШС өкілі. – Кәсіпорын өнімдері неміс, поляк және ресейлік заманауи құрылғылардың көмегімен дайындалады. Ондағы барлық технологиялық кешен, тіпті ауа мен су тазалау жүйесіне дейін аса жоғары дүниежүзілік стандарт талаптарына сай. Шикізат сапасына да баса көңіл бөлінеді. «Айтас-МП» ЖШС шұжық өнімдерін дайындау үшін өз шикізатын, яғни Өскемен құс фабрикасының салқындатылған құс етін қолданады. Ал дайын өнімдерімізді Шығыс Қазақстан облысымен қатар Ақмола, Алматы және Қарағанды, Павлодар өңірлеріне экспорттай отырып, еліміздің солтүстік, орталық, оңтүстік және шығыс өңірлерін толықтай тауық еті өнімдерімен қамтамасыз етіп отырмыз. Дегенмен мұнымен тоқтап қалмай өнімдерімізді іргелес елдерге де экспорттауды жоспарлап отырмыз.

Жергілікті жердікі

Кәсіпорын – сатып алушылардың талап-тілегін ескеретіндей сапасы жоғары өнім шығаруға бағытталған ерекше зауыт. Бұл шамамен жүзден астам түрлі шұжық пен жартылай дайын өнім түрлерін құрайды.

Қазіргі таңда зауытта 200-ге тарта адам жұмыс істейді. Олардың барлығы дерлік жергілікті жердің тұрғындары болып келеді. Тек екеуі ғана шетелдік азамат. Зауыт жұмысшылары екі ауысымда жұмыс атқарады. Мемлекет тарапынан зауыттың құрылыс жұмыстарына Қазақстанның индустрияландыру картасы аясында «Даму» қоры арқылы субсидия алдық, – дейді Александр Каменев.

Қазіргі уақытта зауытта жұмыс істейтін жұмысшылардың барлығы жергілікті жердің тұрғындары. Тек екі азамат қана шетелдік болып келеді. Зауыт екі аусымда жұмыс істейді. Жұмысшыларымыздың барлығы өз ісін шын жүректен орындайтын, жоғары кәсіби білікті мамандар.

Кәсіпорын басшылығының сөзін зауыт жұмысшылары да мақұлдап отыр. Жергілікті тауарды өңдеуге арналған зауыттың тұрақты жұмыспен қамтып отырғанын алға тартқан «Айтас-МП» ЖШС жұмысшысы Раджан Омаров есімді азамат өз сөзінде жақсы жалақы алып отырғанын айтты.

Зауытта жұмыс істегеніме екі жылдың жүзі болды, – дейді ол. – Бастапқыда термиялық өңдеу цехының аппаратшысы болдым. Қазіргі уақытта машина бөлімінің мастері міндетіне ауыстым. Әрине жұмысымызды жеңіл деп те, ауыр деп те айтуға келмес. Қандай істің болмасын зейнетін қол күші, маңдай тердің арқасында ғана көресің ғой. Ең бастысы, тұрақтылық. Тұрақты жұмысым, отбасымды асырауға жететін жалақым бар.

Қайталанбас өнім!

Өскемен құс фабрикасына мемлекет тарапынан үш миллиард теңгеден астам инвестиция құйылды, – дейді Ұлан аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Әділбек Рамазанов. – Аталмыш кәсіпорын инфрақұрылымды жетілдіру бойынша мемлекеттік бағдарламаға қатысып, жоспарланған өнім көлемінен әлдеқайда асып түсті. Сонымен қатар, аталған холдингтің құрамына енетін «Айтас-МП» кәсіпорыны да еліміздің индустрияландыру картасына еніп, бір жарым миллиард теңгедей қаржы инвестиция құйылды. Жобаның қуаттылығы тәулігіне 33 тонна ет өндіруге бағытталып, нәтижесін 2020 жылға қарай толық игереміз деген жоспарымыз бар.

Қазіргі уақытта шұжық пен жартылай дайындалған құс еті өнімдерін межелі көрсеткіштің тең жартысына жеткізген «Айтас-МП» зауытының жұмысы алдағы жылдары толықтай қамтамасыз етілетінін баса айтқан бөлім басшысы жергілікті құс еті өнімдерінің еліміздегі сауда орындарында өзіндік бренд қалыптастырғанын алға тартты.

***

Ұлан ауданы әкімдігі тарапынан қолдау тапқан кәсіпорынның болашағы мен әлеуеті зор. Мемлекет тарапынан қолдауға ие болған холдинг еліміздегі жедел дамып келе жатқан 25 компанияның қатарына енді. Кәсіпорын мемлекет қазынасына ірі салық төлеуші болуымен қатар, «Қазақстанның үздік тауарлары» байқауында жеңімпаз атанып, жергілікті өнім сапа жағынан шетелдік азық-түлік өнімдерінен еш кем түспейтінін іс жүзінде дәлелдей білді.

Азамат ТЕМІРБЕКОВ