Зайсан қаласында ауыр дертке шалдыққан 4 жасар бала көмекке зәру

932
көрілім

Зайсан қаласының тұрғындары Бекзат Смекенов пен Дана Қайырбекқызының жар дегенде жалғыз балалары 7 айынан бастап миында ұсақ ісік бар деген болжаммен қатерлі дерттің алғашқы белгісіне шалдыққан. Дәрігерлердің айтуынша, оны емдету үшін Ресейде ғана шығарылатын бағасы өте қымбат дәріні жоқ дегенде 6 ай мерзім бойы үзбей қабылдау керек екен. Ал сол дәріні сатып алуға отбасының қаражаты мүлдем жеткіліксіз. Осыны ойлай-ойлай ішкені – ірің, жегені – желім болған ана мен әке «Жүргенге жөргем ілінер» деген ниетпен қайырымды жандардан көмек сұрауда, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Зайсан қаласының тұрғындары, жас отбасы Бекзат Смекенов пен Дана Қайырбекқызының тұңғыштары Бексұлтан Бекзатұлы 2012 жылы дүниеге есігін ашқан. Сәби 7 айға толғанда миында ұсақ ісік бар деген болжаммен қатерлі дерттің алғашқы белгісіне шалдығады. Нақты диагнозы анық болмағандықтан, ата-анасы балаларының жазылып кететіндігіне үлкен үмітпен сенген еді. Сәбиін дәрігерге қаратуға материалдық жағдайдың қиыншылығы да еш мүмкіндік берген жоқ. Тек 2016 жылдың наурыз айында Астана қаласындағы ауруханалардың біріне барғанда, бүлдіршінді томографияға түсірген дәрігерлер баланы емдету үшін ота жасату керек немесе Ресейде ғана шығарылатын Афинитор деп аталатын дәрілік препаратты 1 жыл немесе болмаса 6 ай көлемінде үзбей қабылдау керектігін айтқан.

– Бұл дәрінің 1 қорабы 135 мың рубль тұрады, яғни біздің теңгемен алғанда 800 мың теңге. Сонда 1 жыл толық ем қабылдау үшін 5 млн. теңгенің дәрі-дәрмегі қажет. Бұл – қатерлі дерттің алдын алу үшін өте маңызды. Баланың мүгедектігіне байланысты екі жыл бойы алып келе жатқан мемлекет тарапынан төленетін 60 мың теңге көлеміндегі жәрдемақы мұндай қымбат дәрі алуға жетпейді. Миында ісік болғандықтан баламыз үлкен, кіші дәретін жіберіп қояды. Оған арнайы алатын жөргектің өзіне ай сайын қомақты қаражат жұмсаймыз, – дейді Дана Қайырбекқызы.

Бүлдіршіннің әкесі сырқат баласының күтімін жасап үйде отыруға мәжбүр. Ал анасы 0,5 ставкада мұғалім болып еңбек етеді. Дертке дауа іздеп әуре-сарсаңға түскен әке мен ана Зайсан аудандық мешітінің жанынан құрылған «Мейірім» қайырымдылық қорына көмек қолын сұрап барыпты. Әйелдер қауымынан құралған бұл қайырымдылық қорының мүшелері Зайсан қаласының түкпір-түкпіріне арнайы жәшіктер қойып, қала жұртшылығынан жәрдем сұрауда.

– Кішкентай Бексұлтанның еміне қаржылай көмектесу үшін жұма сайын мешіт алдында сағат 7.30-дан 13.00-ге дейін жәрмеңке ұйымдастырамыз, – дейді «Мейірім» қайырымдылық қорының мүшесі Қарлығаш Оспанова. – Сол жәрмеңкеде тәтті шырындарды, қолдан пісірілген нан-тоқаштар мен торттарды және тағы да басқа халал өнімдерді саудалаймыз. Қазіргі таңда шамамен 200 мың теңгеге жуық қаражат жиналды.

Осыған дейін «Мейірім» қайырымдылық қоры әртүрлі сырқатқа шалдыққан 7 баланы емдету үшін қаражат жинапты. Соның нәтижесінде, балалардың церебральды сал ауруына (ДЦП) шалдыққан 2 бала «Мақсат» клиникасына емдеуге жіберілген. Аты аталған қор мүшелері Бексұлтанның ата-анасына дәрі алуға қажетті ақшаны жинастыруға жәрдемдесу үшін қолдарынан келгенше тырысып бағуда.

– Кішкентай балапаным доппен ойнағанды жақсы көреді, – дейді Бексұлтанның анасы Дана. – Балалармен жүргеннен гөрі жалғыз өзі ойнағанды ұнатады. Құлыншағымды сырқатынан айықтыру үшін қандай қиындық болса да төзуге дайынмын. Шама-шарқылары жеткенше қолұшын созып көмектесіп жатқан жүрегі жомарт жандарға шын жүректен алғысымды айтамын.

Біздің анықтама
Бексұлтанға көмек қолын созамын деушілер Дана Қайырбекқызының атына ашылған мына KZ708560000000039958 есеп-шоты арқылы қаржылай көмек бере алады.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ