Зауыттардан бөлінетін зиянды қалдықтар өскемендіктерге залал келтіруде

469
көрілім

Өскеменді өркендеген өндіріс ошағы деп жер-жаһанға жар салғанымызбен, одан бөлінетін түрлі зиянды қалдықтар қалалықтар ағзасын жегі құрттай жеп жатқандығы жасырын емес. Зауыттар мен кәсіпорындардың көптігінен ауаның тұманданып, бұлыңғырлануын қалыпты жағдай дейтіндер де жоқ емес. Жағдайды бақылауға аламыз деп елордадан арнайы мамандардың қатысуымен дөңгелек үстел де ұйымдастырылды. Дөңгелек үстел өтті дегенімізбен мәселенің мән-жайын дөңгелетіп әкеткен шенеунікті жолықтыру қиынға түсті. Өзекті мәселеге өз ойын бүкпесіз жеткізіп, кесімді сөз айтамын деп атбасын арнайы бұрған Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлфыхар Жолдасов тарапынан салмақты пікір байқалмады. Жиын барысы жауапты тұлғалардың әдеттегі баяндамаларын оқуынан әріге бармады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Зұлфыхар Жолдасов

Әңгіме әлеуметтік желіден басталған

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін әлеуметтік желілерде желдей ескен өскемендік жеткіншектің шаһардың зиянды газ қалдықтарына тұншығып тұрғаны жайлы видеосы тұрғындар тарапынан түрлі пікір тудырған болатын. Шаһардан бірнеше шақырым ұзап, қырқаның басына шыққан жеткіншек қаладағы ауаның айтарлықтай ластанып, соның салдарынан тек зауыт мұржасы ғана көрініп тұрғанын айтқан еді. Бейнеролик әп-сәтте жер-жерге тарап, тіпті осыдан кейін Экология министрлігі арнайы адам жіберіп, мәселені бақылауға алатынын жеткізген. Жоғарыда айтқанымыздай, елордадан Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлфыхар Жолдасов келді. Бір айта кетерлігі, алыстан арнайы ат шалдырып жеткен комитет төрағасының қала тұрғындарымен жолығамын деген жоспары орындалмаған екен. Егер болған күннің өзінде қалалықтардың қалауын естіп, ауаға зауыттан тарайтын зиянды қалдықтарды қалай азайту мүмкін екендігіне көз жеткізер еді. Әсіресе, азот диоксиді, көмірқышқыл және көмір оксиді сынды зиянды химиялық элементтер мөлшері көбейе түскен. Өз сөзінде айтып кеткендей, түстен кейін тұрғындармен жүздесемін деген жоспары ойдағыдай болмаған. Өскемендіктер де зауыт пен кәсіпорындардың жұмысына үңіліп, мекеме басшысына да көкейде жатқан әралуан сауалдарын қоюға әзір еді.

– Өңірде табиғи ресурстардың жеткілікті мөлшеріне қарай бірнеше зауыттың жұмыс істеп тұрғаны белгілі. Түрлі кәсіпорындардың көптігі қоршаған ортаға өз зиянын келтіруде. Бұған қаланың орналасқан географиялық орны да себепкер. Экологияны 80 пайыз ластап тұрған ірі кәсіпорындардан бөлінетін зиянды ауа қалдықтары. Оны басқа бағытқа бұратындай күшті жел екпені де жоқ. Осы орайда жүйелі жұмыстар атқарып, ұтқыр шешім қабылдау үшін қоғамдық пікірді де елеп-ескерген жөн, – деді жауапты тұлға.

Ірі компанияның іргелі қондырғысы

Бұл ретте ауаға зиянды қалдықтарды барынша аз жіберу мақсатында «Қазцинк» компаниясының қолға алған жұмысы көңілге қонымды көрінді. Қаладағы алпауыт мекемелердің бірі саналатын компанияның бас экологы Қазтай Тәкеев соңғы 22 жыл көлемінде атқарылған жұмыстарды көпшілікке жария етті. Мәлім болғандай, қазір компания кешенінде Дания, Канада және Бельгия елдерінің қондырғылары жұмыс істеп тұр. Бұлар күкірттің еселенген тотығын жоюға мүмкіндік береді екен. Белгиялық қондырғы газды күкірт қышқылынан бөлек ығыстырса, тағы бір заманауи құрылғы күкірт диоксиді мен зиянды қоспаларға толы шаңды сүзгіден өткізеді. Компания кешеніне 100 мың тоннаға жуық шаң жиналса, соның 98 пайызы өндіріске қайта оралады екен. Осының барлығы да шаңтұтқыш қондырғы орнатылғанынан бері жүзеге асқан. Қызығы сол, қондырғыға сүзілген 400 мың тоннаға жуық күкірт қышқылының 96 пайызы жойылып, 3-4 мың тонна мөлшері ауаға таралуда. Қазір мекемеде күкірт қышқылын жоюға арналған 3 қондырғы, 250-ден астам сүзгі жұмыс істеп тұр. Бұл ретте Зұлфыхар Жолдасов ірі және орта кәсіппен шұғылданып жүргендер саны артқанымен ауадағы зиянды қалдықтардың соңғы алты жылда 11 пайызға азайғанын алға тартты.

Пәрменді пікір айтылмады

Осы мезетте кіндік қаны тамған қаласы жайлы бейжай қарап тұра алмайтын жастар да өз ойларын ортаға салды. Алайда бұл жерде бір өзекті мәселеден тағы бір орынды сауал пайда болып отыр.

– Алматы мен Өскемендегі қоғамдық көліктерде жол жүру ақысы 90 теңге болса, елордада қымбатырақ. Дегенмен аталған екі шаһарда қатынайтын автобустар жайлы әрі жаңа. Айтпағым, неліктен Экология министрлігі облыстағы қоғамдық көліктерге жауапты мекеме жұмыстарын бақылауға алып, автобустардың сапасын жақсартпайды? Министр мырза, жаздың жаймашуақ күні кешкі сағат 5-6 шамасында велосипедке мініп, қаланы аралап шықсаңыз ауаның қаншалықты ластанғанын бірден байқар едіңіз, – деді Аманжол есімді PhD докторы.

Сөйтіп кесімді сөзді ешкім айтпады. Тек бірен-сараны ластанған ауа құрамын оңалтудың орайлы әдісі – жазда көгалдандыру жұмыстарын қолға алуды ұсынумен шектелді. Мәлім болғандай, ұзаққа созылған дөңгелек үстелде қала экологиясына қатысты тұщымды пікірлер айтылмады десе болады.

Әділхан ЕСІМХАНОВ