Ұлан ауылында тақтайшалардағы жазу жуық арада өзгере ме?

1090
көрілім

Өткенде Ұлан ауданы Ұлан ауылының ауыл атауы жазылған тақтайшалардағы жазулардың екітүрлі екендігін жазған едік. Дегенмен, өткен санның беттері қатталып жатқанда аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрхат Садықов аталған мәселе бойынша тиісті жауабын жолдап, жағдайдың анық-қанығын ашып айтқан еді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Тиісті жұмыс жүргізілуде

Біреуден ілгері, біреуден кейін, тұрмысын тұралатпай ғұмыр кешіп жатқан Ұлан ауылында қазіргі уақытта 1170-тен астам тұрғын бар. Ауылға кіреберістегі аркада «ҰЛАН», тағы ілгері жүре бере жол белгісінде «с.Уланка» деп жазылып тұрғанына бірнеше жылдың жүзі болған. Ұландықтар тақтайшалардағы бірізділіктің сақталмауына үйренісіп, аудан басшылығындағылардың қандай да бір шара қолданатындықтары жайлы үміт қылын үзгендей еді. Алайда жағдайдың біржақты болжауды құп көрмейтіндігіне көзіміз жетті. Ойда-жоқта кеткен олқылықтың орнын толтыру үшін тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқан көрінеді.

– Ауыл атауы жазылған жол белгісі мен аркада бірізділіктің сақталмау себебі – мекенжай регистрі бойынша ауылдың атаулары екі тілде (қазақ және орыс тілдерінде) тіркелген. Сондықтан 2015 жылы ауылдық округ әкімдігі ауылдың атауы жазылған арканы қазақ тіліндегі нұсқасымен жазып орнатқан, – деді Нұрхат Садықұлы.

Қаржы бөлінуін күтуде

Демек, ағаттық әу баста кеткен. Регистрде ауыл атауы екі тілде жазылып, соның салдарынан күні бүгінге дейін ауылға кірген із «Уланкадан» басталып, шығаберісте «Ұлан» деп аяқталып тұр. Ал жол белгісі коммуналдық шаруашылық тарапынан осыдан екі жыл бұрын орыс тіліндегі нұсқасы бойынша жазылып орнатылған. Сол себепті де бірізділік сақталмаған көрінеді. Бөлім басшысының берген мәліметінше, жауапты тұлғалар жазуларды біркелкі ету үшін қаржы бөлінуін күтуде. Олай болғанда бірыңғай мемлекеттік тілде жазылған тақтайшадағы жазуды жуық арада көруіміз екіталай сияқты. Десе де келер күннен бір жаңалық күтетініміз хақ.

– Қазірде жол белгісін өзгертуге қаржы бөлу туралы мәселе көтеріліп, арнайы тапсырыс берілді. Қаржы бөлінген соң жол белгісі өзгертіліп, қазақ тіліндегі нұсқасымен жазылатын болады, – деген Нұрхат Садықұлы алдағы уақытта тиісті шаралар жүзеге асырылатынын алға тартты.

Берілген мәліметті ой таразысына салсақ, ауылдың құжаты саналатын жазуды өзгертуге тиісті қаржы тез арада бөлінсе, жаз айларының бірінде тақтайшалардағы бірізділікті көріп қалармыз деген ойдамыз.

Әділхан ЕСІМХАНОВ