Үржар ауданында ер адам бауырын қадамен ұрып өлтірген

617
көрілім

Үржар ауданы Бақты ауылында ішімдікке масайып алып үйіне келген бауырын көрген ер адам оны кіргізбей қояды. Алайда оның кеткісі жоқ. Сол кезде ашуына мінген үржарлық інісін сабай жөнелген. Бұл аздай қолына қада алып жәбірленушінің бас тұсынан ұрғылай береді. Оқиғаның жай-жапсары аудандық сотта қаралған қылмыстық істің материалдарында баяндалған, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.

Нұрасыл Қалибеков (аты-жөндері толықтай өзгертілген) кешкі сағат 17.00-дер шамасында Иманов көшесіндегі үйінде әйелімен отырған-ды. Бір уақытта оларға қора жақтан біреудің дауысы естілген. Сыртқа атып шықса тентек суға тойып алған бауыры Мырзахмет екен. Үсті-басы шаң-шаң інісіне ол «душқа түсіп бірақ кел» деп үйге кіргізбей қояды. Ал Мырзахмет болса, ағасының айтқанын тыңдамай, үйге қарай беттеген. Сол кезде ашуы алқымына келген Нұрасыл оның іш тұсынан бір теуіп құлатады. Жерде жатқан інісін тепкілей жөнелген еркек «тағы арақ ішесің бе?» дейді ақырып. Ал бауыры бұған «ішемін» деп жауап берген. Одан сайын зығырданы қайнаған үржарлық қора жақтағы қоршаудың қасында жатқан қаданы алып бас тұсынан 4-5 рет аяусыз ұрған. Нұрасыл соғуын тоқтатқан соң, орнынан әрез көтерілген Мырзахмет мең-зең күйде, жер үйдің ауласынан шығып кетеді. Сол маңайдағы дүкенге дейін тәлтіректеп жетеді де, сәл тыныстап әрі қарай мөлшері 50 метрдей жүрген соң бір талдың түбіне құлап түседі. Сөйтіп ауыр дәрежедегі дене жарақатын алған жәбірленуші сол жерде жантәсілім етеді.

Осыған байланысты сот ісі Үржар аудандық сотында қаралған. Сот барысында өз кінәсін ішінара мойындаған айыпталушы:

– Мен қадамен оның бас тұсынан ұрған емеспін. Ішімдікке масайып үйге кірмекші болған бауырымды тізеден жоғары екі рет соққаным рас. Сол кезде ол маған «кешке келемін, үйді босатып қойыңдар» дегенді айтты да кетіп қалды. Ал бірнеше сағаттан соң дүкен сатушысы Мырзахметтің талдың түбінде жатқанын жеткізді. Дереу жетіп барсам, еш қимылсыз жатқан інімнің қасында бір танысы отыр. Оны көлікке салып, ауруханаға апарғанымда дәрігерлер қаза болғанын айтты, – деп жауап берді.

Алайда сот оның бұл сөздері қылмыстық жауаптылықтан жалтару мақсатында айтылды деп тапты. Сот үкімі бойынша Нұрасыл Қалибеков Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 106-бабы 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, 8 жыл мерзімге түрмеге қамалды. Сотталушы өз жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтеуде. Үкім толықтай заңды күшіне енген.

Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ