Зайсандық магистрант: "Мақсатым – шетелде жинаған тәжірибемді Қазақстанда қолдану"

1201
көрілім

Шетелде білім алып жатқан жастарымыздың бірі – Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданы Зайсан қаласының тумасы Жанаділ Талдыбаев. Оңтүстік Кореяның Ханянг университетінде магистратурада оқитын ол

КМК (Kazakhstan Medical Korea) компаниясын құрып, Қазақстаннан Оңтүстік Кореяға емделу үшін баратын науқастарға қызмет көрсетумен айналысады. Газет тілшісі оның бұл саланы неліктен таңдағаны, еліміздегі медицина саласында қандай олқылықтар бар екені және Елбасымен кездесуі қалай өткені, соған қоса туған жерге деген сағынышы туралы әңгімеселесті.

 

Қате диагноз: анамды үш күнде емдеді

 

- Қазақстанда қайда оқыдың? Оңтүстік Кореяға баруыңа не себеп болды?

- Мен Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің шығыстану факультеті, корей филологиясы мамандығы бойынша оқуға түстім. Мектеп бітірген жылы Оңтүстік Корея мен Қазақстан біршама келісімшарттарға қол қойып, стратегиялық серіктес болып жатқан. Болашағымды Кореямен байланыстыратын болсам үлкен мүмкіндіктерге жол ашылады деген ниетпен сол мамандықты таңдадым. Кейін Кореядағы Ханянг университетіне операциялық және сервистік менеджмент факультеті, оның ішінде медициналық менеджмент мамандығы бойынша магистратураға түстім.

 

- Медициналық туризмді қолға алуға не түрткі болды?

- Оқуға түскен кезімде Зайсандағы нағашы атам сырқаттанып қалды. Қазақстанда оған ем көрсете алмаймыз дегеннен кейін "Оңтүстік Кореяда емдетік көрсек" деген шешім қабылдадық. Атамның барлық медициналық көрсеткіштерін корей тіліне аударып, ауруханаларға өткіздім. Әр аурухана өз емдеу тәсілі мен бағасын ұсынды. Баға айырмашылықтары неге әртүрлі, емдеу тәсілдері қандай екенін зерттей келе, атама ең тиімді деген аурухананы ұсындым. Ол бір апта ішінде толықтай емделіп қайтты. Бірнеше ай өткеннен кейін анамның белі ауырып, төсек тартып жатып қалды. Ол өзіне омыртқа жарығы деген диагноз қойылғанын, екі аптадан кейін ота жасататынын айтты. Мен анамды Кореяға шақырып, диагнозын сол жақтағы емханаларға көрсеттім. Маған «Анаңызды қайтадан медициналық тексерістен өткіземіз. Егер Қазақстанда қойылған диагноз расталса, оған ота жасау құны 13 мың доллар болады» деп ескертті. Бақытымызға қарай қайта тексерілу нәтижесінде анамның бар болғаны бұлшықеті ауыратыны анықталды. Оны екі күн физиотерапиямен, бір күн дәрі егіп қана емдеп берді. Одан кейін басқа да туыстарым, достарым, көршілерім, таныстарым хабарласып, осы жақта емделгісі келетінін айтты. Сол кезде «Неге медициналық туризм саласын қолға алмасқа?» деген ой келді. Ойымды ғылыми жетекшіме айтып, ойымды қалай жүзеге асыруға болатыны туралы кеңес сұрадым. Ол қолдау білдіріп, кейін осы тақырыпқа қатысты жоба қорғадық.

 

Жобам Оңтүстік Кореяда екінші орын алды

- Медициналық жобаның ерекшелігі неде?

- Жобамыздың басты мақсаты – Кореяға емделу үшін келетін шетелдік азаматтарға ем алу бағасын төмендету, әлдеқайда қолжетімді және ыңғайлы ету. Осы жобамен республикалық конференцияға қатысып, екінші орын алдық. Соның нәтижесінде қазіргі КМК (Kazakhstan Medical Korea) компаниясы құрылды.

 

Оңтүстік Кореяда науқасқа Құдайдай қарайды

- КМК компаниясы мен оның қызметіне тоқталып өтсеңіз?

- КМК компаниясында үш серіктес бар, олар: мен, оңтүстіккорейлік Сыра және Каким Данабаев деген қазақстандық азамат. Біздің ұйым Қазақстан азаматтарының Оңтүстік Кореяда ем алу процесін қолжетімді, ыңғайлы етумен айналысады. Мысалы, Қазақстандағы адам өзінің диагнозын бізге береді. Біз оны халықаралық стандарттарға сай аударып, бірнеше емханаға өткіземіз. Олар бізге емдеу әдісі мен бағасын ұсынады. Бір ем түрі әр емханада әртүрлі болады. Мысалы, біреуінде 15 000 доллар болса, келесі емханада 10 000 доллар, ал басқа ауруханада 7 000 доллар болуы мүмкін. Қазақстаннан келетін азаматқа қай емхана тиімді екенін, артықшылығы мен кемшілігі неде екенін айтып кеңес береміз. Емделуші ұсынылған емхалалардың бірін таңдайды және ол Кореяға келіп кеткенге дейін қасында болып, барлық жағдайын жасаймыз. Оның қасында аудармашы және жүргізуші болады, сондай-ақ оның сапар барысын видеоға түсіріп, тәулік бойы жақындарымен хабарласып отыру мүмкіндігі болуы үшін Wi-Fi құрылғысымен қамтамасыз етеміз.

 

- Оңтүстік Кореядағы дәрігер мен науқастың қарым-қатынасын қалай сипаттар едіңіз?

- Дүниежүзілік қағида бойынша, тұтынушы – Құдаймен бірдей. Оңтүстік Кореяда науқасқа науқас қана емес, тұтынушы ретінде қарайды, сондықтан қызмет көрсету деңгейі өте жоғары. Әр дәрігердің басты міндеті – науқасқа жылдам әрі сапалы қызмет көрсету. Қазақстаннан келген емделушілер бұл жақта емдеу сапасы мен жылдамдығы жоғары екенін айтады.

 

Кореяға Қазақстаннан жылына 15 000 адам келеді

 

- Оңтүстік Кореядағы дәрігерлер мен қазақстандық дәрігерлердің қызметінде айырмашылық бар ма?

- Оңтүстік Кореяда дәрігерлер міндетті түрде ғылыми жұмыспен айналысады. Мысалы обыр дертінің алдын алу жолдарын қарастырып, зерттейді. Әр ауруханада зерттеу орталығы болады. Ол жерде жаңа медициналық технологиялар ойлап табады. Оңтүстік Корея – медицина саласында инновациялық технологиялар қолдануда бірінші орында тұр. Ол жақта ең көп жалақы алатын мамандық иесі – дәрігерлер. Жалақысы жоғары болғандықтан олардың жұмысқа деген құлшынысы да, қызығушылығы да, жауапкершілігі де жоғары.

 

- Оңтүстік Кореяға Қазақстаннан жылына қанша емделуші барады?

- Қазіргі уақытта жылына 360 мыңнан астам шетелдік азаматтар келіп, емделеді. Шетелдік азаматтардың ішінде бірінші орында - Қытай, екінші орында - АҚШ, үшінші орында - Жапония, төртінші орында - Ресей, бесінші орында - Қазақстан азаматтары. Қазақстанның өзінен ғана жылына 12-15 мыңнан астам азамат келіп, емделеді. Олар көбінесе туристік агенттік арқылы немесе ешкімнің көмегінсіз өздері келеді.

 

- Қазақстаннан емделуге барған азаматтар көбінесе қандай дерт түрі бойынша көмекке жүгінеді?

- Арқа, омыртқа, жүрек ауруларымен көп келеді. Сондай-ақ бала көтере алмай жүрген отбасылар тиісті ем түрін алуға келеді. Оңтүстік Кореяда медицинаның өте жоғары дамыған саласы – пластикалық ота. Қазақстан азаматтары көбінесе мұрнын, дене бітімін өзгертуге келеді.

 

Елбасымен кездесу

- Оңтүстік Кореяда бірнеше мәрте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескеніңізді білеміз. Осы туралы тоқталып өтсеңіз.

- «Студенттік алмасу» бағдарламасы бойынша оқып жүрген кезімде Оңтүстік Кореяның Тэджон қаласындағы Қазақстан елшілігінде жұмыс істедім. 2017 жылы қараша айында елшілік Қазақстан Президентінің Оңтүстік Кореяға келуіне орай әртүрлі шаралар ұйымдастырды. Сол уақытта Корея Республикасы бойынша корей тілінен халықаралық шешендік өнер сайысы болды. Мен сайысқа қатысып, бірінші орын алдым. Содан кейін Сеул қаласында корей тілінде жарық көрген Нұрсұлтан Назарбаевтың биографиялық кітабының тұсаукесері рәсімін корей тілінде жүргіздім. Ол шараға елшілер, Қазақстаннан келген Парламент депутаттары, жоғары дәрежелі меймандар қатысты. Сол кезде мені Елбасының күзет қызметінде аудармашы ретінде дайындады. Сөйтіп Елбасымен бірінші рет кездесіп, бірнеше күн бойы қасында аудармашы ретінде жүрдім. Ол кезде Президентіміз менен не себепті білім алу үшін осы мемлекетті таңдап, бұл жаққа қашан келгенімді, қандай мамандықта оқитынымды сұрады. Екінші мәрте Елбасыны Кореядағы қазақстандық студенттермен кездесу шарасында көрдім. Ол кезде оқуымның ақысын қай мемлекет төлеп жатқанын, оқу бітіргеннен кейін Қазақстанға қайтып келер-келмесімді сұрады.

 

Қазақстанда медициналық басқару жүйесін өзгерту керек

- Болашақта жұмысыңызды Қазақстанда жалғастырасыз ба, әлде сол жақта қалып қоясыз ба?

- Негізгі мақсатым – шетелде жинаған тәжірибемді Қазақстанда қолдану. Қазақстанда жай ғана компания емес, трансұлттық компания құруды армандаймын. Жылына бір-екі рет еліме келіп, туған жерім – Зайсанға табан тіреп, сағынышымды басып қайтам. Осы жолы Зайсанға менімен бірге әріптесім Сыра да келді. Ол қазақ халқының қонақжайлығына, кеңпейілділігіне, жерінің кеңдігіне, табиғатының әсемділігіне таңданысын жасыра алмады.

 

- Мүмкіндік болса еліміздегі медицина саласына қандай өзгеріс енгізер едіңіз?

- Ең әуелі медицинадағы басқару жүйесін өзгертер едім. Мысалы Кореяда бар мықты дәрігерлер Қазақстанда да бар, айырмашылық – басқару жүйесінде. Кореяда бұл жүйе мықты дамыған. Сол басқару жүйесін Қазақстанға әкелсек, үлкен қадам болар еді. Қазақстанда дәрігерлер науқасты емдеу ғана емес, әкімшілік жұмыстарды да атқарады. Талап сондай болған соң науқастарға жеткілікті көңіл бөлінбей қалады. Кореяда дәрігер тек науқасты емдеумен айналысалы, ал әкімшілік, қаржыға қатысты жұмыстарды медицинаға қатысы жоқ, бірақ өз ісін жетік білетін, медицина менеджментіне қатысы бар басқа мамандар атқарады. Қазақстанға осы жүйені енгізу керек. Сонда ғана Қазақстанда медициналық қызмет көрсету сапалы болмақ.

 

Мазмұнды сұхбатыңыз үшін рақмет!

 

Сұхбатты жүргізген Зарина Долатай

Фотосурет Жанаділ Талдыбаевтың инстаграмдағы парақшасынан алынды