Зайсан қаласында өрт сөндірушілер 4 адамды өрттен аман алып қалды

769
көрілім

Екі қабатты тұрғын үйдің дәлізін жайлап кеткен көк түтін сыртқа ұмтылған тұрғындардың жолын бөгеген. Бұл туралы ШҚО ТЖД-нің баспасөз қызметі хабарлайды.

Өрт Зайсан қаласының Спамбетов көшесіндегі екі қабатты үйден шыққан. Тілсіз жау бірінші қабаттағы үйдің ас үйін шарпып, тоңазытқыш пен жиһаз өртке оранған. Дәлізді жайлап кеткен көк түтіннің кеселінен екінші қабаттағы тұрғындарға сыртқа шығу қиынға соққан екен. Уақтылы оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер 4 адамды балкон арқылы жерге түсіріп, өртті дер кезінде ауыздықтады. Өрт сөндірушілердің арқасында отқа оранған үйге көршілес пәтерлерге зақым келмеген.

Өрттің шарпу аумағы тоғыз шаршы метрді құрады. Зардап шеккендер мен жарақат алғандар жоқ. Тілсіз жауды ауыздықтауға жеке құрамнан 5 адам мен бір арнайы техника жұмылдырылды.

Аян Өрібаев