Ұлы ақынның толық адам туралы ілімі тәрбиенің нағыз қайнар көзі

372
көрілім

Кез келген дәуірде патшалар мен хандар қалай билеп-төстесе де ағартушылық – адамның рухани принципінің қозғаушы күші болып қала бермек. Ағартушылар – рухани білімнің кәусәрінен қанып іштірер жандар. Олар адам көкжиегін кеңейтіп, жан-жақты көзқарастар мен ой-пайымдарға жетелеп, білім мен дағдыларды үнемі жетілдіруге құштар етеді. Міне төл тарихымызда ойып тұрып орын алған хәкім Абай да қазақ халқы үшін дәл осындай рөл атқарған.

Ұлы ақынның толық адам туралы ілімі адам тәрбиесінің нағыз қайнар көзі. Тіпті ел мүддесін ту еткен азамат атанудың нағыз бағдарламасы іспеттес: адал, жемқорлықтан ада, ой-санасы таза және әр нәрсені талдап оңды шешім шығарар қабілеті бар... Бұл ілім өзін-өзі тануға және үнемі дамуға, ғылымды, білімді түсінуге ұмтылуға негізделген.

Дана Абай 32-ші қара сөзінде:

- Әуелі – білім-ғылым табылса, ондай-мұндай іске жаратар едім деп, дүниенің бір қызықты нәрсесіне керек болар еді деп іздемекке керек. Оның үшін білім-ғылымның өзіне ғана құмар, ынтық болып, бір ғана білмектіктің өзін дәулет білсең және әр білмегеніңді білген уақытта көңілде бір рахат хұзур хасил болады. Сол рахат білгеніңді берік ұстап, білмегеніңді тағы да сондай білсем екен деп үміттенген құмар, махаббат пайда болады. Сонда әрбір естігеніңді, көргеніңді көңілің жақсы ұғып, анық өз суретімен ішке жайғастырып алады, - деп жазған.

Абай Құнанбайұлы білімге деген құштарлығымен, жаңашылдыққа ұмтылып, бәрінің түп-тамыры – отбасы екендігін түсінді. Себебі жанұяда адамның мінез-құлқы мен дүниетанымы қалыптасады. Абай өз сөздерін көбіне жастарға қарата айтқан.

«Сегіз аяқ» өлеңінде жастарды пайдалы дүние үйренуге, әдепсіз және кекшіл болмауға, еріншектікті жеңуге, аянбай еңбек етуге үндеп, ғылымға деген немқұрайлылық пен үстірт көзқарастан аулақ болу керектігін айтады.

Абай Құнанбайұлы оқулық жазбаған. Артында педагогикалық еңбектер қалдырмады, десе де ойшылдың бірде-бір шығармасын білмейтін адамды елестету мүмкін емес. Өлеңдері - лирика мен сатира үлгілері. Егер ол табиғат туралы жазса, онда өзінің туған даласына деген махаббатын кестелеп, егер қоғамның кемшіліктері туралы қалам тербесе, ақиқатты ашық жеткізеді. Оның ауыздан-ауызға тараған шығармалары көптің көкейінде ерекше орын алған. Ал «Қара сөздері» - бұл даналықтың энциклопедиясы, моральдық-рухани тәрбие жайлы кеңестер.

Әрине, Абай Құнанбайұлы саяси процестерден тыс қала алмады. Халықтың басына күн туған қиын-қыстау заманда ол нағыз ағартушылардың бірі болды, елін поэтикалық тілді түсінуге, біртұтастыққа, білімге және бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.

- Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің?, - дейді Абай өзінің он бесінші қара сөзінде. Әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтпаған, ә? Себебі әр адамның міндеті – басқаларға қолұшын созу, мейірім таныту және көмектесуге дайын болу. Абай өз халқының есінде дәл осындай болып қалады.

Білім мен ғылымға көп көңіл бөлінетін тәуелсіз ел құру ойы – Абайдың шығармаларынан көрініс берген.

- Есер кісі орнын таппай, не болса сол бір баянсыз, бағасыз нәрсеге қызығып, құмар болып, өмірінің қызықты, қымбатты шағын итқорлықпен өткізіп алады екен дағы, күнінде өкінгені пайда болмай-ды екен. Жастықта бұл қызықтан соң және бір қызық тауып алатын кісімсіп, жастығы тозбастай, буыны босамастай көріп жүріп, бірер қызықты қуғанда-ақ мойны қатып, буыны құрып, екінші талапқа қайрат қылуға жарамай қалады екен, - деп жазады хәкім.

Абай шығармашылығы күні бүгінге дейін Қазақстан саясаткерлері арасында жоғары бағаға ие. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында ұлы ақынның өлеңдері мен сөздерінде ұлт, бейбітшілік, өмір, дүниетаным, мінез, жан, дін, діл, тіл мен рух туралы айтылғаны және бұның барлығы – Абай әлемі екендігі жайлы сөз етті. Қазақ әдебиеті дамуының бір сатысы ғана емес, біздің замандастарымыз бен олардың ұрпақтарының әлі ұзақ уақыт зерттеп-зерделейтін тылсым әлемі.

Бүгінгі жаһандану дәуірінде тіл білу қажеттілігі жиі айтылып келеді. Ал Абай Құнанбайұлы сол кезде-ақ осы жайлы айтқан. Орыс тілін жетік меңгерген ол өзінің отандастарын орыс әдебиетінің Пушкин, Лермонтов, Крылов сынды ақындарымен, неміс әдебиетінің классиктерімен және басқа да шығармалармен таныстырды.

Абай өзінің ұстаздары ретінде Шығыстың ұлы ақындары - Навои, Физули, Фирдоуси, Хафиза, Сагди-ді айтады. Сонымен қатар ол батыс еуропалық ойшылдардың - Спенсердің, Миллдің, Дарвиннің, Драпердің еңбектерін оқыған. Абай халықтардың мәдени байланыста болу қажеттігін айтты. Ол қазақ ауылдарымен кавказ, өзбек және татар халықтары арасында достық қарым-қатынас орнатқан. Абай өз бетінше араб, парсы және түркі тілдерін меңгереді. Ол шығыс немесе батыс ілімі деп бөліп-жармай барлық білімді бойына сіңірді.

 Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген өсиеті ақынның Қазақстан тарихындағы рөлін, оның мұралары мен ұрпақ жадындағы орнын айқындайды. Шығармалары тұрғанда Абай мәңгі жасайды. Оның жазған дүниелері әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Қазақ елі барда Абай есімі асқақтай береді!