Зейнетақы жинағына баспана алуға қатысты түпкілікті шешім келесі айда шықпақ

388
көрілім

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов зейнетақы жинағын баспана мен білім алуға жұмсауға мүмкіндік беретін нақты тетіктер келесі айда жарияланатынын мәлім етті, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

– Қазір көптеген ұсыныстарды қарап жатырмыз. Жоспар бойынша алдағы желтоқсан айында бір ұстанымға келіп, сол жұмысшы топтың Президентке ұсынысын беруіміз керек. Әзірге бірыңғай шешімге келе алмадық. Біздің елімізде 10 миллионға жуық зейнетақы есепшоты бар. Жалпы, салымшылардың саны да 10 миллион деуге болады. Жиналғаны – 10 триллион теңге. Халықтың 70 пайызының жинаған зейнетақысы – 1 миллион теңгеге дейін ғана. Сондықтан бұл мәселенің қиындықтары бар, – деді министр.

Жауапты тұлға бұл ретте зейнетақы жинағы әр адамның зейнетке шыққаннан кейінгі өміріне жетуі керектігін атап өтті.

Естеріңізге сала кетсек, Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында Үкіметке азаматтардың зейнетақы жинақтарын баспана алуға жұмсауын реттеуді тапсырған болатын.

– Алдағы жылдары жағдай өзгеруі мүмкін. Зейнетақы жинақтаушы азаматтардың саны айтарлықтай азайып, зейнеткерлер саны артады. Бұл жағдайда зейнетақы активтерінен түсетін инвестициялық табыс көлемі де төмендейді. Сондықтан Үкіметке жыл соңына дейін жұмыстағы азаматтардың зейнетақы жинақтарын мақсатты пайдалану мәселесін пысықтауды тапсырамын. Мысалы баспана сатып алу үшін немесе білім алу үшін, – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.