Жалақыларын ала алмауда

454
көрілім

Семейлік «Жылукоммунэнерго» мекемесінің жұмысшылары 3 айдан бері жалақысыз отыр. Кәсіпорынның еңбекақы бойынша қарыз мөлшері бүгінде 245 млн теңгеге жеткен, деп хабарлайды газет тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Мекеменің жұмысшылары алдындағы қарыз тұрғындардың жылуға берешекті төлемеуінен туындаған мәселе. Бүгінде жылуға қарызы барлардың сомасы 400 млн теңгеге жуық. Оның 80 пайызы тұрғындарға тиесілі. Арнайы мамандардан құралған топ борышкерлердің үйін аралап, жаз бойы күрес жүргізді. Ал қарызды қайтарудан бас тартқандарға қатаң шаралар қолданылды. Дегенмен тұтынған жылу үшін берешектерін төлеуге тұрғындар әлі де асықпайды. Қаржы тапшылығынан мекеме жұмысшылары 3 ай жалақы алмаған. Бүгінде жалпы қарыз мөлшері 245 млн теңгеге жеткен.

Жыл басынан бері қарызы бар абоненттерге берешекті қайтару туралы ескерту жасалған. Ал оны елемей белгіленген уақытта қарызды қайтармаған борышкерлер жарықтан ажыратылды. «Жылукоммунэнерго» мекемесінің абоненттермен жұмыс бөлімінің басшысы Гаухар Жетпісбаеваның айтуынша, борышкерлермен жұмыс әлі де жалғасуда.

– Борышкерлермен күрес жұмыстары жыл бойы жалғасады. Біз қатаң шараларды қолдануға мәжбүрміз. Өйткені көпшілік тұрғындар тұтынған жылуға қарызды қайтаруға асықпайды. Енді жылуға ақшаны 3 айдан артық төлемесе тұрғындар рет-ретімен жарықтан ажыратылатын болады, – дейді Гауһар Жетпісбаева.

Асқар ТҰМАРБЕК