Жарма ауданында ащы судан ұрттаған көлік жүргізушісі полицейлерге қарсылық көрсеткен

858
көрілім

24 қыркүйекке қараған түні Жарма ауданында мас күйінде көлік тізгіндеген ер адам полиция қызметкерлерінің дегеніне көнбей, қарсыласқан. Ащы су «әл» берген ол тіпті тәртіп сақшысының бетіне және аяғына жарақаттар келтіреді, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Жарма ауданы, Жаңғызтөбе ауылында учаскелік полиция инспекторы «Тойота Карина» автокөлігін тоқтатқан. Анықталғандай, 34 жастағы жүргізуші мас күйінде көлік тізгіндеген екен. Полицейдің заңды талабын орындаудан бас тартқан азамат, қарсылық көрсетіп, тәртіп сақшысын жарақаттайды.

ШҚО ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл әрекеті үшін ер адамға қатысты ҚР ҚК-нің 380-бабының 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Сондай-ақ, оған мас күйінде автокөлікті басқарғаны үшін әкімшілік іс қозғалған.