Үздіктер анықталды

387
көрілім
Informburo.kz

Ұлттық Ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы өз сапындағы үздік БТР экипажы мен жүргізушіні анықтады, деп хабарлайды газет тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Шұғыл бұрылыстар мен ой-шұңқырға толы 6 шақырымдық жол, қою түтін мен жарылыстар, батпақ пен тастақты асу, су мен терең қазылған ор. БТР экипаждарының алдында осындай күрделі кедергілер тұрды. Павлодар облысының, Курчатов, Семей және Өскемен қалаларының Ұлттық Ұлан сарбаздары осынау байрақты бәсекеге тыңғылықты дайындалып келгендерін көрсетіп бақты.

Екі күнге жалғасқан жарыстың алғашқы күні ми қайнатқан ыстықпен есте қалса, екінші күн нөсерге ұласты. Дегенмен, қару-жарағын жастанып ұйықтайтын сарбаздарға бұл аса қиындық туғыза қойған жоқ.

Әуелі БТР тізгіндеген 3 адамдық экипаж жарылыс арасынан сытылып өтіп, тастақты таудан асты. Одан кейін желімше жабысқан лай-батпақ кедергіні еңсеріп, терең ордан өтті. Мәреге тура шығар сызықта оларды көзге түртсе көргісіз қою түтін күтіп тұрған. Соның бәрінен аман өткен экипаж белгіленген қашықтықты аман өткергенін әйгілеп, зеңбіректен оқ атуы тиіс болды.

Келесі күні көлік жүргізушілері де дәл осындай кедергі-сындардан өтсе, экипаждар БТР-мен суда жүзу шеберліктерін ортаға салды. Осы сынақтардың барлығынынан сүрінбей өткен Курчатов қаласының №3514 әскери бөлімінің экипажы таңдаулы 10 ұжымның ішінен суырылып алға шықты. Ал «Үздік жүргізуші» атағына Семей қаласының №5511 әскери бөлімінің көлік айдаушысы Айдын Омаров ие болды. Жеңімпаздар қыркүйек айында Алматы облысында өтетін республикалық сайыста облыс намысын қорғайды.

Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ