Ұлан ауданының тұрғындары спорт кешенінің қолданысқа берілмей жатқандығына наразы

10844
көрілім

Тұрғындар білдірген шағым – Таврия ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы былтыр бітуі тиіс болатын. Бірақ созылып кетті. Оған қоса, кей жұмысшылар жалақыларын уақтылы алмай, белгілі бір уақыт тегін жұмыс істеген. Бірақ жұмысқа жауаптылар барлығы дұрыс, кейінге қалса да қолданысқа беріледі деді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

«Жұмыс баяу»
Құрылыс басталды деп жарияланған ресми ақпараттар бастапқыда барлығын қуантты. Тек Таврияны емес, Бозанбай ауылын да қамтыды. Аудан әкімдігі ұсынған мәліметке сәйкес соңғы жылдары құрылысы аяқталған дене шынықтыру-сауықтыру кешендеріне Таврия, Айыртау және осы Бозанбай енді. Газет тілшісі жіберген сұраухаттың тек бірнешеуіне ғана жіберілді. Қалғаны облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының құзыретінде деді.
Аудан әкімі Ренат Құрмамбаев былтыр желтоқсан айының 12-і күні Таврияға барып, құрылыс қарқынымен танысты. Олқылықтардың бар екені осы кезде байқала бастады.
– Жұмысқа жауапты мердігер компанияның қадамы баяу, бірақ белгіленген уақытқа сай нысанды тапсырады деген сенім бар. Жұмыс қарқыны қанағаттандырмайды. Компания өкілдеріне жұмысшылар санын арттыру керек екенін қатаң ескерттім, – деген еді әкім.
Газет тілшісі жуырда Таврияға арнайы барып қайтты. Сырт қарағанда істің талайы тәмам болып көрінгенімен ішіндегі жағдай бұл ойымызды жоққа шығарады. Орта жасты еңсерген Ербол есімді ауыл тұрғыны нәпақа табайын деп кешен маңын желтоқсан айында жағалаған. Жанына тағы екі адам ертіп, далада бетон араластырып, ауыр-жеңіліне қарамай жұмысқа кірісті. Айтуларынша, азаматтар керек құрал-саймандарын үйлерінен әкелген.
– Содан бастық сымағымыз «аға, жұмыс аяқталды» деп қысқа сөйледі. Бітпеген тірлікке бір көз тастап, таң қалдым. Соған қарағанда ақшалары таусылған сияқты. Күніне бес мың теңге төлейтін. Тым құрығанда сегіз мың теңге сұрап едім, оны көпсінді. Сөйтіп үш адам аз-маз табысынан айырылды. Кейін тағы барып едім, «орын жоқ, болса шақырып аламын» деп шығарып салды. Негізі желтоқсан бітпей, кешенді қолданысқа береміз делінген еді, – деді тұрғын.

«Желтоқсаннан наурызға дейін шегерілді»
Сонда бұл жерде құрылыс кестесінен кешігумен қатар жалақы төлемеу мәселесі де жылт етті. Бірақ осы жұмысқа жауапты Ерасыл Нұрдембаев құрылыс материалдары тұрғысынан да, жұмысшы тапшылығы бойынша да еш қиындық байқалмағанын айтты. Оның сөзінше, жалақы алып отырғандар демалыссыз, кешкі сағат 18:00-ге дейін, ал ауқымды жұмыстағылар екі-үш сағат бөгелетін көрінеді.
– Былайша, 90 пайыз жұмыс аяқталып тұр. Суы тартылып, жылыту жағын бір жақты еттік. Электр қазандық та әзір. Екінші қабаты бітіп тұр. Бірінші қабаттағы сырлау мен әктеуді тәмамдасақ, әрі қарай көп қалмайды. Желтоқсан айында құрылыс наурыз айына дейін созылады делінді. Орташа алғанда 8-10 адам еңбектеніп жатыр. Көбі қаладан келеді, – деді құрылысқа жауапты маман.

Ерасыл Нұрдембаев


Осы аралықта жергілікті жұмысшылардың бір апта келіп, бір апта төбе көрсетпей кеткендіктерін айтты. Анығы сол, межелі уақытынан тағы үш ай кешіктірілген құрылыс аяқталған соң бірінші қабат бірыңғай жаттығуға арналмақ. Екінші қабатта күрес үйірмесі мен шағын футбол, баскетбол сынды командалық спорттың иісі аңқымақ.
Дегенмен тұрғындар «Құрылыс неге ұзаққа созылды?» деген сауалды жиі қойып келеді. Әкімдік берген ресми жауапта бұл туралы түк жазылмаған. Барлығын облыстық басқармаға сілтеді. Аудандық құрылыс, сәулет бөлімі және қала құрылысы бөлімінің басшысы Руслан Қисембиновтің сөзінше, қазірдің өзінде Ұлан жұртының 35,2 пайызы спортпен шұғылданады. Тавриядағы спорт кешені ашылса, бұл сандардың өзгеріп шығатыны сөзсіз. Дегенмен құрылыстың тәмамдалуы бір емес, үш айға кейінге шегерілгені кей адамның көңіліне түрлі күмән ұялатты. Айталық, Еркежан Ерназқызы бірнеше жыл бұрын қолға алынған құрылыста олқылық көп болғанын жеткізді. «Балаларымызды айтпағанда, өзіміз де келіп тұрушы едік» деді.
***
Таврия жұртының қорытынды сөзі: бөлінген қаражат спорт кешенінің сыртына жетіп, ішіне келгенде сиырқұйымшақтанған. Наурызда не болары келер күннің еншісінде.
Әділхан ЕСІМХАНОВ