Заманға сай емес

391
көрілім

Ұлан ауданының ауылдарындағы көше атаулары өзгертіліп жатыр

Шығыс Қазақстан облысының аумағында көше атауларын өзгерту жұмыстары жалғасуда. Атап айтсақ, Ұлан ауданындағы кеңестік кезеңнен қалған қазіргі заманға сай емес Партизанская, Чапаев, Матросов, Заречная, Школьная және басқа да көше атаулары алдағы уақытта жаңа атауларға ие болуы мүмкін, деп хабарлайды газет тілшісі YK-News.kz сайтына сүйене отырып.

Бұл жөнінде Ұлан ауданы әкімінің ресми сайтында хабарланған. Атап айтсақ, Бозанбай ауылында бірнеше көше атауларын өзгерту туралы шешім қабылданған. Кеңестік кезеңде атаулары шектен тыс саясиланған Киров көшесіне — Тәуелсіздік, Советская көшесіне — Ақбел, Чапаев көшесіне — Таусамалы, Чкалов көшесіне — Жеңіс, Кооперативная көшесіне — Бірлік, Партизанская көшесіне — Бастау, Новостройка көшесіне — Көктау, Заречная көшесіне — Жағалау, Южная көшесіне — Оңтүстік, Восточная көшесіне — Шығыс, Студенческая көшесіне — Болашақ, Короткая көшесіне — Жалын, Солнечная көшесіне — Ақ орда, Матросов көшесіне — Достық, ал Сельэнерго көшесіне — Алау сияқты қазақша атаулар берілмек.

Бұдан бөлек, Алғабас ауылындағы Школьная көшесіне - Сібе, ал Центральная көшесіне — Орталық атаулары берілмек.

Сайтта аталмыш өзгертулер елді мекендердің тұрғындарының пікірін ескере отырып облыстық ономастикалық комиссияның 15 маусымдағы қорытындысы негізінде жүргізіліп отырғандығы жазылған.

Ерлен ОСМАНОВ