Юлия Галышева Әлем кубогі кезеңінде жүлдегер атанды

310
көрілім
Фотосурет informburo.kz сайтынан

Өскемендік фристайлшы Юлия Галышева Канада елінде өтіп жатқан Әлем кубогі кезеңінде күміс медаль иеленді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Ерлермен қатар әйелдер арасында да фристайлдың могул түрінен бәсекелестік қызып тұр. Апалы-сіңілі Дюфур-Лапуанттардан бөлек, франциялық Перрин Лаффонт, австралиялық Джакара Энтони тағы басқалары бар. Бұл жолы жерлесіміз салған жерден сауатты өнер көрсетіп, жарыс жолағын барынша қатесіз жүріп өтті. Ең соңында өзіне үйреншікті алдыға сальто айналу элементін де аса сенімді орындады. Төрешілердің Олимпиада ойындарының қола жүлдегеріне берген бағасы – 80,99. Қоржында күміс жүлде. Алтын медаль – Олимпиада ойындарының чемпионы Перрин Лаффонтқа (82,14), қола медаль ресейлік Анастасия Смирноваға (80,18) бұйырды. Тағы бір өскемендік спортшы Аяулым Амренова 58,54 ұпаймен 28-ші орынға жайғасты.

Әділхан ЕСІМХАНОВ