Төтенше жағдайлар қызметі соңғы жылдары өңірімізде дауылдың жиілеуіне орай үй-жай шатырларын беріктендіру қажеттігін ескертті.
Облыстық төтенше жағдайлар комиссиясының кезекті отырысында өңірдің түрлі табиғаттың тосын мінезіне дайын еместігі жайлы айтылды. Төтенше жағдайлар қызметі соңғы уақытта дауылдың жиі соғатынын алға тартты. Бұл әсіресе Жаңғызтөбе, Қарауыл және Жарма ауылдарының маңында жиі орын алып тұрады. Кей кездері желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетеді.
- Соңғы төрт жылда желдің шатырды жұлып әкетуінің 182 жағдайы тіркелді. Нәтижесінде 7 адам жапа шегіп, оның біреуі көз жұмды, - деп хабарланды комиссия барысында.
Естеріңізге салсақ, биылғы жылдың 31 мамыры күні өңірімізде қатты соққан дауыл 11 ғимараттың шатырын жұлып әкеткен болатын.
- Комиссия аудан, қала әкімдеріне ғимараттар мен үй-жайлардың ескірген шатырларын қайта жөндеу қажеттігін ескертті, - деп хабарлады облыстық ТЖД.
Ерлен ОСМАНОВ