Зайсан ауданында тоғыз елді мекен газсыз қалды

2108
көрілім
Шартты фотосурет

Қолда бар мәліметке сәйкес аудан әкімінің басшылығымен қалпына келтіру жұмыстары орнында штаб құрылған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Қыраулы қыстағы келеңсіз жайт кеше болды.

– 27 қаңтар күні сағат 19-30-да «Барыс көл» ЖШС экскаваторшысы Әлібек Өткелбаев көпір құрылысы бойынша жер жұмыстарын орындау кезінде Зайсан ауданының 9 елді мекенін газбен қамтамасыз ететін жоғары қысымды магистралды газ құбырына байқаусызда зақым келтірді, – делінген мәліметте.

Соның салдарынан Айнабұлақ, Қаратал, Үлкен-Қаратал, Шалқар, Көгедай, Қайнар, Кеңсай, Жамбыл, Қарабұлақ елді мекендеріндегі 2105 абонентке газ беру шұғыл тоқтатылды.

Белгілі болғандай, аудан әкімінің басшылығымен қалпына келтіру жұмыстары орнында штаб құрылып, алты мотопомпа, АЦ-40, 1 КУНГ, 50 техника, сондай-ақ «Барыс көл» ЖШС тарапынан барлық қажетті техника жұмылдырылған.

– Тоғыз елді мекенде көмір мен қажетті отын қорын тасымалдау ұйымдастырылды. Айта кетейік, барлық үйлер апат кезінде автономды жылу көздеріне көшті. Ал сыртқы ауа температурасы -17 градусты құрады. Бүгін таңертең сағат 8.00-де апат салдары жойылып, абоненттерді қосу жұмыстары басталды, – деп жазылған мәліметте.