Зайсан ауданындағы тұрғындар ғаламтор желісінің жоқтығына наразы

288
көрілім

Зайсан ауданының Шілікті, Жаңатұрмыс, Тасбастау ауылдарынан хабарласқан тұрақты оқырмандарымыз бірнеше ауылдың тұрғындары күні бүгінге дейін ғаламтор желісінің жоқтығына шағымданып, жолдардың бірнеше жылдан бері жөндеу көрмегендігін жеткізген болатын. Мәселенің мән-жайын аудан әкімдігінен сұрастырып көрдік, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

«Назар аударатын біреу болса ғой...»

Осыған дейін бірнеше мәрте Шілікті ауылына апарар жолдың талай жылдан бері тозып тұрғанын жазған едік. Ол кезде аудан басшысы Серік Ақтанов еді. Облыс орталығында өткен жиында Серік Қасымбекұлы жол жағдайы 2020 жылы шешімін табатынын айтқан болатын. Белгілі болғандай, өткен жылы ұзындығы 60 шақырымды құрайтын жолды жөндеуге 8 млн теңге бөлініпті. Алайда тілге тиек етпегіміз Шілікті ауылының жол мәселесін қайта қозғау емес. Шілікті ауылдық округіне қарасты бірнеше ауылда интернет желісінің жоқтығы үш ауылдың тұрғындарын әбігерге салуда. Мәселен Жаңатұрмыс ауылынан хабарласқан Нұртай Қапанов есімді азамат жора-жолдас, жақындарымен байланысқа шығу үшін алдымен дөңестеу жер іздейтіндіктерін айтады.

– Ауылда жастар қатары да азайып келеді. Оларға мейлі, қолды аяққа тұрмай, ауыл ішін аралап жүріп әйтеуір еміс-еміс болса да байланыс тартатын жерлерді тауып алады. Ал жасы келген ересектерге әрі-бері сабылу әуреге салады. Заман жақсарды дегенмен, біздің жаққа мойын бұрып, назар аударатын біреу болса ғой, – дейді ол.

Аудан әкімінің орынбасары Бекболат Нұрқышевтің сөзінше, қазір аудан бойынша «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы елді мекендерді интернет желісімен қамтамасыз ету жоспарына сәйкес Кеңсай, Қарабұлақ, Айнабұлақ, Қаратал, Дайыр, Жарсу, Біржан және Сартерек ауылдарында тиісті жұмыстар жүргізілуде.

– Аталмыш жұмыстарды 2020 жылдың маусым айына дейін толық аяқтау жоспарлануда. Бұл жұмыстарға сәйкес бірінші кезекте аталған елді мекендердің бюджеттік мекемелеріне интернет желісін тарту жүргізіледі, – дейді жауапты тұлға.

Бөлінген қаржы қомақты

Аудан әкімдігіндегілерден жоғарыда аталған үш ауылдағы тұрғындар санын сұрап білген едік. Толыққанды жауап ала алмадық. Бәлкім, Шілікті ауылдық округіне ғана қатысты ауылдарға тоқталуды жөн көрген болар. Мәлім болғандай, қазір Тасбастау ауылында – 408, Шіліктіде – 1184 адам тұрады. Ал Жаңатұрмыс ауылындағы тұрғындар саны жабық күйінде қалды. Көңілге медеу болғаны, әу баста сөз етілген үш ауылға да интернет желісін тарту жоспарға енгізілген. Одан бөлек, Жалши, Саржыра ауылдары да тізімге ілініпті.

Жол мәселесі мен ауылдарға абаттандыру жұмыстарын жүргізу де өзекті мәселе. Сұраухат жауабына сүйенсек, аудандағы ауылдарды абаттандыруға 2 млн 950 мың теңге қаржы бөлініпті. Ал тозығы жетіп, ойдым-ойдым болған «Омбы-Майқапшағай-Жарсу-Бақасу-Саржыра» автокөлік жолдарының 15-30 шақырымына орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге 209 млн 563 мың теңге қаржы бөлініп, тендер өткізіліп жатқан көрінеді.

Әділхан ЕСІМХАНОВ