Зайсан ауданындағы «Майқапшағай» ауылы қайта жанданады

823
көрілім

ШҚО ақпараттық орталығында баспасөз мәслихатын өткізген Зайсан ауданының әкімі Темірбек Қасымжанов өзіне қарасты өңірдің «Майқапшағай» кеден бекетіне 200 метр жерде логистикалық орталық тұрғызылатынын мәлімдеді. Аудан әкімдігі еуразиялық интеграция деңгейіндегі жоба арқылы «Майқапшағай» ауылын жандандыруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Аудан әкімінің айтуынша, ауданға алдағы уақытта 12 миллиард теңге мөлшерінде инвестиция тартылмақ. Оның 9,8 миллиард теңгесіне «Самұрық Қазына» АҚ-ы көліктік логистикалық орталық салуды жоспарлап отыр.

– Бұл – еуразиялық интеграциялау деңгейіндегі жоба. Биылғы жылдың өзінде логистикалық орталыққа 3 миллиард теңгені бөлгелі отыр. Орталық кеден бекетінен небары 200 метр жерде салынады. Кеден бекеті мен логистикалық орталықты газбен қамту көзделген. 50-60 жаңа жұмыс орыны ашылады, – дейді аудан әкімі.

Орталықтағы жұмыстың жүйесі бойынша Қытайдан бері келетін саудагерлер тауарларының барлығын орталыққа тапсырады. Бұл жақтың көліктері келген тауарларды алып кетеді. Демек, Қытайдың көліктері бері кірмейді. 20 га аумаққа салынатын орталықта заманға сай қоймалар тұрғызылады.

– Бұл жоба арқылы Майқапшағай ауылын қайта жандыруды ойлап отырмыз. Орталықты салушылармен жергілікті халықты жұмыспен қамту турасында келістік. Ол жерге халық келетін болса, үй салу керек болады. Логистикалық орталықтың жобасы бойынша ол жерге жатақхана салынады. Келешекте ол жерде ауыл пайда болады, – дейді Темірбек Қасымжанов.

Аян Өрібаев