Жаңадан ашылады

511
көрілім

Шығыс Қазақстанда келесі жылы бірден бірнеше жаңа медициналық мекемелер есіктерін айқара ашпақ. Атап айтсақ, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап Семей қаласында Ортопедия және травматология орталығы жұмысын бастайды деп жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта онда қажетті құрылғыларды орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұдан басқа өңір басшылығы Өскемен қаласында Стэнфорд университетімен (АҚШ) бірлесе отырып гематологиялық орталық ашуды көздеуде, деп хабарлайды газет тілшісі YK-News.kz сайтына сүйене отырып.

- Біздің мамандармен төрт-бес жыл көлемінде жұмыс істейтін дәрігерлерді шақырамыз, сонан соң олар зерттеу жұмыстарын жасайтын болады, - деді облыс әкімі Даниал Ахметов Зырян ауданына барған іс-сапары барысында.

Естеріңізге салсақ, гематология дегеніміз — бұл медицинаның қан ауруларын зерттейтін бөлімі. Өкінішке қарай, Шығыс Қазақстанда қан айналымы жүйесі ауруларымен ауыратын адамдардың үлесі өте жоғары. Ал гематологиялық орталық болса аталмыш мәселені шешуге көмегін тигізбек.

Сондай-ақ облыс орталығында 200 орындық балалар ауруханасының құрылысы аяқталуға жақын. Бұдан бөлек Семей қаласында радиологиялық орталық қолданысқа берілмек. Аталмыш медициналық мекемеде Қазақстандағы төрт позитронды-эмиссиондық томографтың екеуі орналасқан.

Азамат ТЕМІРБЕКОВ