Естеріңізде болса, газетіміздің өткен сандарында өңіріміздің аудан-қалаларында өтетін жаңажылдық шаралар мен бірқатар қызықты фактілер жайында мақалалар сериясын оқырман назарына ұсынуды бастаған болатынбыз. Ол кезде біз Зайсан, Катонқарағай, Күршім, Үржар аудандары мен Өскемен қаласында өтетін жаңажылдық шаралар жайына толығырақ тоқталып өткен едік. Газетіміздің бұл жолғы санында Аягөз, Жарма және Ұлан аудандарындағы мерекелік шаралар жайында қысқаша ақпарат бере кетуді жөн көрдік.
Биыл Аягөз және Жарма аудандарында биіктігі 15 метр болатын жасанды шырша орнатылса, Ұлан ауданының орталығында 20 метрлік табиғи шырша орнатылды. Дегенмен жаңажылдық мерекелерді атап өтуге ең көп қаражат Аягөз ауданында қарастырылды. Атап айтсақ, биылғы Жаңа жылды атап өтуге Аягөз ауданы 1 млн 800 мың теңге қарастырса, Ұлан ауданы 800 мың теңге, ал Жарма ауданында 240 мың теңге қаржыны жергілікті бюджеттен бөлді.
Жаңа жылдық отшашу Жарма ауданында 24 желтоқсан күні ұйымдастырылса, Ұлан және Аягөз аудандары бұл тартуды 31 желтоқсанға қалдырып отыр. Анықтап айтсақ, Аягөз ауданы жалпы құны 300 мың теңге тұратын жаңажылдық отшашуды 1 қаңтар күні сағат 01.00-де ұйымдастырса, Ұлан ауданы 31 желтоқсан күні кешкі сағат 10.00-де аудандық Мәдениет үйінің алдында өткізбек.
Бұдан бөлек Аягөз ауданында аудан әкімдігінің ұйымдастырумен жалғызбасты қарттарға, мүмкіндігі шектеулі азамттарға дастарқан жайылып, сыйлықтар табысталды. Әскери бөлімнің, "Нұр Отан" партиясының аудандық филиалы арқылы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұртай Сәбиляновтың демеушілігімен мүмкіндігі шектеулі балаларға жаңажылдық сыйлықтар берілді. Жарма ауданында да игі іске Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны мен "Шалабай" ЖШС да бір кісідей атсалысып, 700-ден астам бүлдіршінге тәтті сыйлықтар жасады. Ұлан ауданында бұл іске аудандық әкімдік қолдау білдіріп, аз қамтылған отбасылардың және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 200-ге тарта балаларды қуантты.
Азамат ТЕМІРБЕКОВ