Үржар ауданының тұрғыны бір үйір жылқысын жоғалтты

624
көрілім

Үржар ауданының тәртіп сақшылары иесімен бірге 9 күн жоғалған жылқыларды іздескен, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Мақаншы полиция бөліміне қоңырау шалған 55 жастағы аудан тұрғыны белгісіз біреулердің 14 бас жылқысын ауыл маңында жайылып жүрген жерінен ұрлап кеткенін айтқан. Шығын көлемі 4,5 млн.теңгеге бағаланды.
Жедел-тергеу тобы қылмыс болған жерді тексеріп, айғақ таба алмаған. Жоспар бойынша екі бекет қойылып, төрт арнайы топ іздеу жұмыстарымен айналысты. Нәтижесінде ауылдан 40 шақырым жерде жылқылар табылып, іздеу операциясы тоқтаған.
Полиция қызметкерлерінің айтуынша, осыған ұқсас көп жағдайда мал иелері өздері де жауапсыздық танытады. Төрт түлігін еркін жайылымға жіберіп, қараусыз қалдырады.
– Тұрғындардың өздері кейде мәселенің мән-жайына бара бермейді. Бірден тәртіп сақшыларына хабарлап, іс қозғауларын сұрайды. Ал осындай мал иелерінің өз салғырттығынан шынайы көмек қажет тұрғындарға көмектесе алмай, 2-3 күн уақытымызды жоғалтып аламыз, – дейді полиция қызметкерлері.