Ұлттық рух. Ұлағатты ұрпақ. Ұлы мемлекет.

287
көрілім

Әр заманның ұрпаққа қояр өз талабы, өз міндеті бар. Жаһандану заманында керуен көшінен қалмай, әлемнің дамыған елдерімен тереземізді теңестіру үшін Қазақстанның әр азаматы аянбай еңбек етіп, еліміздің дамуы жолында тың бастамаларды жүзеге асыруы тиіс.

Әрине, бірінші кезекте халықтың тұрмыстық, әлеуметтік жағдайы түзелмей халықтың санасы жаңғырып, рухани құндылықтарымызды ұлықтау оңайға түспейді. Сондықтан, халықтың әл-ауқаты күн тәртібіндегі мәселелердің бірі.

Ел Президенті Қ. Тоқаев 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына жолдауында бұл мәселені баса назарға алды. Елімізде азаматтардың күнкөріс деңгейін жақсарту мақсатында жүзеге асырылып жатқан жобалар да баршылық. Елдегі жұмыссыздық, халықтың баспана мәселесі, жалақыны көтеру, жастардың әлеуетін арттыруды ары қарай да үздіксіз жақсарту жолындамыз. Бұл тұрғыда ашықтық саясаты мен жемқорлықтың алдын алу басты назарда болуы тиіс. Себебі, бөлінген қаржының діттеген мақсатқа жетпей қалатын жайттары аз емес. Сондықтан, барлық мемлекеттік, жергілікті органдар мен билік тарапынан халыққа жүйелі есеп беріліп, бюджеттің жұмсалуы туралы ақпараттар қожетімді болуы керек деп санаймын.

Әлеуметтік тұрмыстан кейінгі маңызды дүние халықтың рухани дамуы. Рухы мықты елдің еңсесі әрқашан биік болады. Біз рухты ұрпақ тәрбилегенде ғана бәсекеге қабілеттігіміз артады. Бүгінгі күні өскелең ұрпақтың тарихымыздан, салт-дәстүр мен ұлттық құндылықтарымыздан ада өсіп келе жатқаны алаңдатады. Себебі жастардың патриоттығы мен елжандылығы олардың санасына қазақы тәрбие, қазақы құндылықтарымыз арқылы сіңуі керек. Бұл менің сайлауалды бағдарламамның басты негізі.

Қазақ қашан да ауылды құт-қазынасының, береке-бірлігінің ошағы санаған ғой. Ауыл елдің ырысы. Бірақ, бүгінгі күні ауылдың ырысы қашып бара жатқандай. Халық, әсіресе жастар қалаға үдере көшіп жатыр. Ауылдағы жұмыссыздық мәселесін, маман тапшылығын шешу маңызды міндет. Инфрақұрылымнан бөлек, қарапайым демалыс орындары, жастардың уақытын өткізуге арналған орталықтар, балаларға үйірмелер керек. Ауылдың тек экономикалық емес, рухани да жағдайы құлдырап тұр. Бұл мәселе мені қатты толғандырады. Сондықтан әуелі ауылға жастарды тарту мәселесіне баса назар аудару керек. Оларды баспанамен қамту, жоғары жалақы төлеу, баласын балабақшаға тегін орналастыру, кәсіп ашуына көмек көрсету сынды жұмыстар жүйелі жүргізілу керек деп ойлаймын. Ауыл ел экономикасының басты драйвері. Менің сайлауалды бағдарламамның алғашқы бөлімі де осы тақырыпқа арналады.

Медицина мен білімнің әлеуетін арттырудың маңызын пандемия көрсетіп отыр. Бізде қай салада болмасын ғылыми кеңестік аз. Қазіргі таңда отандық дәрі-дәрмек өндірісін арттыру, аталған сала мамандарының жағдайын көтеру, білім-ғылымда жастардың үлесін арттырып, бәсекеге қабілетті мамандар даярлауымыз керек. Бұл бағытта қарапайым балабақша қызметкері, санитарларымыздың әлеуетін жалақысын арттырудан бастауымыз қажет. Бізде білімді мамандар баршылық, бірақ шетел асып кетіп жатыр. Ғылымның көкжиегін кеңейткенде ғана әлем елдерімен бәсекеміз жарасады емес пе?!

Еліміз егемендік алғалы, руханиятымыздың кенжелеп қалғаны жасырын емес. Әрине, енді тәуелсіздігін алған жас мемлекет үшін экономикалық жағдайды түзеу міндеті тұрды. Енді міне, етек-жеңімізді жинап, әдебиетіміз бен мәдениетімізге, руханиятымыздың жағдайына үңілудеміз. Бұл тұста ақын-жазушы, журналистеріміздің қаламақы мәселесі, өнер адамдарының жалақысын көтеру, әлеуметтік мәселелерін шешу міндеттері тұр. Өзім руханияттың қазанында қайнап, жазушылар отбасында дүниеге келгеннен кейін олардың әлеуетінен де жақсы хабардармын.

Ұрпақ тәрбиесі. Әйелдің бүгінгі қоғамдағы рөлі. Мен осыған дейін де әйелдің болмысы, қазақ әйелінің келбеті мен ұрпақ тәрбиелеуге қатысты сұрақтарды көтеріп келемін. Әйел отбасының ғана емес, ұлттың ұйытқысы. Ананың жағдайы түзелмей, біздің демографиямыз алға баспайды. Бүгінгі таңда қаншама қыз-келіншектер тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болып отыр. Бұл тұрғыда заңды белшесінен басып жүргендер қаншама?! Әйелдің үнін естуіміз керек. Қыз-келіншектерді жұмыспен қамту, кәсіпке баулу, психологиялық көмек көрсету, ана мен бала денсаулығын түзеу негізгі мәселелердің бірі. Себебі, ертеңгі ұрпақтың ұлағатты болуы тікелей аналарымызға байланысты.

Менің Nur Otan партиясы өткізіп жатқан праймеризге қатысуымның себебі де осы түйінді мәселелердің шешіміне ат салысып, халық пен билік арасын жалғау. Себебі, қазір еліміз тың өзгеріске қадам басып жатыр. Билікке жаңашыл адамдар керек деп ойлаймын. Бұл ретте, мен өз бағымды сынап, мүмкіндігімді сәтімен пайдалануды жөн көрдім. Себебі бұл біздің ел, біздің жер, біздің халық. Ал ел игілігі жолында еңбек ету әр азаматтың Отан алдындағы борышы.

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Қарагөз СҮЛЕЙМЕНОВА