Жаңа жылдан кейін өңірімізде бірнеше ауыс-түйіс орын алды. Атап айтқанда, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтың аппарат басшысы болып Жасұлан Сарсебаев тағайындалды. Сонымен қатар Бородулиха және Шемонаиха аудандарының әкімдері ауысты.
Жасұлан Сарсебаев 1986 жылы Аягөз қаласында дүниеге келген. Заңгер мамандығын тәмәмдаған ол еңбек жолын «Қазақстандағы жас заңгерлер қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі Семей қаласы бойынша филиалының директоры болып бастаған.
Әр жылдарда Шығыс Қазақстан облысының ішкі саясат басқармасының діни бірлестіктер және саяси партиялармен жұмыс бойынша бөлімнің бас маманы, мәдениет басқармасы басшысының орынбасары, Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы қызметтерін атқарған. 2015 жылдан бері Шығыс Қазақстан облысының туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы болып қызмет етті.
Бородулиха ауданының әкімі болып Өскемен қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Ольга Булавкина, Шемонаиха ауданының басшысы лауазымына Григорий Акулов тағайындалды. Григорий Иосифович осыған дейін Бородулиха ауданының әкімі болып қызмет еткен.
Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ