Зайсандық азаматша тұрғындарды пәтер құжаттарын рәсімдеп беретіндігін айтып алдаған

610
көрілім

Зайсан қаласында тұрақты жұмысы жоқ Еркегүл Сайполданова (аты-жөні өзгертілген) өзіне ерекше «кәсіп» ойлап тапқан. Барлығын алдын ала пайымдап, оның әрбір үтір-нүктесіне дейін жоспарлаған азаматша осылайша қылмыстық жолмен ақша жасамақ болады. Қала тұрғындарына аудандық әкімшілікте қызмет атқаратынын алға тартқан ол Зайсан қаласындағы Боқажанов көшесінің бойында орналасқан жаңадан салынып пайдалануға берілмеген көпқабатты тұрғын үйден бастапқы жарнасын төлеген адамдарға пәтер құжаттарын рәсімдеп беретіндігін айтып сендіреді. 24 жастағы бойжеткеннің бұл арбауына іліккен зайсандықтар пәтер алмақ түгіл, берген ақшаларынан айырылып, сергелдеңде сенделіп қалған. Осыған байланысты сот ісі Зайсан аудандық сотында қаралды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Қармаққа түскен үшеу

Зайсан ауданы, Айнабұлақ ауылының тұрғыны Еркегүл Сайполданова тұрақты жұмыс орны болмағандықтан, ақша табудың басқа жолын ойластырады. Тұрмыс құрмаған ол Зайсан қаласына жол тартып, қылмыстық жолмен пайда түсірмекке бел шешкен. Еркегүл өз жоспары бойынша Зайсан қаласы, Боқажанов көшесінің бойындағы жаңадан салынған көпқабатты тұрғын үйдің пәтерлеріне жалған құжаттар мен қолхаттар әзірлейді. Барлық қажетті заттарды дайындап болған соң азаматша зайсандықтарды әңгімеге тарта бастаған.

Өзім аудандық әкімшілікте қызмет атқарамын. Боқажанов көшесіндегі пайдалануға берілмеген жаңа пәтерлердің құжаттарын рәсімдеп бере аламын. Ол үшін пәтердің бастапқы жарнасын төлесеңіз болғаны, – деп Еркегүл Сайполданова тұрғындарды қармаққа алады.

Бұрын сотты болмаған Еркегүлдің сөзіне сеніп қалған әйел адам оның қолына 70 мың теңге ұстатқан. Алаяқтығынан пайда көрген азаматша заңсыз іс-әрекетінің ойдағыдай өткеніне құнығып, қылмыстық жолын ары қарай жалғастыра түседі. Тура осы әдіспен тағы бір зайсандық тұрғынның сеніміне кірген ол өз қызметі үшін 400 мың теңге талап еткен. Сұраған ақшасын қалтасына басқан соң бірден ізін суытады. Бұл аздай, Еркегүл арбауына іліккен үшінші әйел адамнан 200 мың теңге жымқырады. Осылайша, жүйелі ойластырылған қылмыстық әрекетімен 24 жастағы азаматша 670 мың теңге пайда тапқан.

Жалғандық жалтартпады

Десе де, әккілікке басқан бойжеткен жауапкершіліктен құтылған жоқ. Ақшасынан айырылған жәбірленушілер полицияға барып шағым түсіреді. Сөйтіп, Еркегүл Сайполданованың ісі Зайсан аудандық сотына жеткен. Сот отырысында айыпталушы өз айыбын толықтай мойындап, әйел адамдарды алдағанына шынайы өкініш білдіретіндігін, олардың ақшаларын кейін қайтарып беретіндігін жеткізіп, кешірім сұрады. Ал жәбірленушілер болса, ағаш аттың басына мінгізіп кеткен Еркегүлге кешірім бермейтіндіктерін айтып, судьядан оларға келтірілген залалды сотталушыдан өндіріп беруді талап етті.

Сот шешімі бойынша Еркегүл Сайполданова ҚР Қылмыстық Кодексінің 190-бабы, 2-бөлігінің, 2-тармағымен кінәлі деп танылып, 2 жылға бас бостандығынан шектелді. Пробациялық бақылау тағайындалған айыпталушы мемлекеттік қызметте лауазымды атқару құқығынан 3 жыл мерзімге айырылды. Сонымен қатар, сот жәбірленушілердің материалдық залалының құнын өндіру туралы талаптарын толықтай қанағаттандырды. Үкім заңды күшіне енді.

Бірінші рет емес

Өңірімізде алаяқтық жолмен бұқара халықтың ақшасын жымқырған басқа да нәзік жандылар жоқ емес. Осы орайда, бірнеше мысал келтіре кетуді жөн көріп отырмыз.

Шырайлы Шығысқа Астанадан келген алаяқ әйел несиені рәсімдеп беру, баспана алуға ықпал ету, полицияға жұмысқа орналастыру сынды маңызды мәселелерді шешіп беремін деп жиырмадан астам адамды тақырға отырғызған. Сөйлескен адамдарды сендіру үшін «әртіс әйел» өзін бірде полиция қызметкері, бірде банк қызметкері ретінде таныстырған. Әйелдің алдауына Өскемен, Семей және Шығыс Қазақстанның бірнеше қала-аудандарының тұрғындары ілінеді. «Даму» бағдарламасы бойынша несие алып беруге уәде еткен ол әр адамнан 35 мың теңгеден алып отырады. Өзі кіріскен істің қиындығына қарай қызмет құны да өсіп отырған. Тіпті Семей қаласының тұрғыны өзінің ұлын ішкі істер органына жұмысқа тұрғызу үшін әлгі әйелге төрт жүз елу мың теңге ақша берген екен. Жәбірленушілердің тағы бірі тоғыз жүз мың теңге беріп, алаяққа алданып қалған, алайда бір жыл бойы дүйім жұртты арбап келген азаматша тәртіп сақшыларының қолына түседі. Жалпы есептегенде 27 жәбірленушінің жеті жарым миллион теңгеге жуық сомасы астаналық алаяқ әйелдің қоржынында кеткен. Өскемен қаласы №2 сотының үкімімен 28 жастағы алаяқ әйел 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды.

Өскемен қаласында әйел адам «Теңгені арзан бағамен долларға айырбастаймын» деп халықты алдаған. Азаматшаның осындай қармағына ілінген адамдар аз болған жоқ. Олардың арасында алаяқ әйелге 30 мың доллар берген жандар да болыпты. Бірнеше ай бойы теріс жолмен ақша тауып жүрген әйел оған ақша берген адамдардың бірден бармағын тістетпеген. Басында аз ақша алып, оны долларға айырбастап, олардың сеніміне кіре біліпті. Кейін ірі мөлшердегі қаражатты алған соң із-түссіз жоғалып отырған, алайда заңсыздыққа бой алдырған азаматша құрықтан құтылмады. Сот шешімі бойынша ол 3 жылға бас бостандығынан айырылды.

Облыс орталығында тәртіп сақшылары тұрғындарды банк арқылы пәтер алып беретіндігін айтып арбаған әйел адамды қолға түсірді. ШҚО ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, 35 жастағы азаматша бірқатар алаяқтық әрекеттері үшін күдікті болған. Ұсталған әйел Өскеменнің әр аумағындағы қала тұрғындарын әңгімеге тартып, банк арқылы пәтер алып бере алатындығын айтып сендірген. Ол өзінің осындай «қызметін» 150-600 мың теңге аралығында бағалайды. Қазіргі уақытта бұл алаяқ әйелдің торына іліккен 6 адам полиция бөлімшесіне келіп, арыз түсірді, алайда жәбірленушілердің бұдан да көп болуы әбден мүмкін. Құқық қорғау органының қызметкерлері ҚР ҚК-нің 190-бабы бойынша тергеу амалдарын жүргізуде.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ