Үржарлық палуан үздік ондықта

218
көрілім
Фотосурет olympic.kz сайтынан

Біріккен Араб Әмірлігінде өткен дзюдодан әлемдік «Grand Slam» бәсекесін татами шеберлері бір алтын медальмен аяқтады. Алайда аталмыш аламанда Үржар ауданының тумасы жүлдегер атанбаса да, әлемдік рейтингідегі орнын сақтап қалды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Әлемнің вице-чемпионы Ерлан Серікжанов Абу-Даби татамиінде 66 келіде сынға түсті. Бапкерлік құрам бұл жолы Ұлттық құрама сапындағы тәжірибесі толысқан саңлақтарды іріктеп апарған еді, жүлдеге біреуі ғана ілінді. Араға жыл салып, қайта келген Ғұсман Қырғызбаев 60 келіде расымен да өзгелерден бір бас жоғары тұрды, Ал жерлесіміз Ерлан Серікжанов ширек финалға дейін аптықпай жетті. Жартылай финал жолдамасын сарапқа салған кездесуде әзірбайжандық Орхан Сафаровпен жолықты. Бұл жерде қателікті кешірмейтін сыралғы қарсылас ұрымтал сәтті күтіп жүріп, уақыт соңына қарай айқын жеңіске жетті. Жұбаныш белдесуінде бағын сынаған Серікжанов испан спортшысына жол берді. Маңыздысы сол, жерлесіміз жүлдесіз қалса да әлемдік рейтингіде тоғызыншы орынға тұрақтады. Қазір оның қоржынында – 3456 ұпай.

Әділхан ЕСІМХАНОВ