Үржарлық Гүлназ Қасенованың жүннен тоқылған тауарларына сұраныс көп

308
көрілім

Шығыстың күн райы расымен де құбылмалы. Әсіресе кәрі құдаң қыс келсе шыңылтыр аяз өңменіңнен өтіп, үскірігі тұрғындарды дірдек қақтырады. Қатал климатқа шыдас беру үшін киген киімің мен аязға деген әзірлігіңнің келісіп тұрғаны ләзім. Жүннен тоқылатын өнімдердің түр-түрін сатылымға шығарып жүрген Гүлназ Қасенованың киімдері суыққа тойтарыс беріп, жұртшылық тарапынан әжептәуір сұранысқа ие болуда. «Еңбек ептілікті сүйеді» деген қағиданы берік ұстанған жан Моңғолиядан брендтік өнімдер әкеліп, халыққа қолжетімді бағамен ұсынуда. Бастама ретінде қолға алған істерін алдағы уақытта өздері арнайы станок арқылы тіге отырып, өрбітуге ниетті. Осы орайда Үржар ауданы Мақаншы ауылынан шыққан іскер әйелмен жолығып, қолға алған кәсібі жайлы толығырақ сұрастырып көрген едік.

Сатылымда – табиғи таза өнімдер

Істің төркініне үңілсек, осыдан бірер жыл бұрын облыс орталығындағы Кәсіпкерлер палатасына жеке кәсібі туралы бағыт алып, білімін толықтыруға келген моңғолиялық азамат алға қойған жоспарымен бөліскен. Гүлназ Жәкенқызының жұбайы мұндай еңбектің өнбегі мол екендігін байқап, дайын өнімді сонау Моңғолиядан алдырып, сатылымға шығара бастайды. Шаһар тұрғындары біршама қалың киімдерді алып киіп көрген еді, таң-тамаша болып сұранысты да арттыра түскен. Жалпы, Гүлназ Қасенованың мамандығы – медицина қызметкері, алайда қазір декреттік демалыста. Қолы бос кезде табыс табуды құп көргенімен дәл осылай дайын өнімдерді сатуға бастапқыда қысылғаны рас. Дегенмен жұбайы Қайрат Болатбекұлы бұл істің жолы ашық екендігін айта отырып, кәсіптің бір шетін ұстауға қолқа салды. Сөйтіп, «Тәуекел түбі – желқайық» дегенді жадына түйген Гүлназ Қасенова аталған жұмысты қолға алғанына екі жылдан асты.

– Жоғарыда айтқанымыздай, сатылымға шығарған тауарларымыз – түйе мен қодастың жүнінен тоқылатын табиғи таза өнімдер. Еліміз бойынша түйе жүні өте аз, ал қодас республикамызда мекен етпейді. Моңғолияда бұл жағына біршама көңіл бөлінген әрі жіпті де өздері иіреді. Өскеменде киімнің бағасын анағұрлым қымбаттатып сатады. Ал мұндай бағаны екінің бірінің қалтасы көтере бермейді, – дейді Гүлназ Қасенова.

Өзіндік бағытын тауып келе жатқан кәсіптің бір ерекшілігі – бас киім, қолғап, шұлық, жейде сынды киім-кешектің бағасы да сапалылығына сәйкес қолжетімді. Айталық, биялай – 2000-2500, шұлық – 1000, тізеқап – 2000, жейде – 5000-нан 15000-ға дейін, іш киімдер – 7000 теңгеден. Бұл сатылымдағы өнімдердің тек бір бөлігі. Маңыздысы сол, бірнеше сауда нүктелерінде табиғи таза өнімдерді ізін суытпай алып қоятын көрінеді. Себебі әр киімге өз бағасынан сәл ғана асырып қосады. Тағы бір ерекшілігі, бұл киімдер адамның қай жеріне суық тисе, соған қамтылған. Ал баға жағынан сауалдар туындаса кейбірі әлеуметтік желідегі ресми парақшаларға үңіле отырып, көз жеткізуде. Әзірге табиғи өнімдер келісімшарт негізінде Моңғолияның екі компаниясынан жеткізілуде.

Мақсатын ақиқатқа айналдыруға асық

Гүлназ Жәкенқызының басты мақсаты – арнайы станок алдырып, сатып алынған дайын жіптен аталған табиғи өнімдерді тоқитын шағын цех ашу. Әзірге бұл уақыт еншісінде. Десе де бастаған істің көрінісі түбінде ойға алған мақсатын жүзеге асырылған жұмысқа айналдыруға келе жатқандығы сөзсіз. Қазір жұрт жиі тұтынатын синтетика, синтепон сынды материалдардың жазда ыстық, күзге қарай суық тартатыны рас. Гүлназ Қасенованың айтуынша, әкелінген киімдер аязды күндері жылуды жақсы сақтап, жағымсыз иіс қалдырмайды.

– Емдік қасиеті де бар. Қазіргі ауа сапасының нашарлауынан көп адамның буыны сырқырап, тізелері қақсайды. Арнайы жақпамайларды қолданған соң ыңғайына қарай киім кисе едәуір сеп. Әсіресе түйе жүнінің пайдасы орасан, – дейді сатушы әйел.

Үш баланың анасы 2017 жылы мемлекеттік грант иеленіп, содан бері мақсатына қарай нық сеніммен есіп келеді. Қазіргі қамтып отырған нүктелері – облыс орталығындағы «Океан», «ЦУМ» сауда үйлері. Кәсіпкерлер жанұясы әкімдік тарапынан қолдау көріп отырғандықтарын жеткізді. Жолдасы Қайрат алдағы уақытта жер телімін алып, дүкен құрылысын салуды көздеп отыр. Осыдан барып олар «Гүлназым» жеке кәсібінің шығарар өнімі көбейіп, өңірдің бірқатар аудандарына тарайтындығынан үмітті.

Әділхан БОЛАТХАНҰЛЫ