Зайсан ауданының Көгедай ауылындағы малдан бруцеллез анықталды

1188
көрілім
Көгедай ауылының тұрғындары елді мекенде шыққан бруцеллез дертінің кесірінен баққан малын арзан бағаға сатуға мәжбүр болып отыр, деп хабарлайды buqara.kz тілшісі.

Төлдейтін саулықтардан қан алып кетті, – дейді телефон арқылы хабарласқан көгедайлық тұрғын. – Байғұс малды осыншама қинаудың қажеті қанша? Төлдейтін малдан қан алатындары қаншалықты заңды? Оның үстіне ауру белгісі анықталған мал етінің әр келісін «Әрі кеткенде 200 теңгеден аламыз» дейді. Сонда жыл бойы еңбектеніп бағып-қаққан қойымды бар-жоғы 2000 теңгеге өткізіп қойып отыра беремін бе? Мұндай бағаны кім белгіледі?

Төрт түліктен бруцеллез дертінің анықталғанын Зайсан ауданы әкімінің орынбасары Марат Уәли де растап отыр. Оның айтуынша, Көгедай ауылындағы малдан бруцеллез ауруының шығуына байланысты Сартерек ауылдық округі әкімінің шешімімен шектеу іс-шаралары бекітілген көрінеді.

Қазіргі уақытқа дейін Көгедай ауылында 2258 бас ірі қара малынан қан алынып, оның 37-нен бруцеллез анықталса, сараптамаға қан алынған 1179 бас ұсақ малдың 22-сі осы ауруға шалдыққаны анықталды, – дейді Марат Қалиасқарұлы. – Сондай-ақ, аулалық 2 ит ауру вирусын жұқтырған.

Республикалық эпизоотияға қарсы отряды мамандарының қан алумен айналысатынын айтқан аудан әкімінің орынбасары аталмыш шара барысын ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті Зайсан аудандық аумақтық ветеринариялық инспекциясы қадағалайтынын алға тартты.

Шектеу шаралары туралы шешім шыққаннан кейін малдың физиологиялық жағдайына қарамастан бруцеллез ауруына бейімді малдардың барлығынан қан алынып, тексеріледі, – дейді аудан әкімінің орынбасары. – Ауру малдар оқшауланып, сойылып, жүйелі диагностикалық зерттеу арқылы сауықтыру әрбір 15-20 күн сайын екі рет қатарынан теріс нәтиже алғанға дейін жүргізіледі. Ал бруцеллезге шалдыққан ұсақ малдар Өскемен қаласындағы «Ұлан» ЖШС ет-консерві зауытына өткізіледі. Атамыш кәсіпорын арық малдың етін 80-90 теңгеден, екінші санаттағы етті 180-200 теңгеден қабылдайды. Еттің бағасын зауыттың өзі белгілейді.

Ерлен Османов