Зайсан ауданындағы Шілікті ауылының жолы қашан жөнделеді?

1193
көрілім

Аудан әкімі Серік Ақтанов үстіміздегі жылдың сегіз айында атқарылған жұмыстардың жай-күйін айтып берді, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Серік Қасымбекұлы Зайсан ауданындағы ауыл және мал шаруашылықтары жайлы әралуан ақпараттар берді. Мәселен жыл басынан бері көршілес Ресей мемлекетінен «Сыбаға» бағдарламасы аясында бас-аяғы 179 ірі қара мал басын сатып алған. Бұл ретте облыс әкімі Даниал Ахметов аудан көлемінде сүт өнімдерін молынан өндіріп, елішілік, шетелдік сауда орындарына сатылымға шығаруға тапсырма берген. Ауданда ауылшаруашылық саласымен айналысуға бет бұрғандар санының артуына қарай, 58 адам 172,5 млн теңге көлемінде несие алып, кәсіптерін дамытуда.

– Қазіргі басты меже – азық-түлік бағасының артып кетпеуін қадағалау. Табысы мол саналатын бидай, жүгері, соя сынды дәнді дақыл егуді келер жылы екі есеге көбейтпекпіз. Әзірге қамбаға жиналғаны 11,5 тонна дән. Осы орайда диқандар қанар-қаптарын қамдап, күн райының қолайлы кезінде барлық өнімді жиып алуды көздеп отыр, – деді аудан әкімі.

Сондай-ақ зайсандықтардың бас қатырар мәселесіне айналған Шілікті ауылының жол жағдайы да тілге тиек етілді. Жауапты тұлғаның айтуынша, ұзындығы 60 шақырымды құрайтын жолды жөндеуге облыстық және республикалық бюджеттен қаражат қарастырылуда. Мәлім болғандай, жөндеу жұмыстарының нүктесі келер жылы қойылмақ. Оған облыстық бюджеттен 8 миллион теңге бөлінген екен.

Әділхан ЕСІМХАНОВ