Ұлы ақынның Семей өлкетану музейіне тапсырған жәдігерлері жайлы не білеміз?

263
көрілім

Абай Құнанбайұлы 1885 жылы досы Нифонт Долгополов арқылы Семейдің өлкетану музейіне қазақ елінің өміріне қатысты алпыстан аса тұрмыстық зат тапсырған. Кемеңгер баба осылайша өз уақытында музейдің маңызын түсініп, болашақ ұрпаққа зор тәрбиелік мәні бар қазақ даласына бейтаныс жаңа бастамаға атсалысуды жөн көрген секілді. Көбі сақталмаса да, құнды жәдігерлердің біразын қарт Семейдегі абзал борышты Абай музейі бүгін де көздің қарашығындай сақтап отыр.

Абайдың шынайы екі фотосуреті ғана сақталған

Абай музейі директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Мейрамгүл Қайрамбаеваның сөзіне құлақ ассақ, 1940 жылдың сәуірінде Семейде Абай Құнанбайұлының музейін ашу туралы қаулы қабылданған. Жәдігерлерді жинау жұмысы да сол уақытта басталыпты. Абайдың немере інісі Әрхам Кәкітайұлы Ысқақов музейге қызметке алынып, Абайдың туыстарының, ұрпақтарының, замандастарының қолдарында сақталған ұлы ақынға қатысты заттарды жинайды. Заттай жәдігерлермен қатар Абайды көзі көрген адамдардың естеліктері, ақынның шығармалары қағазға түсіріліп, музей қорына қабылдау жұмыстары қолға алынған. Аз уақыттың ішінде музей экспозициясы жасақталып, 16 қазанда музей өзінің алғашқы көрермендерін қабылдай бастаған.

- Бұл Қазақстан жерінде ашылған алғашқы әдеби-мемориалдық музей еді. Ал бүгінгі таңда музейдің негізгі қорында 11 мыңнан аса экспонат бар. Солардың арасында екшеп алар құндылары – Абайға тікелей қатысты жәдігерлер. Атап айтқанда, Абайдың бейнесі бар екі фотосурет, П.Д.Лобановскийдің ақынның көзі тірісінде қарындашпен салынған портреті, Абайдың 1896 жылы ұлы Мағауияға жазған хаты, 1885 жылы Н.И.Долгополов арқылы Семейдегі өлкетану музейіне тапсырған заттар, Мәскеу, Ленинград, Омбы, Томск, Қазан қалаларының және Қазақстан мұрағаттарынан табылған Абайдың өмірі, атқарған қызметі, туыстық және өнер айналасына қатысты архив деректері, Абай оқыған медресенің араб, түрік, шағатай тілдеріндегі кітаптары, - дейді Мейрамгүл Қайрамбаева, өз сөзінде.

Абайдың бейнесі сақталып қалған екі фотосуреттің ғана бары белгілі. Атап айтқанда, 1896 жылы Ділдәдан туған тұңғыш ұлы Ақылбай, Әйгерімнен туған Тұрағұлмен түскен фотосурет музей қорына түскен алғашқы жәдігерлердің бірі. Семейде Н.Кузнецов атты фотограф түсірген бұл суретті Қайым Мұхамедханов 1940 жылы Мұхтар Әуезовтен алып калған екен.

Ал екінші фотосурет 1903 жылы киіз үйде түсірілген. Фотосуретте Абай, ұлдары Мағауия мен Тұрағұл, немерелері Пәкизат, Әубәкір, келіні Кәмәлия (Әубәкірдің әйелі) және әйелі Еркежан бейнеленген. Бұл фотосурет те музей қорына Мұхтар Әуезов арқылы 1959 жылы келіп түскен екен.

Мейрамгүл Қайрамбаева музей қорындағы бейнелеу өнер туындыларының ішіндегі өзінің көркемдігінен гөрі тарихи құндылығы басым жәдігерді де ерекше атап өтті. Айтуынша, ол – Абайдың көзі тірі кезінде салынған портреті. Портреттің авторы Семейге саяси қуғынға айдалған Павел Дмитриевич Лобановский. Дондағы Ростов қаласынан саяси сенімсіз ретінде Дала өлкесі генерал-губернаторының қарамағына айдауға жіберілген Лобановский 1884 жылдың тамыз айынан бастап Семейде тұрды. Ол Абаймен өзі сияқты саяси сенімсіздер арқылы танысып, араласқан.

- Лобановский кәсіби суретші болмаса да, жергілікті тұрғындардың бейнесін салып жүрген. 1887 жылы Оралда өткізілетін өндірістік сауда көрмесіне «Семей облысы қазақтарының типтері» атты портреттер топтамасын дайындағаны белгілі. Осы топтамада VІ санымен белгіленген сурет – Абайдың портреті. Уақыттан сарғайған қалың қағазға жай ғана қарындашпен салған портреттің маңызы өте зор, себебі ол Абайдың көзі тірі кезінде салынған бірден бір портрет, - дейді Абай мұражайы директорының орынбасары.

Жылдар бойы жиналған музейдің қолжазбалар қорында 800-ден аса дерек көзі сақтаулы. Қазақ үшін Абайға, оның заманына қатысты әрбір дерек өте қымбат. Соның ішінде Абайдың 1896 жылы ұлы Мағауияға жазған хатын ерекше атап өту қажет.

Мұсахан Балтақайұлы қолжазбаларының ішінен бұл хат 1997 жылы араб графикасынан қазіргі әріпке аударма жасау кезінде табылған. Мұсахан Балтақайұлы тобықты ішіндегі көкше руынан. Заманында Абай Көкше Бозанбай балаларына қамқорлық көрсетіп, үйлендіріп, үлкендеріне бес жаста әкеден жетім қалған Бозанбай шөбересі Балтақайды тапсырып ұмытпас жақсылық жасапты. Бозанбайдың төртінші ұрпағы Мұсахан Балтақайұлы 1929 жылы Қытайға өтіп, 1956 жылы атажұртқа қайтып оралған.

Хат жұқа ақ қағазға жазылған. Түпнұсқа. Жоғарғы шетінің оң жағы, орта тұсының сол жақ шеті және төменгі шетінің сол жағы ұзақ сақталуына байланысты жыртылып қалған. Десе де Абайдың өз қолымен жазылған хаттың түпнұсқасы жақсы сақтаулы.

Абай музейге өз қолымен не тапсырды?

Абай Құнанбайұлы Семей қаласында 1883 жылы ашылған өлкетану музейінің қорын экспонаттармен толықтыруға көмектескені белгілі. 1885 жылы Абайдың Семейдегі орыс достарының бірі Нифонт Долгополов жаз айларында Абайың ауылына барып, екі айдай уақыт болып қайтады. Қайтып келген соң ол Семейдегі өлкетану музейіне қазақтың тұрмыс-тіршілігіне қатысты алпысқа жуық тұрмыстық зат тапсырған.

- Бұл заттардың барлығы Абай ауылынан әкелінген еді. Ол туралы музейдің сол кездегі тіркеу журналына да жазылып, баспасөзге де жарияланған. Тізімді қарап отырсақ, заттарды арнайы қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінен жан-жақты хабар беретіндей, ғылыми тұрғыда жүйелі таңдалғаны көзге түседі. Олар үй-ішінің жабдықтары: асадал, кебеже, саба, сүйретпе, жезмойнақты торсық, піспек, табақ, шыныаяққап, әшекейлі құтылар, бесік, ұршық, тоғызқұмалақ, қару-жарақтардан: айбалта, найза, шоқпар, ұста саймандарынан: көрік, төс, қысқаш, музыка аспаптарынан: қобыз, сыбызғы, асатаяқ, домбыра. Қазақ ауылында сүттен даярланатын тағам түрлері, тіпті қайнатып жасайтын қара сабынға дейін бар. Бұлардың барлығы қазақ халқының этнографиялық болмыс-бейнесін көрсетуді мақсат етіп, жүйелі түрде жинақталған экспонаттар, - дейді Мейрамгүл Қайрамбаева.

Оның айтуынша, 1963 жылы «Ертіс» газетінің 8 қыркүйектегі санында Абай музейінің алғашқы директорларының бірі, абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедхановтың «Абайдың қосқан үлесі» атты мақаласы жарық көреді. Бұл мақалада ұлы ақынның 1885 жылы өлкетану музейіне экспонаттар тапсырғаны туралы жазылған еді. Ғалым арнайы Абай мен Долгополов тапсырған заттарды өлкетану музейінің экспозициясынан, қоймасынан музей қызметкерлерінің көмегімен іздестіріп, анықтау жұмыстарын жүргізген. Қайым Мұхамедханов Абай тапсырған заттардың 23-ін ғана тапқан екен. Олардың «...кейбіреуі жақсы сақталған, кейбіреуі күтімсіздіктен тозған» деп жазады Қайым Мұхамедханов. Осы ізденістің нәтижесінде 1964 жылы қыркүйек айында мәдениет министрлігінің арнайы бұйрығымен Абай тапсырған заттардың 17-і ақынның өз музейіне берілді. Қазіргі уақытта бұл экспонаттар Абай музейінің баға жетпес асылдары қатарында.

Кісе белбеу. Ұлы ақын тапсырған заттар туралы өлкетану музейінің ескі кіріс кітаптарында осы кісе белбеуді кім берген деген графада: «Дар Ибрагима Кунанбаева. Чингизская волость, Семипалатинского уезда» деп жазылған екен. Белбеудің ұзындығы 110 см, бір кісе, екі оқшантайы бар делінген.

Құрсауланған кесе. Сақталған кесенің сыртында: «Разломанная китайская чашка, починен по киргизскому способу. Этногр. отд. №79» деп жазылған. Демек музейге жәдігер жинаған Н. Долгополовқа осы жөндеу шеберлігі қызықты болған. Кесенің бір жақ шеті 4 үлкен, 1 кіші бөлшекке сынған екен. Осы сынған бөлшектер орын-орнына желімденіп қойылған.

Кесенің жоғарғы жиегін құрсаулаған металл пластинаны дөңгелей орнатқандағы жігі көрінбейді, тіпті қолға да білінбейді. Ал кесенің ернеуіне құрсау темір тұтасып кеткендей әсер аласыз, себебі ұста металды кесенің жиегіне соншалықты шебер жапсыра білген. Бір-бірімен қосылмастай екі дүниені біртұтас зат ете білген белгісіз ұстаның шеберлігіне қайран қалып таңданбасқа амал жоқ.

Асатаяқ. Асатаяқ – қазақ халқының ежелгі музыкалық аспабы. Асатаяқты ертеде абыздар мен бақсылар қолданған. Қазақстан музейлерінде сақталған асатаяқтардың ішіндегі көнесі деп музыка зерттеушілері Семейдің Абай мұражайындағы асатаяқты атайды. Асатаяқтың ұзындығы 128 см. Сабы жұмыр ағаштан жасалған. Аспаптың басы сопақша жапырақ пішінді, шеті ирек жасалған. Екі жақ беті де әшекейленген. Бетінде ағашқа арнайы сегіз ойық жасалып, оларға жез қаңылтырдан жасалған өрнекті, оюлы әшекейлер, тастар орнатылған.

Сыбызғы. Сыбызғы - қазақтың үрлемелі көне музыка аспабы. Қурайдан, ағаштан, кейде жезден де жасалады. Ойылған ағаштан жасалған аспаптың ұзындығы 64 см. Ортасы ойылған екі ағашты бір-біріне желімдеп, алдымен жіппен орап, оның сыртынан малдың ішегі киілген. Бір жақ басының диаметрі -1,7см, екінші жағы – 2,2см. Үрлейтін жағынан арасы 5 сантиметрден 3 ойығы бар.

Айбалта. Ұлы ақынымыз өлкетану музейіне тапсырған әр заттың қолданыста көп уақыт бойы болғаны бір қарағаннан-ақ көрінеді. Айбалта әшекейсіз, қара металдан жасалған, жүзі уақыт өте мүжіліп, сабы қолданыста көп болғандықтан ағашы жарыла бастаған. Айбалтаның ұзындығы – 98 см, жалманы – 7,2 см, жүзі бас жағынан мүжілген, шүйдесі – 10,9 см, жалманының ұңғысы жағынан өлшемі - 2,5 см. Сағағынан сынып кетпес үшін айбалта ұңғысының шүйде жағы ұзынырақ жасалған және екі жағынан да бекітпе темір орнатылған.

Шоқпар. Абай тапсырған шоқпар қайыңнан жасалған. Ұзындығы - 86 см. Шоқпардың басы сопақша келген. Өлшемі:12х7см. Сабының ұзындығы - 74 см, түбінен 6 см мөлшерде ағашта бүлдіргі өткізу үшін арнайы тесік жасалған, бірақ бүлдіргісі сақталмаған. Шоқпардың сағағы - 4,5 см, сабы түбіне қарай жіңішкерген.

Сондай-ақ музейде Абайдың өзі тапсырған ағаш құты, еттабақ, тері торсық, тұмар домбыра, қобыз, кебеже, шыныаяққап, сандықша, Абайдың ері, биік асадал, тоғызқұмалақ сақтаулы тұр.

Абай Құнанбайұлының өлкетану музейіне тапсырған жәдігерлерді Семей қаласындағы Бас экспозиция залдарынан және Жидебайдағы Абайдың мұражай-үйі экспозициясынан көруге болады. Музей қорында Абай оқыған имам Ахмет Риза медресесінің шатырынан табылған 250 дана кітап сақтаулы. Бұл кітаптар алуан түрлі тақырыптарды қамтиды. Діни кітаптармен бірге әлем тарихы, география, астрономия, математика, биология, анатомия, тіл-әдебиетке байланысты оқулықтар, шығыс ақын-жазушыларының шығармалар жинақтары да кездеседі.

Қор құрамында Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығының белгісіз болып келген талай беттерінің сырын ашуға көмектескен архив деректерін жеке бір қазына деп атауға болады. Мәскеу, Ленинград, Омбы, Томск, Қазан қалалары мен Қазақстан мұрағаттарынан табылған архивтік құжаттар ұлы ақын мен оның туыстық айналасы жайлы көптеген мағлұмат алуға көмектеседі.

Аян ӨРІБАЕВ