Зай бойынша митингіге шығатын азаматтардың құқығы мен міндеті қандай?

551
көрілім

Елімізде «Бейбіт жиындарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі» туралы заң жобасы әзірленіп жатқанын естідік. Осы заң бойынша митингіге шығатын азаматтардың құқығы мен міндеті қандай болады?

Өскемен қаласынан тұрақты оқырман

Бұл сауалыңызға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Азаматтық қоғам істері жөніндегі комитетінің төрайымы Әлия Ғалымова жауап берді:

– Бұл – мүлде жаңа заң жобасы. 1995 жылы қабылданған заңға қарағанда бәрі түсінікті. Бейбіт жиындардың барлық түріне, атап айтқанда митингілер мен шерулердің, демонстрациялар мен пикеттердің бәрі де заң жобасында түсіндіріле жазылған.

Ал митингіге шығатын азаматтардың құқығы мен міндетіне келер болсақ, біріншіден ұйымдастырушының өзіндік қоғамдық ұстанымын білдіріп, бейбіт жиын өткізуге құқығы бар. Сонымен қатар ұйымдастырушының бейбіт жиынға қатысушылардың алдындағы өз міндеттемелері мен жауапкершілігі де қарастырылған. Әлбетте бұл тұрғыда азаматтардың қауіпсіздігі үшін артылатын жауапкершілік туралы сөз болып отыр. Ұйымдастырушы да, бейбіт жиынға қатысушы да шектен шығып кетпеуі керек. Яғни олар конституциялық құрылымды құлатуға немесе басқа да зорлық-зомбылыққа шақырмауы тиіс. Аталмыш заң жобасы бейбіт жиындарды өткізудің тәртібін регламенттейді. Қатысушылардың да, ұйымдастырушылардың да заң алдында жауапкершілігі бірдей.

Кез келген бейбіт жиын қоғам өкілдері үшін кедергі болмауы керек. Осы норма заң жобасында қарастырылған. Бейбіт жиындарға қатыспайтын басқа да азаматтардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілуі керек. Аталмыш заң жобасында құқық қорғау органдарының әрекеті туралы жазылмаған. Адамдардың өміріне қауіп төнген жағдайда құқық қорғау органдары іске араласа алады. Ондай жағдайда олар жиынды тоқтатады.

Митинг өтетін арнайы орындарды айқындау кезінде жергілікті атқарушы органдар азаматтардың қауіпсіздігі мен сол жерге жете алу жағдайын, көлік мүмкіндіктері мен инфрақұрылымын ескереді.