Жарма ауданында тұрғындарды жұмыспен қамту қолға алынуда

501
көрілім
Шартты фотосурет

Республика көлемінде жұқпалы дерттің өршіп бара жатқаны жұрт көңіліндегі алаңнын басылмауына әкеліп тұр. Елдердегі түрлі саяси ахуалдарға байланысты дағдарыстың белгілері де байқала бастағандай. Бұл ретте азаматтар мен бизнесті қолдау үшін аймағымыздың аудандарында тұрғындарды жұмыспен қамту мақсатында түрлі жобалар қолға алынуда. Жарма ауданында да аталған мәселе төңірегінде нақты жұмыстар орындалып жатқан көрінеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Түйткіл мәселелерге мән берілуде

Аудан басшысы Ахметқали Нұрғожиннің сөзінше, қазір «Жұмыспен қамту жол картасы 2020» бағдарламасы негізінде ауылдардағы бірқатар түйткіл мәселелерге мән берілуде. Атап айтсақ, Қалбатау ауылына сыртқы кәріз жүйесін салу және Аршалы, Қапай Батыр және Кіші Қарасу ауылдарында ауызсу желісін тарту құрылыстары басталмақ. Осыдан бірнеше апта бұрын Шар қаласынан тұрақты оқымандарымыздың да айтқан өтініштері шешімін тапқалы тұр. Аудан басшысы Шар қаласына спорт кешені құрылысын бастау және аудан орталығындағы Маяковский атындағы орта мектебіне жөндеу жұмыстарын жалғастыруды күн тәртібіне қойған. Бұл ғана емес.

– «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Әуезов кентінде Мәдениет үйінің құрылысы жүргізілсе, аталмыш кенттегі Бақыршық орта мектебі, Қалбатау ауылындағы Абай атындағы мектеп-гимназиясы күрделі жөндеуден өтеді. Сол сияқты Қалбатау мен Әуезов кентінің көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі, – деді Ахметқали Ахашұлы.

Тұрғындар жұмыспен қамтылмақ

Бұдан бөлек, «Жұмыспен қамту жол картасы 2020» бағдарламасымен тағы 27 жоба жоспарланған. Мұның барлығы реттілікпен әрі өзі мерзіміне сәйкес қолға алынса, талай тұрғынның жұмыспен қамтылары сөзсіз. Бәлкім, «Осының барлығына қаржы қайдан алынады?» деп сауал тастайтындар да болуы мүмкін. Басым бөлігі республикалық, облыстық қазына есебінен өңірлерді дамыту аясында жүзеге асырылғалмақ. Талай дүлдүлдер мен спорт саңлақтары түлеп ұшқан Жарма топырағында спортты серік еткен жастар легі де жетерлік. Соларға мүмкіндік жасап, қадамдарын қолдау үшін спорттық алаңдар орнатылмақ. Айталық аудандық бюджет есебінен Бірлік, Қапанбұлақ, Суықбұлақ ауылдарына шағын футол, воркаут алаңдарын салу, сондай-ақ Жаңғызтөбе кентінде волейбол, баскетбол, шағын футбол алаңдары, бұдан бөлек, Шуақ ауылына балалар ойын алаңқайы салынбақ.

Тағы бір айта кетерлігі, осы уақытта өзекті болып тұрған тұрғын үй мәселесінің де бір шеті шығайын деп тұр. Аудан әкімінің сөзінше, өткен жылы аудандағы 59 тұрғын баспанамен қамтылған. Қазіргі уақытта Динара Исабаева есімді жеке кәсіпкер тұрғын үй құрылысын бастап кеткен. Сайып келгенде, сөз етілген жұмыстар биыл басталмақ. Ахметқали Ахашұлы осының барлығы өңірлік экономиканың белсенділігін бірқалыпты сақтау қамымен екендігін мәлімдеді.

Әділхан ЕСІМХАНОВ