«Үздік орта білім беру ұйымы-2022» байқауында озып шыққан Көкжыра ауылының мектебіне жарты ғасырдан асты

1973
көрілім

Шағын мектеп. Іргесі қаланғалы әмбебап оқушыларды даярлай бастаған білім ордасында қазір оқушылар саны сиреген. Буын алмасып, басшылық өзгерсе де әу баста қалыптасқан білім жүйесі әлі үзілмеген. Самар ауданына қарасты Көкжыра ауылындағы Амангелді орта мектебі жуырда облыс әкімінің грантын иеленіп, тарихтың жаңа парағын жазып бастағандай. Облыстың озық мектебі атанбас бұрын, іргесі қаланып, алғашқы лектің түлеп ұшқаны өзінше бір өзгешелік. Ал өңір басшылығы жылда ұйымдастыратын «Үздік орта білім беру ұйымы-2022» байқауына әзірлік жылдарға созылған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Шағын мектеп пен Шәмси Оразбаев

Амангелді орта мектебі дегенде Шәмси Оразбаевты айта кетпеске болмас. Ауылдастарының көп дүниені көзбен емес, көкірекпен көрулеріне себепші болып, мектептің ашылуына мұрындық болған жан. Тұңғыш директор, тәртіптен асып, бейсауат жүрген оқушының талайы көрген бойда сілтідей тынатын. Алғашында мектеп табалдырығын аттаған 50 оқушы екі бөлмелі үйде, үш сыныптық білім алды. Самар дүркіреген аудан болып тұрғанда еңбекші депутаттар кеңесі атқару комитетінің шешімімен 1967 жылдың қыркүйегінде 320 орынға арналған мектеп құрылыс басталды. Арада төрт жыл өткенде қолданысқа беріліп, парталары қаз-қатар тізілген сыныптарға пышырай кірген 310 оқушы кемел білім жолына түскен. Бұл кезде мектеп онжылдық. Тек 1990-шы жылы ғана 11 жылдыққа ауысты. Әр онжылдық арасында мектеп директорлары ауысып, білім мен спортты қатар алып жүрген дарынды оқушылар ауданнан бастап, облыстық сайыстарда оза шапты. Соңғы жетістіктерге қысқаша тоқталсақ, еркін күрестен Шыңғыс Мұхаметқалиев Азия чемпионатының қола жүлдесін иеленсе, Баян Қасымованың 800 оқушының арасынан суырылып, үздіктермен бір топта IQanat High School of Burabay мектебіне түскені көкжыралықтардың көңіліндегі шын қуаныш.


1971 жылы 10 жылдық мектеп есігін айқара ашты десек, бүгінде жарты ғасырдан асатын тарихы бар. Биыл облыс көлеміндегі бірегей білім бәсекесіне түсіп, материалдық-техникалық база бойынша да, білім мен спортта да, ұстаздардың біліктіліктерін арттырулары һәм «Алтын белгі» иегерлері сынды талаптар ескеріліп, тамыз айында байқау нәтижесі шыққан.
– Соңғы бес жылда жеткен жетістігімізді жүйелеп, жан-жақты түгендедік, – деді мектеп директоры Гаухар Бибосинова. – Басқа білім беру ұйымдарымен байланысы, мектептің абаттандырылуы да ескерілді. Заң жүзінде 13 талап болса, біз дайындаған құжат барлығына сәйкесті. Былтыр қатысуға оқталдық, бірақ кей құжаттарды рәсімдеп үлгермейтін болдық. Десе де ағыспен баяу жылжып, түбі бір нәтижеге келе жатқанымыз рас еді.

Амангелді орта мектебінің ұжымы

Ауласының өзі айрықша абаттандырылған
Спорттық жетістіктер делінді, оқушы саны 100-ге жетер-жетпес мектепте бұл жағынан ешқашан қиындықтар болмаған. Қызығы сол, бір жеткіншек бүгін волейбол ойнаса, ертеңінде пәндік олимпиададан жүлде алып келе жататын. Әмбебап оқушы деген мысал осыған қарата айтылған еді. Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Мұхит Токов қол күреске арналған үстел жасап қойған, көңілі соққан кез-келген оқушыны жаңа қырынан ашуға әзір.

Мектеп түлектері заманауи шаңғылар, волейбол формаларын сыйға тартып, қазірде оқушылар мектеп намысын құлшына қорғап келеді. Қыздар жағы жеңіл атлетика мен волейболды жетеріне жеткізетін. Ағайынды Қайрат Барбосынов пен Талғат Қабдрахманов та дене шынықтыруда өзгеше әдістер қолданудан жалыққан емес.

Тағы бір талап, яғни мектеп ауласының абаттандырылуы хақында айтсақ, күрең күз келсе де әлі шашау шықпаған. Мұғалімдердің айтуынша, осыған жауапты нәзік жандылар күн көкжиектен көтерілмей тұрып қызметіне кіріседі.
«Үздік орта білім беру ұйымы» байқауында осыдан бірнеше жыл бұрын Самар ауылындағы Ж.Болғанбаев атындағы орта мектеп оза шапқан еді. Бірақ ол лицей. Материалдық-техникалық базасы да барлық жағынан басым. Облыстағы осындай небір алпауыт мектептер арасында бабы мен бағы қатар шабуы үш жылға созылған тыңғылықты әзірліктің жемісі дейді. Гаухар Төлеуғалиқызының сөзінше, бұған бір жыл ішінде дайындалып біту мүмкін емес. Ол кезде Самар ауылы Көкпекті ауданына қараған.
– Қандай жетістік болмасын ұжымның еңбегімен өлшенеді ғой. Әдістемелік және тәрбие жұмысының бір жүйеге қойылған нәтижесі деп білуге болады. Ұстаздарымыздың арасында зерттеуші де, сарапшы да бар. Оқу-тәрбие ісі жөніндегі және тәрбие ісі жөніндегі орынбасарым Гүлжанат Жакашева мен Назгүл Желдібаева  белсене атсалысып, сәуір айының соңында құжаттарды жібердік. Негізі қатысып жатқанымызды жар салып, жария етпедік. Оның бір себебі, ертең жүлдесіз қалсақ, мектеп ұжымының алдында ұят қой. Ол кезде Самар ауылы Көкпекті ауданына қараған. Бір шешімге келген соң аудандық білім бөліміне хабарласып, «Өзімізге сенімдіміз, осы байқауға қатысуға бекіндік» деп материалдарымызды ұсындық, – деді мектеп басшысы.


Директор демеушілер хақында
Әр ауданның ең үздік мектептері бақ сынаған байқау қорытындысы да дайын болып қалды. Облыстық тамыз конференциясы кезінде Амангелді орта мектебі деп аталғанда, мектеп басшылығының әсерін айтып жеткізу мүмкін емес. Гаухар Төлеуғалиқызының сөзінше, көрсеткен нәтиже екінші орын. Бірінші орын риддерлік мекеменің қанжығасына кетіпті, 20 миллион теңгеге ие болды. Сосын көкжыралық білім ордасы (16 миллион теңге), ал үздік үштікті Глубокое ауданының мектебі (12 миллион теңге) қорытындылады. Терең ойдың тонын жамылып, талай мектеп ұжымы таңданыс білдірді. Десе де аудандық білім бөлімінің басшылығы «Шынтуайтында, осы мектептің олжа салатынын сезген едік» деп құттықтаған. Сан ба, сапа ма деген сауал осы сәтте қойылатын шығар. Мектеп директорының айтуынша, қазір Амангелді орта мектебінде 99 оқушы білім алуда. Соңғы бес жылды алсақ, алты «Алтын белгі» иегері шықты. Мектеп тарихының көрпесін ашып, шаңын көтерсек, мұндай оқушылар 10-20 жыл бұрын да білімнің биігіне көтеріле түскен. Жалпы, мектеп түлектерін лицей-гимназиялардан, облыстық, республикалық жоғары оқу орындарынан, АҚШ, Қытай, Ресей университеттерінен көруге болады.
Жоғарыда буын алмасты деп жазған едік, қазірдің өзінде еңбек өтілі 30 жылдан асатын төрт ұстаз бар. Бастауыш, даярлық сынып мұғалімдері Гүлфайра Ибраева, Роза Қажығалиева, Айгүл Ошаева және Ардақ Бейсетаева талай оқушыны қанаттандырып, әлеуеттерін әуелетті. Орта буынға ойлы болып ойысқан оқушылар біртіндеп әдебиет әлеміне сүңгиді. Қазақтың классик жазушыларынан бастап, әлем, орыс әдебиетімен әрбірі сусындап келеді. Бұған Оразбаевтар әулеті ұйытқы болды. Бұрын-соңды болмаған жайт, бірнеше атаулы кабинет ашылып, IT бағытына бет бұрғандар қарасы байқалады.


– Білім дегенде бейжай қалмайтын демеушілерсіз көп дүние өнбес еді, – деген директор әр жылы қолдап келе жатқан атымтай азаматтарға тоқталды. – Досан Қасымханұлы, Мұрат Мейірбаев, мектеп түлектері, одан бөлек, Асқар Қажығалиев пен Тұрсынғазы Мәжібаев қолдаумен қатар, көмектерін аямайды. Қарапайым дабыл кнопкасынан бастап, перде-тақталарды ауыстыру, Жаңа жылда кулек дайындау, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға киімдер үлестіру және басқалары. Фаузия Шәмсиқызының Алматыдан жіберген кітаптары да оқушыларға талай жылға азық.
Қаржы қайда жұмсалады?
Көптің көкейінде қылаң беретін сауал: «Мектеп басшылығы ұтқан 16 миллион теңгені қайда жұмсайды?». Алдымен материалдық-техникалық базаны жақсарту мақсатында жоба дайындап, оны қорғайды. Бұл тұрғыда шеберхана өзгерісті қажет етеді.
Кабинет жетіспейді, дәліздерді бөлу қажет. Интерактивті тақталарды жаңартпақпыз, – деді директор. – Оқушымыз Жансұлу Жексенбаева I-Qanat қоры ұйымдастырған олимпиадада 3000 метрге жүгіруде топ жарып, Fab lab зертханасын ұтқан. Сондағы роботтар кей байқауларға қатысуға келмейді, бізге EV3 нұсқасы қолайлы. Ноутбуктер мен 3D принтер сатып алып, асхана мен кітапхананы жаңарту керек.

Гаухар Бибосинова


Қысқасы, ұтқан қаржы толықтай мектеп игілігіне жұмсалмақ. Алғашқы әскери дайындық пәні кабинетіне мылтықтар алу жоспарда бар. Гаухар Төлеуғалиқызы мектептің ішкі әрлеуі өзгеріске сұранып тұрғанын айтты. Кіргенде көңілге қуаныш сыйлайтын сергіту бұрыштары, жаңаша стендтер ілу, балалар бос уақытын өткізетін орындар әзірлеу керек. Дизайнерлік тұрғыдағы өзгеріс.
– Бірізді кейіптен оқушылар тұрмақ, ұстаздар да мезі болған. Қабырғаларға әбден сіңіскен көк бояу. Егер қолға алынса, үлгісі зияткерлік мектептердікіне ұқсас етіп жасалады. Бұйырған қаражат осының барлығына жете қоймас, жеткенше жүзеге асырамыз, – деді мектеп басшысы.
***
Аталған білім ошағында оннан астам директор ауысыпты. Тұңғышы Шәмси Оразбайұлы болса, бүгінде Гаухар Төлеуғалиқызы тізгінді ұстап келеді. Биыл тоғызыншы жыл. Осыншама мерзім ұжымды жинақы ұстап, облыстық білім бәйгесінде озық шығу үшін басқару қабілетінің маңызы зор. Мұғалімдерді біліктіліктерін арттыруға жіберу күн тәртібінен ақсаған емес. Оқушылардың әрқилы мінез-құлқы, ата-ана тарапынан туындайтын түрлі сауал өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай шешім қабылдауға шақырады. Амангелді орта мектебінің өзгешелігі сол, әр жылы келетін жас мамандар осы ұжымда құлашын жайып, екпін алған соң бірыңғай гимназия, лицей, зияткерлік мектептерге шақырту алады. Нәзік жандылардың кейбірінің жырақтауына тұрмысқа шығулары себепші, сол себепті, қазір басымдық жігіттерге берілген. Ал басшылық білімге сусаған оқушылардың ұстаздарын қолдауға қашан да әзір. Жалпы, мектепте томаға тұйық, қабағы қатулы мұғалімді жолықтыру қиын. Әрбір әрекеттерінен ішкі тілеулестік самалы еседі. 50 жылдан астам тарихы бар білім ошағы қыркүйек туа жаңа дарындарды оқытуға кіріскен. Ал ұжымдағы жиырма бес ұстаздың жылылығы мектепке кіргеннен-ақ сезіледі.
Әділхан ЕСІМХАНОВ

Фотосуреттер автордікі