Ұлан ауданындағы шаруа қожалығында құлдықта ұсталған ер адам соққыдан көз жұмды

1243
көрілім
Фотосурет - kamisti.kz сайтынан.

Осыдан 4 жыл бұрын темір тұлпарымен Ұлан ауданындағы Айыртау ауылына қарай бет алған шаруа қожалығының иесі жол жөнекей тұрғылықты мекен жайсыз күнелтіп жүрген ер адамды байқап қалады. Көлігін тоқтатып, жол жиегіндегі бейтаныс азаматты әңгімеге тартқан ол «Маған жұмысқа кел. Айлығыңды уақытында төлеп тұрамын. Қажет десең, саған жеке куәлік жасатып беріп, зейнатақы аударып отыруға да болады» деп ұсыныс білдірген. Басар тауы, барар жері болмай, жеңін жастық, етегін төсек қылып жоқшылықтың ащы дәмін татып жүрген еркек бұл сөзді естігенде жерден жеті қоян тапқандай қуанып, бірден өз келісімін берген. Ол сол сәттен бастап 4 жыл бойы құлдықтың қасіретін кешіп, тағдыр талқысына түсетіндігін еш ойламаған еді…

Былапыт сөз бен аяусыз соққы

2013 жылы Ұлан ауданындағы Ұзын-Бұлақ ауылында жеке шаруа қожалығы бар 49 жастағы Серік Мамырғалиев (аты-жөндері толықтай өзгертілген) өз көлігімен Айыртау ауылына қарай жолға шығады. «Айыртау – Жаңа-Қанай» тас жолында келе жатқан ол кенет жол жиегіндегі жаяу жүргіншіні көзі шалып, көлік тізгінін тоқтатқан. Үйсіз-күйсіз күн мен түнді жалғап жүрген Константин Лихарев қасына тоқтаған көлік ішінен шығып, өзіне қарай келе жатқан таныс емес еркекке таңырқай қарады. Шаруа қожалығының иесі тұрғылықты мекен жайы жоқ азаматпен танысып, әңгіме-дүкен құрысады. Әңгіме барысында ол Константин Лихаревтің мал шаруашылығы бағытында үлкен тәжірибесі бар екендігін естиді. Осыдан соң Серік Мамырғалиев оған жұмыс ұсынады. Ай сайын жоғары жалақы төлейтіндігін айтқан ол оған тегін тамақ пен баспана беретіндігін, тіпті жеке куәлігін жасатып, зейнетақы аударып отыратындығына сендірген. Жегені желім, ішкені ірің болып, жоқшылықтың зары әбден күйзелткен Константин бұл сөзді естігенде қатты қуанып, бірден келісімін береді. Екеуі автокөлікке отырып, атбасын Ұзын-Бұлақтағы шаруа қожалығына қарай бұрады.

Алайда ешқандай еңбек шартын жасаспаған шаруа қожалығының иесі алдап-сулап әкелген жаңа жұмысшысына үйіп-төгіп айтқан ешбір уәдесінде тұрмаған. Азаннан кешке кейін малдың соңына салып, қара жұмыстың барлығын жүктеген. Егер Константин Лихарев бастығының бір сөзін орындамай қалса немесе ол ойлағандай тыянақты істемесе басына әңгір таяқ ойнатып, көк ала қойдай қылып тепкілейтін.

– Константин қой бағып, сиыр сауып, малдың қиын тазалады, – дейді шаруа қожалығында істеген Николай Дуров. – Ол артық сөзі жоқ, сабырлы, қой аузынан шөп алмайтын момын болды. Қашан көрсек те қожайын оны боқтықтың астына алып, айқайлап жататын. Ашуға булыққан Серік Мамырғалиевтың дауысы тіпті 60-100 метрдей жерден де естіліп тұратын. Бір күні кешкісін жұмысшылар жатағына келген Константиннің құлағы дүрдиіп ісіп келді. Біз бірден не болғандығын сұрадық. Ол құлап қалғандығын айтты, алайда оның бұл сөзіне сенбей, «мінезі қатты бастығымыздың ісі» деп тапшыладық. Арада бірнеше күн өткен соң оның көзі көгеріп кеткендігін көрдік. Сол кезде шындықты жасырудан шаршаған Константин таңғы сүтті кешкімен шатастырып алғаны үшін бастықтың тоқпағын «жегенін» айтты.

Қашып құтылмақ болған, бірақ…

Бір күні шөпқораға пішен тасып жүрген Николай Дуров аузына ақ ит кіріп, көк ит шыққан қожалық иесінің Константинге тепсініп тұрғанын көрген. Шірене шалқайғанға әбден мойынсұнып кеткен қара жұмысшы тағы бір нәрсені дұрыс істемеген болуы керек. Қолына күрек ұстаған Серік Мамырғалиев Константинді бірнеше рет басына және денесіне ұрып жібереді. Бастықтың зәрлі қаһарынан үрейленген басқа жұмысшылар араша түсуге бата алмаған.

– Бір күні Константин жұмысқа сол қолын ораған күйі шықты, – дейді Николай. – «Қолыңа не болды?» дегенімізде ол «Шанадан құлап, сындырып алдым» деді. Осыдан соң біраз уақыт өткеннен кейін мен, Константин және тағы бір жұмысшы үшеуміз үйде отырғанымызда Константиннен жиі пайда болатын дене жарақаттары жайлы сұрай бастадық. Сонда ол өзін ұстай алмай барлығын жайып салды. Бастықтың оған күн көрсетпейтінін, еңбегі үшін бір тиын да төлемейтіндігін айтты. Кезінде құлағы ісіп кеткен кезде де бастықтың қол көтергенін, ал қолы күрекпен ұрып жатқанда қорғанамын деп сынып қалғандығын жеткізді. Осыны естігін біз «Осылай төзіп қанша жүрмекшісің? Неге кетіп қалмайсың?» деп сұрадық. Сонда ол бір емес, бірнеше рет қашып көргендігін, алайда Серік Мамырғалиевтің оны ұстап алып, аяусыз соққының астына алып, жұмысқа қайта жегіп қоятындығын айтты.

Жазалаймын деп жер жастандырды

Шығыс Қазақстан облыстық Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот материалдарына сүйенсек, шаруа қожалығының иесі құлдықта ұстаған Константин Лихаревті ұдайы бақылауына алып отырған. Қожалық аумағынан тыс бір адам аттануға рұқсат бермей, әрбір ұсақ-түйек кемшілігі үшін жұдырық жұмсап немесе қолына түскен күрек-көсеумен ұра берген. Осылайша оны 4 жыл бойы мәжбүрлі түрде ауыр еңбекке жеккен. Сөйтіп, 2017 жылдың ақпан айында таңғы сағат 06.30-шамасында Константиннің қорадан байқаусызда бір бұзауды шығарып алғандығын көрген бастық тағы да айғайға көшкен. Былапыт сөздерді желдей естірген қожайын қолындағы тырмауышпен жұмысшысының басынан ұрып жібереді. Алған соққыдан ол отырып қалып, ер адам отырып қалып, қорғану үшін екі қолымен басын көлегейлей береді. Осы кезде Серік Мамырғалиев оны іштен бір теуіп жерге құлатып, тепкілей жөнеледі. Аяусыз соққының салдарынан ішегі зақымданған жәбірленуші ауыр дене жарақатын алған. Осы оқиғадан соң Константиннің жағдайы күн сайын нашарлап, жұмыс істеуге қауқары жетпей қалады.

Жұмысшысының берген тапсырмаларын орындамай жүргендігін байқаған қожалық иесі оны тағы да тепкінің астына алады. Жұдырығымен бір ұрып жерге құлатқан соң аяусыз тепкілей жөнделеді. Соның салдарынан Константин Лихаревтің көкірек қуысы зақымданып, 7 қабырғасы сынған. Ал келесі күні жұмысшысының тұра алмай жатқандығын көрген қожайын оны туысы арқылы көлікпен Өскемен қаласындағы №1 ауруханаға жеткізеді. Арада 3 күн өткен соң дене жарақаттары асқынып кеткен Константин бас көтерместен көз жұмады.

«Бір рет те қол көтермедім»

Жәбірленуші о дүниеге аттанбас бұрын тергеу амалдарын жүргізген полиция қызметкеріне бұл жарақаттарды қай жерде қалай алғандығын айтып үлгерді. Ұлан ауданындағы Ұзын-Бұлақ ауылына аттанған тәртіп сақшылары ҚР ҚК-нің 156-бабының 2-бөлімімен қылмыстық іс қозғады. Біршама куәгерлердің түсінігі тыңдалған соң қожалық иесі күдікті ретінде ұсталып, 3 күннен кейін қамауға алынады. Ал сот барысында Серік Мамырғалиев өз кінәсін мойындаудан бас тартты.

Айыртау ауылына қарай бара жатқанымда бір бөгде ер адам көлігімді тоқтатты, – деп жауап берді ол. – Оның да діттеген жері Айыртау болғандықтан, көлікке отырғызып алып кеттім. Әңгіме барысында Константин маған шаруа қожалығында жұмыс істейтіндігін айтты. Сол уақытта мен мал бағатын адам таба алмай жүрген болатынмын, сондықтан оны өзіме жұмысқа шақырып, ай сайын 20 мың теңге мөлшерінде еңбекақы төлейтіндігімді, тамақ пен тұратын жері тегін болатындығын айттым. Ол бірден өз келісімін берген соң, барар бағытымызды Ұзын-Бұлақ ауылындағы шаруа қожалығына қарай өзгерттік.

Айыпталушының айтуынша, екеуінің арасында еңбек шарты жасалмаған, себебі тиісті шартты рәсімдеу үшін Константиннің жеке куәлігі болмаған.

– Алғашында келіскеніміздей, еңбекпен тапқан ақшасын қолына ұстатып отырдым. Константин сол ақшаны жарату үшін Өскеменге баратын. Ол жақта демалып келген соң, өз еркімен қайта жұмысқа оралатын. Расында да жұмыс барысында мен оған қатты айқайлап сөйлейтінмін, өйткені жазық далада жай сөйлесең ештеңе естілмейді. 2017 жылдың қаңтарында қожалыққа Владислав Данилов есімді азамат жұмысқа келді. Константин екеуін бір үйге орналастырдым, бірақ олардың әрқайсысында өз бөлмелері болды. 4 ақпан күні таңғы уақытта мал қорадан бір бұзау қашып кетті. Константин дереу оның соңынан қуа жөнелді. Сол кезде мен оны тоқтатып «Әуре болып қайтесің. Өзі қайта оралады» дедім. Бұл үшін оны еш ұрған емеспін. Осыдан соң шамамен 3-4 күн өткеннен кейін Константин мен Владислав атшанамен шөп тасуға кетіп, ұзақ жоғалады. Олар қайта оралғанда неге көп айналғандарын сұрадым. Сонда Владислав «Константин шананың астына құлап түсті, алайда еш жерін сындырмапты, тек арқасы ауырып тұр екен» деп жауап берді. Келесі күндері Константин өзін жаман сезініп жүрді. Мен оған «Жұмыс істемей тұра тұр. Аздап демалып алсаңшы» деп ұсыныс білдірдім. Ол өз еркімен жұмысшыларға көмектесіп жүрді. 14 ақпанда жұбайым Констанниннің денсаулығы тым нашарлап кеткендігін хабарлады. Содан кейін күйеубаламды шақырып, ауырып тұрған жұмысшымды қаладағы ауруханаға апарып тастауын өтіндім. Төрт жылда Константинді бір де бір рет ұрған емеспін, ол да денсаулығына шағымданып көрген жоқ. Менің ойымша, оны 13 ақпан күні бір үйде тұратын Владислав соғып тастаған, себебі әйелім екеуіміз оған қарағанда Константинге көп көңіл бөлетін едік. Оған қаладан торт, шұжық әкеліп беретінмін. Тіпті жақсы жұмысы үшін оған 2 бас ірі қара атадым. Мұны Владислав қызғаныштан көре алмаған болуы керек.

Құрықтан құтылған жоқ

Осы мәселеге орай жүргізілген сот ісіне біршама куәгерлер шақырылды. Оның арасында Владислав Данилов та бар. Куәлік еткен азамат қожалық иесінің таққан айыбымен келіспейтіндігін айтты.

– Жасы 60-қа таяған Константин екеуіміздің бір үйде тұрғанымыз рас, – дейді ол. – Бірақ біздің арамызда еш уақытта кикілжің болған емес. Бір күні жұмыс істеп жүрген кезде ашу қысқан Серік Мамырғалиевтың жұмысшысын боқтықтың астына алып жатқандығын естідім. Не болғандығын білу үшін қастарына жақындай бергенде оның Константинді қолындағы тырмауышпен ұрып жібергендігін көрдім. Онымен қоймай Серік Мамырғалиев оны бірнеше рет тепті. Қорыққандықтан сол жерден қашып кеттім, дегенмен таяқ жеп жатқан Константиннің ащы айқайы біраз уақыт естіліп тұрды. Артынан одан Серіктің не үшін ұрғандығын сұрағанда, ол «қорадан бір бұзау шығып кетіпті» деді. Константин қожалық иесінен қатты жасқанатын. Анандай жерде келе жатқанын көріп қалса, қолындағы шылымын лақтырып жіберіп, жұмысқа кірісе жөнелетін. Ал Серік Мамырғалиев адамдармен жай сөйлесе алмайтын, үнемі тіксиіп жүретін қатыгез кісі. Марқұм Констанниннің момындығын білетін ол, байғұсты кез келген ұсақ-түйек үшін аяусыз соққыға жығатын.

Сот барысында сотталушының бұл әрекеттерін қожалықтың басқа жұмысшылары да растады. Сондай-ақ, барлық іс қағаздарын жіті зерттеген ШҚО Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Серік Мамырғалиевтың айтқан сөздері шындыққа жанаспайды деп тапты. Медициналық сараптама нәтижелері жәбірленушінің денесіндегі көптеген жарақаттары мен аяғындағы бір саусағының жоқ екендігін көрсеткен.

– Адамды мәжбүрлі еңбекке тартқан 49 жастағы айыпталушы Константин Лихаревке қамқорлық көрсете алатын туған-туысының жоқтығын білген, сондықтан оны қорқытып ұстап, әртүрлі жұмысқа салған. Еткен еңбегі үшін жалақы төлеп көрген емес. Ал бірнеше рет қашып құтылмақ болған Константин бұл ойынан ештеңе шықпайтындығын түсінген соң, көнбестен басқа амалы қалмай, 4 жылдай құлдық қамытын киіп өмір сүрген, – делінген сот материалдарында.

****

Сот үкімі бойынша Серік Мамырғалиев ҚР ҚК-нің 128-бабы, 4-бөлімі, 2-тармағымен (Адамды сатып алу-сату немесе оған қатысты өзге де мәмiлелер жасасу, сол сияқты оны қанау не азғырып көндiру, тасымалдау, беру, жасыру, алу, сондай-ақ қанау мақсатында өзге де іс-әрекеттер – абайсызда жәбiрленушiнiң өліміне не өзге де ауыр зардаптарға әкеп соғу) кінәлі деп танылып, 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ