Ұлан ауданының полицейлері ШҚО-ның үздік кезекші бөлімі атанды

941
көрілім
Фотосурет ШҚО ІІД баспасөз қызметінен алынды.
Облысымыздағы құқыққорғау саласында тер төккен полицейлердің үздік кезекші бөлімі анықталды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, Ұлан ауданы ІІБ-нің кезекші қызметкерлері қылмыстың басын ашуда басқа аймақтағы әріптестерінен асып түскен, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі ШҚО ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кез келген заңбұзушылықтарды ең бірінші болып дәл осы кезекші бөлім естиді. Ең ұсақ бұзақылықтар мен үлкен қылмыстардың әшкереленуі кезекші бөлім қызметкерлерінің жедел әрекет етуіне тікелей байланысты. Қазақстан полициясының құрылғанына 25 жыл толуына орай, ШҚО ІІД облысымыздың үздік кезекші бөлімін атады. Ол қағылған әрбір дабылға дереу аттанып, қылмысты ашуда шапшаңдық танытқан Ұлан ауданының кезекші бөлімі болды.

Үздік кезекші бөлімді анықтау барысында полиция қызметкерлеріне тұрғындар тарапынан түскен арыздардың бар-жоқтығын саралап, құқыққорғаушылардың заңды сақтауын, адамдармен мәдениетті сөйлесуін, атқарған қызметінің тиімділігін анықтадық. Әріптестерінен басып озған Ұлан ауданының кезекші бөліміне күніне орта есеппен 30 рет қоңырау шалынады. Өздерінің жедел жұмысының нәтижесінде, олар тонау, ұрлық пен бұзақылықтың 70%-ын дереу анықтаған, – дейді ШҚО ІІД баспасөз қызметі.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ