Ұлан ауданындағы Жоғарғы Тайынты көліне апарар жолға асфальт төселмек

682
көрілім

Алдағы уақытта Ұлан ауданының аумағында орналасқан Жоғарғы Тайынты (Шыбындыкөл) көліне апаратын бес шақырымдық жолға асфальт төселіп, демалушыларға жағдай жасалуы ықтимал, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Негізгі тасжолдан Шыбындыкөлге дейінгі бес шақырымдық жолды жөндеу мәселесін қарастыру қажет, – деді облыс әкімдігінің кеңейтілген аппарат отырысында өңір басшысы Даниал Ахметов. – Керемет жер, құмды жағажай, сұлу табиғат қоршаған көлге апаратын жол өте нашар, сондықтан Туризм басқармасы Жолаушылар көлігі басқармасымен бірлесе отырып жоба дайындауы қажет. Облыс орталығынан бар-жоғы 85 шақырымдық жердегі көл Сібе көлдеріне бәсекелес бола алады, сол себепті Өскеменнен Тайынтыға дейінгі аралық орташа жөндеумен қамтылуы қажет.

Сондай-ақ, Тайынты көлінің жағасында ыңғайлы ғимараттың барын алға тартқан облыс әкімі Жұмыспен қамту басқармасына аталмыш ғимаратты алдағы уақытта қарттарды сауықтыру орталығына қайта жабдықтау мәселесін қарастыруды тапсырды.