Жаңа жатақханалар ашылмақ

252
көрілім

Жуықта облыс әкімдігі ғимаратында Президенттің бес әлеуметтік бастамасының жүзеге асу барысын бақылау бойынша «Нұр Отан» партиясы ШҚОФ жанындағы Қоғамдық кеңес отырысы болып өтті. Шара барысында баяндама жасаған аймақ басшысының орынбасары Серік Ақтанов алдағы 4 жылда студенттерге арналған 11 жатақхананың құрылысы аяқталатындығын мәлімдеді.

Ауылдан қалаға білім іздеп келген студенттердің арасында баспана таба алмай әуре-сарсаңға түсетіндер аз емес. Шығыс Қазақстан облысында 2018-2022 жылдар аралығында қолданысқа берілетін 11 жатақхана арқылы 4608 студент жатынорынға ие болмақ.

– Сегіз жатақхананың құрылысы жаңадан басталса, 1 жатақханаға жөндеу жүргізіледі. Тағы бір жатақхананың бұрындары қолға алынған құрылыс жұмыстары аяқталса, 1 жатақхана дайын мекемені сатып алу арқылы беріледі. Жиыны – 11 жатақхана. Бүгінде ШҚО Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы Өскемен, Семей және Аягөз қалаларындағы колледждерге арналған 3 жатақхананың жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеуде. Бұл жұмыстар биылғы жылдың желтоқсан айында өз мәресіне жетпек, – дейді Серік Ақтанов.

Сонымен қатар өңіріміздегі жетекші жоғары оқу орындары үшін тағы үш жатақхананың құрылысы жоспарланып отыр. Атап айтқанда, Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚМУ-ға 600 орындық, Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-ға 500 орындық, Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетіне 500 орындық Студенттер үйі салынады. Бұдан бөлек, жыл соңына дейін Семей қаласындағы электротехникалық колледжіне 250 орындық жатақхана қолданысқа беріледі.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ