Зайсан ауданының тұрғындары бөлінген қаржыға газ тартылмай жатқандығына наразы

8523
көрілім
Шартты фотосурет

Тамыз айында Зайсан өңірінен қоңырау шалған тұрақты оқырмандарымыз аудан көлемінде газ құбырын орнатуға қомақты қаржы бөлініп, жуық арада қауырт тірліктің бөгеуі ағытылатыны жайлы хабарлаған болатын. Хабарлағанда да сол соманың орнымен жұмсалып, кезекке жазылған тұрғындар игілігі үшін оңды хабар болар-болмасын білгісі келген еді. Ай соңына қарай аудан әкімдігі ұсынған жауаппен мақала әзірленгенімен сеніміне селкеу түсіп, мердігер жұмысына күдікпен қарайтындар легінің азаймағанын аңғардық, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

«Игілігін басқалар көріп отыр»

Сонымен қыркүйек айында тиісті жұмыс жүргізуге жауапты мердігер анықталады делінген еді. Анықталыпты. Қазіргі уақытта мұны «СМУ Шығыс» ЖШС жүргізуде. Күн санап тірлік екпіні жаңа қарқын алып жатпағанымен, бірқалыпты қимыл-қозғалыс тоқтаусыз жүруде. Қала көлемінде, елді мекендерге газ тартылып жатқаны көпшілігі үшін қуаныш саналса, бірқатар тұрғындар жұмыс барысының жоспардан ауытқып бара жатқандығын байқап келеді. Сонда олардың шыр-пыр болып, аудан басшылығы мен жауапты тұлғалармен жиі байланысқа шығуларына не себеп?

– Аудан әкіміне барған едік, күзетшінің қабылдауынан аса алмадық. Аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөліміндегілер осыған дейін аталған жұмысқа қомақты қаржы бөлінгендігін жеткізген болатын. Иә, аудан көлемінде біршама жанұяға газ тартылды, дегенмен құбырлар жетіспегендіктен көгілдір отын тартылмай қалған тұрғын үйлер де бар. Бізге мәлім, бөлінген сомаға тартылмай қалған үйлерді қамтудың орнына игілігі басқа тұрғындарға бұйырып отыр. Сонда қаржы қайда кетіп жатыр?, – дейді Арман Қасымбеков (аты-жөні өзгертілген).

Зайсандықтар қала шетінде жаңадан салынып жатқан ықшамаудан тұрғындарының тізімге еніп кеткендіктеріне қапалы. Бұрынғы «Партсъезд» жақта құрылысы күрделі, жаңа үйлердің бой көтере бастағанына екі-үш жылдың көлемі болған екен. Бар мәселе, бар келеңсіздік осы жерден туындап отыр. Оқырмандар сөзінен, аудан басшылығының кезекте тұрған бұқара жұртқа емес, ауқаттылармен ауыз жаласып, солардың соғатындықтары жайлы ойын аңғардық. Расымен де солай ма? Жоспарға сәйкес емес, газ құбырының қала шетіне шығып кеткендігі рас па?

«Әрі қарай өз қаражатымен»

– Зайсан қаласын газдандырудың қалалық желісін салуға облыстық бюджеттен 45 млн теңге қаржы бөлінді. «СМУ Шығыс» ЖШС-мен келісімшарт жасалып, құрылыс жұмыстары қыркүйек айында басталды. Осы ретте арнайы жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Бұл жобаның мақсаты – қалада жаңадан салынып жатқан мөлтек аудандарға магистральді газ құбырлары жетпей қалған үйлерге газ жеткізу, – деді аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Марат Конбаев.

Тұрғындар мен аудандағы билік басындағылардың сөздерінде үндестік байқалмайды. Екі тарап та өз тұжырымдарын ұсынды, біреуі бұрыс, екіншісі дұрыс айтты деуге келмес. Сұраухат жауабында «жаңадан салынып жатқан мөлтек аудандарына» деген сөйлем төңірегінде тұрғындар «ол жақта бай-қуаттылар» десе, әкімдіктегілер тұрғысынан қарапайым тұрғындар деген жауаптың лебі ескендей. Анығы сол, қазір газ құбырларын тартуды «СМУ Шығыс» пен «ИТЕРРА СТРОЙ» мердігер ұйымдары жүргізуде. Марат Конбаев қарбалас тірліктің уақтылы әрі сапалы аяқталуы үшін әкімдік тарапынан республикалық және облыстық қазынадан бюджеттік тапсырыс өткізілгендігін алға тартты. Бүгінге дейін аудан бойынша 7500-ге жуық үй газ құбырына қосылған.

– Магистральді газ құбыры жеке тұрғын үйлерді бойлап тартылады. Ал әрбір үйде көгілдір отын желісіне қосу тұрғынның өз қаражаты есебінен жүргізіледі. Газ қосуды «ҚазТрансАймақ» акционерлік қоғамы ШҚО бойынша филиалының мамандары іске асырады, – деді бөлім басшысы.