Үздік үштікке енді

235
көрілім

Шығысқазақстандық биатлоншы Галина Вишневская Чехияның Нове-Место қаласында өтіп жатқан жазғы биатлоннан әлем чемпионатында із кесуде жүлдегер атанды. Бұл жайлы облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Күні кеше Галина Вишневская 7,5 шақырымдық спринт бәсекесінде үздік үштікті түйіндеген еді. Сол нәтижесінен кейін іле, тағы бір жүлдеге иелік етті. Бұл жолы да қола. Із кесу жарысында бақ сынаған жерлесіміз талай үздіктерді шаң қаптырып, жүлдегерлер қатарына енді. Жарыс жолын еңсеру кезінде ол екі ретінде де тұрып ату жаттығуында нысанадан мүлт кеткен еді. Алайда жоғары жылдамдығының арқасында жерлесіміз қола жүлдені сақтап қалды. Аталмыш сында спринт бәсекесінде жүлдеден қағылған чехиялық Вероника Виткова топ жарса, Словакия елінің өкілі Паулина Фиалкова екінші орыннан көрінді.

Асқар ТҰМАРБЕК