Ұлттық парк ашылды

294
көрілім

Үкімет қаулысымен Шығыс Қазақстан облысындағы керемет табиғатымен танымал, Барқытбелдің баурайындағы елі шырайлы, жері шұрайлы, қазақтың құт қонған қасиетті өңірі Үржар ауданында «Тарбағатай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі ашылды, деп хабарлайды газет тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Бұл еліміздегі 13-ші ұлттық парк болып отыр. Парктің ауданы 143550,5 га, қорғау аймағы - 204 602 гектарды құрайды. Жалпы, Үржар ауданының жер бедері едәуір күрделі. Егер оның солтүстік жағын Тарбағатай жотасының батыс сілемдері Қарауылтөбе, Ақтас (1316м) және Ақшәулі (1618м) таулары алып жатса, оңтүстік жағын Тарбағатай жотасының оңтүстік ұсақ шоқылы беткейі мен Алакөл ойысының солтүстік бөлігі, ал оңтүстік-шығыс бөлігін Бармақ құмы мен Қосай шағылы, Көрпебай (568м), Бақты (1273м), Арқарлы және Арасан таулары алып жатыр. Осыған байланысты ауданның жер бедері солтүстік-шығыстан оңтүстік батысқа қарай едәуір еңіс келеді.

Жаңа ұлттық парк 6 түрлі кластерлік жер телімдерінен тұрады. Тарбағатай тауларының оңтүстік баурайы мен Үржар, Қатынсу, Еміл өзендерінің алқабын қамтып, соның ішінде Барқытбелдің Зайсан мен Тарбағатай ауданындағы бөліктері, Көкпекті ауданындағы Құлынжон қорықшасы парктің бақылауына өтті. Парктің ерекшелігі, онда өсімдіктердің өзге аумақта кездеспейтін Қызыл кітапқа енгізілген 35-тен астам түрі бар. Тарбағатай жотасы далалы және шөлді аймақта орналасқандықтан мұндағы өсімдіктер жамылғысы басқа таулы аймақтарға Солтүстік Тянь-Шань, Жоңғар Алатауы, Алтай тауларына қарағанда айтарлықтай ерекшеленеді.

Онда бүгінгі күнге дейін флораның 1640 түрі анықталған. Яғни, дәрілік өсімдіктердің кең таралған бірқатар түрлері: шырғанақ, мия, итмұрынның бірнеше түрлері, шүйгін сияқты басқа да өсімдік түрлері бар. Тарбағатай жотасында кездесетін кейбір дәрілік өсімдіктерге толығырақ сипаттама берілген. Сондай-ақ, жотада айтарлықтай кең таралған дәрілік өсімдіктер: Альберт раушаны, итшомырт, шырғанақ және орал миясының маңызы мен аса бағалы дәрілік қасиеттері жайлы деректер және де өсімдіктердің таралу ерекшеліктері мен химиялық құрамына, ғылыми медицина мен халықтық медицинада қандай ауруларға дәрілік мақсатта пайдаланылатыны жайлы толық мағлұматтар берілген.

Ұлттық парктің омыртқалы жануарлар фаунасы да бай. Алдын ала алынған деректер бойынша, олар 376 түрді қамтиды. Оның ішінде өлкедегі 19 балықтың түрі, қосмекенділердің екі түрі, бауырымен жорғалаушылардың 23 түрі, құстардың 272 түрі, сүтқоректілердің 60 түрі мемлекет қамқорлығына алынды. Оның ішінде парктің қорғауында мемлекет аумағында сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар Қазақстанның Қызыл кітабына енген жануарлардың 40 түрі, яғни бауырымен жорғалаушы 1, құстардың 33 түрі және сүтқоректілердің 6 түрі парктің қорғауында болмақ.

Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ