Зайсан қаласында қоғамдық көлік қозғалысының не себепті тоқтағандығы белгілі болды

501
көрілім
Шартты фотосурет

Сайт редакциясына Зайсан қаласынан тұрақты оқырмандарымыз хабарласып, соңғы уақыттары автобус қозғалысы белгісіз себептермен тоқтап қалғандығын айтқан болатын. Осы ретте тұрғындар саны көп, тіршілігі тілге тиер етерліктей аумақты шаһарда қоғамдық көліктердің неліктен қатынамай қалғандығын аудан әкімідігінен сұрастырып білген едік, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Кестеге сай жүрмеулеріне не себеп?

Тұрғындардың сөзінше, қоғамдық көліктер өткен жылдың соңына қарай адамдарды сарғая күттіріп, ызғырығы өңменіңнен өтер қыстың алғашқы айында зайсандықтарды әбден әбігерге салған. Сорақысы сол, Жаңа жылға қарай қоғамдық көліктер қатынауын мүлде қойған.

– Жаңылыспасам, екі аптадай болды, қызымды балабақшаға уақытынан кешіктіріп, өзім де жұмыстан қалып апарып жүрмін. Қыраулы қыста атшаптырым жерге жаяу бару кімнің болсын діңкесін құртпай қоймайды. Күндіз межелі жерге кешігеміз, қас қарайса аязға үсіп-жығылып, бала-шағамызды қолымызға алып дірдек қағып жетеміз. Автобустардың барлығы сынып қалған ба? – деген еді Айым Ерланова (аты-жөні өзгертілген).

Аудан әкімдігінің берген жауабына сүйенсек, қалаішілік бағыттарда 6 автобус қатынайды. Ал Зайсан қаласындағы тұрғындар саны – 16500. Сонда осыншама халықтың діттеген жеріне уақтылы жете алмай, алты қоғамдық көлік тұрмақ, біреуінің кестеге сай қатынамауына не себеп? Даудың басы жолаушы тасымалына жауапты мекеменің сылбырлығынан болып отырған көрінеді. Тұрғындар наразылығының көбейіп, қақаған қыста дірдектеп тұруларына себеп болған – «Шығыс-СМУ» ЖШС-нің жұмысын себепсіз орта жолдан тоқтатуы. Бұл ретте зайсандықтар әкімдікке жолаушы тасымалына жауапты ұйымның жұмысын тоқтатқанын біле тұра тұрғындарға тіс жарып, ескертпегеніне қынжылады. Қала берді, қоғамдық көліктердің суықтығы, олардың кестеге сай жүрмейтіндігі тағы бар.

Түйткіл түйіні тарқағандай

– Мәселеге үңіліп көру үшін ЖКХ бөліміне де бардым. Тұщымды жауап айтпады ешқайсысы. «Тендер ойнатудамыз, әзірге бір адам ғана келісті» деп айтты. Белгілі болғандай, сол адам бір ғана автобус әкелуге кеткен. Сонда бүкіл зайсандықтарды жалғыз автобуспен тасымалдамақ па? – дейді Құрман Тұрсағұлов (аты-жөні өзгертілген).

Аудан әкімдігі не дейді? Айтуларынша, қазір Зайсан қаласы бойынша жолаушы тасымалдаумен «МРК-Жол» жеке кәсіпкер айналысып, қоғамдық көлік қозғалысы реттелген тәрізді.

Алайда әсте олай емес. Күні кеше хабарласқан оқырмандарымыз зайсандықтардың екі ай көлемінде бір автобусты сабылак үтіп, машақат тартып отырғандықтарын жеткізді.

Әділхан ЕСІМХАНОВ