Зайсан ауданының тумасы Алтынбек Жәкебаев 46 жыл ғұмырын құрылысқа арнаған

1135
көрілім

«Құрылыс» деген сөзді айтылса-ақ болды, құлағы елеңдеп, қызығушылығы артып, қиқуға басатын адамдарды жолықтыру қиын. Себебі мұны қатардағы қызмет салаларының бірі ретінде ғана қабылдап, маңызына бойлай бермейді. Шынтуайтына келгенде, салынған әр ғимарат пен үйдің «сылағы сапалы ма, біраз уақыттан соң қабырғасы опырылып түспей ме, әлде «көздей жерден көлдей суық кіреді» дегендей, төбесінде саңылау пайда болып сорғалап су ақпай ма?» деп тағат таппайтын құрылыс мамандары саусақпен санарлық. Соның бірі – Зайсан ауданы Қарабұлақ ауылының тумасы Алтынбек Жакебаев.

Балалық шағы басқаларға ұқсамады

Алтынбек Ешмұратұлының туған күні Ұлы Жеңіс күні аталып өтетін 9-шы мамырға тұспа-тұс келеді. «Ендеше есімін неге Жеңіс деп қоймады?» дейсіздер ғой? Әу баста солай деп қоймақшы болған екен үйдегілер. Десе де кейіпкеріміздің әкесі Ешмұрат Жәкебайұлы төрт жылдай алтын шығаратын шахтада еңбектеніп, сол жақта 24 сағаттың тең жартысын өткізумен болған екен. Осылайша табан аудармай тірлік етіп жүрген шаруақор азамат ұлының есімін Алтынбек деп қоюды құп көрген. Кейіпкеріміздің балалық шағы біршама қызыққа әрі қиындыққа толы еді, әр жеткіншек асыр салып ойнайтын алаңсыз мезетте, небір ауыр жұмыстар атқарып, ата-анасына қолғанат болуға асықты. Негізінен әкесі Күршім ауданы Марқакөл ауылының тумасы. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталып, жер-жерде бейбіт өмір орнай бастағанда, нақтырақ айтсақ, 1946 жылы Зайсан ауданына көшіп барып, сонда тұрақтайды. Алтынбек Ешмұратұлының айтысына қарағанда, өзі өмір есігін ашқанда әлжуаз болған екен.

– Маған 8 ай болғанда анам 32 жасында өмірден озыпты. Осыдан кейін талай адам «Алтынбек адам болмайды» деп ойлапты, – дейді білікті құрылысшы балалық шағын ойға алып. – Содан не керек, жақындарым ешкі мен сиырдың сүтін ішкізіп, әл-қуат берді. Мұндағы маған жанашырлық танытқан – әпкем Бәтима болатын.

Бұдан кейін Алтынбек Жәкебаев өгей анасы Сақымның тәрбиесінде болып, ересек өмірге ерте кірісті. Айтуынша, өзінің оң жамбасына келетін құрылыс саласына бет бұруына осы Сақымдай анасының ықпалы зор болған. Қора-қопсы, үй сылай жүріп, тұрмыста қажетті деген шаруаны жан-жақты меңгеріп кетті. Шатыры жоқ тоқал үйлерден нөсер жаңбыр жауса су тамшылап, едендерінен сыз өткенде кейіпкеріміз бұл жұмыстарды ың-шыңсыз тындыратын-ды. Кірпіш құюды да жетінші сыныпта үйреніп, әр қадамы құрылысқа деген бағытын айқындай түскендей болды. Сол кезде бір үйде жеті бала өскен. Сақым ана соның барлығын жеткізіп, жұрт қатарына қосуға талай тер төккен жан екен. Күн арқан бойы көтеріле баршасы біркісідей үй шаруасына кірісу, қазан көтерерде айналаға асыға қадам басып тезек теріп әкелу күн тәртібінен түспеген. Анасы берген тапсырманы кімде-кім мерзімінде аяқтамаса, ұрыс естіп, талай рет таяқтың астында қалған. Соған мысал ретінде былай дейді:

– Шешем күнде екі сиырды сауып, қазанға сүт пісіреді. Піскен сүттің дәмі тіл үйіреді ғой қашан да. Әлгі сүтті анасы бір келіп, мынасы бір келіп, жетеуіміз жан-жақтан ішіп тауысып қоямыз. Ашуланған шешеміз: «Қазандағы сүт қайда. Кім ішті?», – деп зілді дауыспен сөйледі». Ешбіріміздің мойындайтын түріміз жоқ. Кейін мен ешкімге білдіртпейін деп түтікше жасап, қаймақты тесіп сүтке апарар жол таптым. Ұрын келіп сүттен ұрттап тұрғанымда шешем көріп тұрған екен, көк желкеден қапсыра ұстап, құлағымнан қысты. Менің тырп еткенге әлім келмей, бақырып-шақырып тұра бердім. Өгей шешемнің бұл жолғы қолданған жазасы қатаң еді, қайтып мұндайды қайталамадым.

Сарбаздарға арнап казарма салды

Осындай қарбалас қимылмен балалық шағы да зымырап өтті кейіпкеріміздің. Арман қуып алдымен Қарағандыдағы индустриалды педагогикалық техникумның «Өңдірстік азаматтық құрылыс» бөліміне оқуға түсті. Ол жаққа Өскемендегі қалалық кәсіби техникалық училищеде өзін үздік қырынан көрсеткен жастар ғана алынатын. Арада бір жыл өткенде азаматтық борышын өтеуге шақырту келді. Бұл кезде Алтынбек Ешмұратұлының оқуға деген аңсары айрықша ауып жүрген еді. Маусым сайын әскерге шақыра беру – кейіпкеріміздің оқуды ойдағыдай жалғастыруына мұрша бермеді. Сөйтіп қарашаның қара суығында Мәскеу әскери округіне жетті. Алтынбек Жәкебаевтың мамандығын қарап еді, құрылысшы деп жазылғанын көріп, көп ойланбастан құрылыс батальонына жіберуді жөн санапты. Әскер қатарында жүріп, нәтижелі жұмыстар атқаруы елеусіз қалмай, генерал-майор тарапынан туған жеріне 10 күнге демалыс алды. Бұдан кейін алғашқы айтулы құрылыс жұмысы ретінде Казельск қаласында офицерлерге арналған көппәтерлі үй, дәріхана, әскери казарма салуын айта кетуге болады. Бұл уақытта Чехославакияда көтеріліс өрті өршіп, сол жаққа бес мемлекет танкісінің шынжыр табаны тиіп тұрды. Бүлік шығарғандарды үнін өшірмейінше, кеңес әскерлері де сол аймақта қалуы тиіс екен.

– Енді сол танк полкіне, сарбаздарға арнап казарма салу қажеттігі туындады, – дейді зайсандық құрылысшы. – Құрамында 32 адам бар менің взводымды жіберді сол жаққа. Жүрдек пойызбен жүйіткіп отырып, біздің әскер орныққан Либаво деген ауылға жеттік. Ол жер ит тұмсығы өтпейтін ну орман болса да, өзімізге жүктелген казарманы ойдағыдай салдық. Құрылыс жұмысына алты айдай уақыт кетті, – дейді Алтынбек аға.

Арманын ақиқатқа айналдырды

Осыдан кейін мектеп қабырғасында бірге оқыған сыныптасы Ләззат апаймен жақындығы арта түскен еді. Қарағандыдағы оқуын бітіруге оқталғанда ұнатқан бойжеткені бірге жол тартып, сол жақта жоғары білімге ие болды. Арада көп уақыт өтпей отау құрды. Бұл уақытта қызметі алға басып, құрылыс саласының жілігін шағатын бар мүмкіндік туындады. Ұланы ауданының Герасимовка ауылында, Үржар ауданында мектеп, Өскемендегі Космический көшесінде 10 қабатты тұрғын үйді сапалы етіп салды. Жалпы, құрылыс саласындағы табанды еңбегін жіпке тізіп жазар болсақ, талайы таң-тамаша болуы мүмкін. Қатардағы тас қалаушыдан ПМК басшысына дейін көтеріліп, жер-жерде әралуан нысандар тұрғызумен болды. Өскеменнің өзінде тоғыз мектеп салса, одан бөлек, екі балабақша, бір аурухананың іргетасын қалап, басы-қасында жүрді. Шаһардың Сол Жағалауындағы бес қабатты үйді алғаш болып салған да осы Алтынбек Ешмұратұлы еді. Зайсан ауданында төбешік жерде орналасқан телемұнара «Казстальмонтаж» ЖШС-нің күш салуымен, жерлесіміздің тиянақты жұмысы нәтижесінде салынған. Нақты санын айтар болсақ, жерлесіміз құрылыс саласына өзінің 46 жыл ғұмырын арнапты. Бастысы, қандай да бір нысан, болмаса тұрғын үй құрылысына кіріссе, басынан-аяғына дейін жіті қадағалап, «сапасы сын көтермейді» деген көңілге түрпідей тиетін сөздерді болдырмауға барын салған. Мұның бір себебі – бала кезден «құрылысшы боламын» деген арманынан болса керек. Соншама жыл жауапкершілігі ерек салада жүріп, өзін ұдайы сергек ұстауына жас күніндегі спортқа жуық болуы себепкер болыпты. Айтуынша, күні бүгінге дейін таңғы жаттығуларын тастаған емес. Сәтін салса алдағы мамыр айының тоғызында жетпістің бесеуіне аяқ басады. Дегенмен гантель көтеріп, велосипед тебу, мұздай суды үстіне қотара салуы – кімді болсын шынықтырмай қоймайды. «Аға, жастық шағыңыз қайта оралса, ғұмырыңызды құрылысқа арнайтын ба едіңіз?» дегенімізде жауаптан тосылмады.

– Әлбетте, қазіргі үйлердің сапасы біраз уақыттан соң-ақ көрініп жатады, – дейді кейіпкеріміз. Ал оның басында білікті бригадирдің болуы олқылықты болдырмаудың бірден-бір жолы. Прораб былай тұрсын, ұйымдастырушылық қабілеті қалыптасқан, істің жөнін білетін құрылыс адамы ғана объектінің сапалы салынуына үлес қоса алады. Қоғам өзгеріп, технология дамыды дегенімізбен, кез келген еңбек адамы өз ісіне жауапты болғаны жөн деп ойлаймын.

Герасимовка ауылындағы мектеп

Еңбегі ескерусіз қалмады

Алтынбек ағаның құрылыс саласында алған марапаттары да аз емес. Айталық, «Халықтар Достығы» ордені, «Қазақстан жастарының жетекшісі» белгісі. Дегенмен Алтынбек Ешмұратұлының алған марапаттарының ең айтулысы – 2006 жылы алған «Қазақстанның құрметті құрылысшысы» атағы. Қызығы сол, кейіпкеріміздің балалық шағынан бастап әскердегі болған жайттардан сыр шертетін күнделігі де бар. Мұнысы бір дәптерге емес, жинақтап жазсаң бір кітапқа татитындай. «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» деп хәкім Абай айтқандай, күнделіктің жазылуы тектен тек емес. Ішіндегі бірқатар дүниелер кейінгі жастарға өзіндік бағдар беру мақсатында айтылыпты.

– Кезінде қоластымда істеген ер-азаматтардың арасында бармақ басты, көзқыстылыққа баратындары жаныма бататын. Ащы судан ұрттап, темекіні будақтатып, реті келсе құрылыс жабдықтарын жымқырып кететіндері көңілге қаяу салатын. Кейінгі ұрпағына мектеп, балабақша салып жатқандығын бір сәт еске алып, тиянақтылық танытудың орнына жеке бастың қамын ойлайтындардың олқылықтарынан нысандар да сапасыз салынады, – дейді Алтынбек Жәкебаев.

Расымен де, өзге мамандықтардағыдай құрылыс саласының қызметкерлері жауапкершілікті шынайы сезінер болса, талай ғимараттың уақтылы бой түзейтіні сөзсіз. Өз уақытында таңдаған мамандығын мақтанышына айналдырған жерлесіміздің ұлы мен қызы да әкесіндей әр ісіне жауапты әрі еңбектенуден жалықпайтын жандар.

Әділхан ЕСІМХАНОВ