Ұлан ауданының орталығында әйелдер күресінен облыс чемпионаты өтті

441
көрілім

Қасым Қайсенов кентінде Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы қарсаңында және Халықаралық Әйелдер күніне орай қыздар арасында күрестен облыс чемпионаты өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жарыста облыс өңірлерінен 10 команда сапындағы 60 палуан спортшы өз мүмкіндіктерін байқады. Еркін күрес турнирінде 2003-2005 жылы туған қыздар арасында ел чемпионатына іріктеу жасалса, 2007-2009  жылғы кіші жасөспірім қыздар өзара кім мықтыны анықтады.
Жарыстың салтанатты ашылуына Ұлан ауданы әкімінің  орынбасары  Лязиза Кенжетаева және ауданық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мейржан Альбеков қатысты.


- Көктемнің алғашқы мерекесінде бұрымдылар арасында өтетін бозкілем бәсекесінде палуан қыздарымыз күрес әлеміне батыл қадам жасап, жарқын жеңістерімен жерлестерін қуантады деген сенімдемін, - дейді аудан әкімінің орынбасары.

Сондай-ақ ұлы ақынның 175 жылдығы қарсанында Ұлан ауданы бойынша БЖСМ директоры Манарбек Буденов естелік ретінде хакім Абайдың бейнесін аудандық әкімшілікке табыстады. Өнер туындысын үлкен талғаммен жасаған, шебер,  спорт мектебінің еркін күрес жаттықтырушысы К. Е. Нуралин екенін айта кеткен орынды.

Сапалы белдесулер нәтижесінде төмендегідей ұландық спортшылар жүлдегер атанды:
1 орын - 65 кг. салмақ дәрежесінде Надежда Шанвали (Каменка ауылы, жаттықтырушы Рамазанов Н.К.);
2 орын - Бақытбек Айдана (46 келі), Шолпан Ынтымақ (73 келі) (Мамай батыр ауылы, жаттықтырушы Крыкпаев Е.Н);
3 орын - Диана Құнапина (57 келі), Диана Иманғазинова (73 келі) (Ұлан ауылы, жаттықтырушы Нуралин К.Е.), Евгения Шанвали (65 келі) (Каменка ауылы, жаттықтырушы Рамазанов Н.К иеленді.
Бір айта кетерлігі, жоғары нәтиже көрсеткен Шолпан Ынтымақ наурыз айының 19-21 күндері аралығында Талдықорған қаласында өтетін ел чемпионатына жолдама алды. Ал командалық есепте 5 алтын медаль иеленген жармалықтар көш бастады. Екі алтын жүлдені қанжығаларына байлаған Өскемен қаласы мен Үржар ауданының спортшылары екінші орын, бозкілем қожайындары үшінші орыннан көрінді.