Ұлан ауданында жұмысын бастаған «OstFish» серіктестігінің қазіргі қарқыны қандай?

7613
көрілім

2018 жылы алдағы төрт жылда орындалуы тиіс жоспар жарияланып, ресми мәлімет ұсынылған соң балықсүйер облыс тұрғындары 2020 жылға қарай дүкен сөрелерінен қара уылдырықкөреміз бе деп үміттенгендері рас. Өзге аудандардан қара үзіп, бекіре балығын саудалауда табысқа жетеміз деп топшылаған «OstFish» ЖШС-ның қазіргі аяқ алысы жайлы аудан әкімдігінен біліп көрдік, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Бағасы біршама қымбат

Жоғарыда 2018 жыл деп жазуымыз сол уақытта Ұлан топырағына мемлекет басшылығындағылар келіп, сол уақытта 2022 жылға қарай «OstFish» ЖШС-нің әлеуеті жыл сайын 45 тонна бекіре мен төрт тонна қара уылдырық өндіруге қауқарлы екендігі айтылған болатын. Ал сұраухат жауабында аталған компания жұмысын 2017 жылы бастағандығы жазылған. Қалай десек те, өздері күн тәртібіне жоспарлаған төрт жылға таяп қалды. Құлашын кеңге жайып, аяқ алысын айқындап үлгерді дегеннен гөрі енді-енді еңсе тіктеп келеді деген жөн болар. Себебі Ұланға іргелес Өскемендегі кез келген балық өнімдері сатылатын дүңгіршекке кіргендердің «OstFish» өнімдерін шырамытуы екіталай. Менмұндалап тұр деудің ауылы алыс, тек кей тұрғындар ЖМК (Жібек маталар комбинаты) ықшамауданындағы «Оливье» дүкенінен кездейсоқ көріп қалғандарын жеткізді. Бағасы да біршама қымбат. Оқырман айтқан бағаға тоқталмас бұрын бекіре өнімдерін саудалау жобасына қанша қаржы бөлінгендігін қысқаша тоқталайық. Аудан әкімдігі ұсынған мәліметке сүйенсек, инвестициялық жобаның жалпы құны – 1 миллиард 881 млн теңге. Оның ішінде 282 млн теңге өз сомасы, ал бір миллиард 599 млн теңге (90,36%) несиелік қаржы. Егер «Оливьеде» консервіленген ыдыстағы қара уылдырық қана сатылымда тұрса, бұдан тыс бекіре еті де сатылымға шыққан. Мұны аудан әкімінің орынбасары Лязиза Кенжетаева мәлімдеді.

Жоспар – төрт тонна

Алайда әлі ауқымын кеңейтіп, екпін алып үлгермеген мекеме жұмысына қарап бекіре балығының әлі сөрелерден қойылмау себебін топшылауға болатын сияқты. Ең біріншісі, әлі толық іске аспаған жұмысты мерзімінен бұрын жар салып жариялау мен уақыт өте келе түрлі себептермен шиеленіскен жайттар игі бастамаға тұсау салып тұрған көрінеді. Осыған облыс әкімдігі өкілдерінің қатысуымен өткен жиында сол 45 тонна бекіре балығын өндіру ресми түрде мәлім етілгенімен, аймақтағы көп оқырман «OstFish» ЖШС-нің жұмыс барысы мен қандай мекеме екендігінен бейхабар. Осыған аз-кем анықтама бере кеткен артық болмас.

– Аталған компанияда сегіз жұмысшы бар. 2021 жылдың 1 қаңтары мен 1 қазан аралығындағы мәліметке сәйкес бір адамның орташа жалақысы 205667 теңгені құрады. Жобаның жылдық қуаттылығына келсек, жылына төрт тонна бекіре тұқымдас балықтың қара уылдырығы, – делінген мәліметте.

Өскемендегі "Оливье" дүкенінде сатылатын уылдырық

Қара уылдырыққа қатысты тағы да ресми ақпарат сенімді түрде берілді. Әлбетте, әр қымбат тауардың өз сатып алушысы табылады. «Оливье» дүкеніндегі 180 граммдық қара уылдырық бағасы – 70, ал 90 граммы – 35 мың теңге. Бұл жерде, отандық өнімнің сөренің төрінде емес, қатардағы көп теңіз өнімдерімен бірге қойылғандығын айта кетейік. Қазіргі уақытта компания балықтарды азықтандыру, сұрыптау, уылдырық алу жұмыстары жүргізілуде. Сібір, Орыс бекіресі мен Бестер будан түрлері өсірілетіндігі мәлім болды. «Бекіре қайдан сатып аламын?» деген сауалдың тағы бір жауабын Саратовка ауылындағы «OstFish» кәсіпорнына барып табуға болады, яғни сол жерде де саудаланады.