Зайсан ауданындағы Қаратал және Шілікті ауылдары толықтай ауыз сумен қамтамасыз етіледі

1030
көрілім
«Аудандағы бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі – шалғай елдімекендердегі халықты ауыз сумен қамту». Баспасөз мәслихатында Зайсан ауданының әкімі Темірбек Қасымжанов осылай деп мәлім етті. Алдағы уақытта аталған мәселені біржақты ету үшін өңірлерді дамыту бағдарламасы бойынша ақша бөлініп, Зайсан ауданындағы екі ауылды толықтай таза сумен қамту жоспарланып отыр, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Аудандағы ауыз мәселесін шешу мақсатында 2016 жылы Жарсу және Қуаныш ауылдарындағы су жүйесін ағымды жөндеу жүргізу үшін 30 миллион теңге бөлінген. Қаржы уақтылы игеріліп, былтырдан бері екі ауылдағы 500-ден аса ауыл тұрғындары таза сумен қамтылған. Нәтижесінде, аудандағы ауыз сумен қамту көрсеткіші 3 пайызға артып, бүгінгі күні аудан халқының 83 пайызы таза сумен қамтылған.

2017 жылдың басынан бері өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында Қаратал ауылындағы су құбырларын қайта жаңғырту жұмысына 410 миллион теңге қаражат бөлінді. Жұмыс аяғына жеткен кезде Қараталдағы 3370 адам таза сумен қамтылмақ. Ал Шілікті ауылындағы су жүйелерін қалпына келтіру мақсатында жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеу үшін аудандық бюджеттен 5 миллион теңге бөлініп отыр. Осылайша, халықты таза сумен қамту мәселесін ретке келтірмекпіз, – дейді Зайсан ауданының әкімі Темірбек Қасымжанов.