Үржарда Әлем чемпионатының төрт дүркін жүлдегеріне құрмет көрсетілді

1121
көрілім

Бүгін Үржар ауданында грек-рим күресінен Әлем чемпионатының төрт дүркін жүлдегері Алмат Кебіспаевқа құрмет көрсетілді, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Осы күні Нұр-Сұлтан қаласының атынан күресіп жүрген жерлесіміздің Олимпиада ойындарынан басқа алмаған жүлдесі жоқ. Әрине, Әлем чемпионатының алтынын да назардан шығармаймыз. Десе де барған сайыстарының әрбірінде жүлдесіз қайтпаған үржарлық сақа спортшы талай күрессүйер қауымның есінде жүргені сөзсіз. Естеріңізде болса, 2011 жылы Түркияның Стамбул шаһарында өткен әлемдік аламанның ақтық сынында ирандық Омид Норузиге есе жіберіп, тұғырдың ең биігіне көтеріле алмаған еді. Одан бөлек, Мәскеу, Лас-Вегас қалаларында өткен дүбірлі додаларда қола медаль алып, ел мерейін асырған-ды. Ал күні кеше елордада өткен кезекті Әлем чемпионатында жерлесіміз жетіспей тұрған жүлдесін аламын деп желпініп-ақ шыққан. Амал нешік, Күншығыс елінің өкілі Шинобу Отадан өте алмай, тек кіші финалда белдесуге мүмкіндік алды. Әрине, үздік үштікке ілігемін деген асқақ мақсатына Қырғызстанның мақтанышы Тынар Шаршенбеков еш кедергі бола алмады.

Әлемдік додаларда төрт мәрте тұғырға көтерілген шығысқазақстандық спортшы туған жері Үржар ауданына келіп жерлестерімен жолықты. Жетістігі бір басына жететін тәжірибелі палуан мен бапкері Боранбек Қоңыратовқа деген құрмет ерекше еді. Аудан әкімдігі Алмат Қабдрашұлына сый-сыяпат, құттықтауларын жеткізіп, әлі де болса жүлде күтетіндіктерін жасырмады. Өз кезегінде танымал спортшы сенім білдіріп, тақым қысып отырған жерлестеріне, аудан басшылығына алғысын жеткізді.

Әділхан ЕСІМХАНОВ