Жарма ауданында ұйымдасқан ұрылар 10-ға тарта жылқы мен 1 көлікті ұрлап, 2 дүкенді тонаған

723
көрілім

Жарма ауданындағы Қалбатау ауылында алдын ала сөз байласқан 4 жігіт жылқы ұрлап, Семей қаласындағы таныстарына сатып отырған. Бұл аздай олар Семейден бөтен біреудің ВАЗ-21099 маркалы автокөлігін заңсыз иемденіп алып, Жармадағы Шар қаласы мен Бірлік ауылындағы 2 дүкенді тонап кеткен. Құныққан ұрылар құрықтан құтылмады. Олардың ісі аудандық сотта қаралды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Өткен жылдың тамыз айында 19-22 жас аралығындағы 4 жігіт жылқы ұрлап оңай пайдаға кенелмек болады. Өз ойларын іске асыру үшін олар Қалбатау ауылының 2 тұрғынынан бір-бір жылқыдан ұрламақ болып келіседі. Барлық іс-әрекеттерін алдын ала ойластырған ұрылар қолды қылған жылқыларын Семей қаласындағы сыбайластарына сатпаққа сөз байласқан. Сөйтіп, 9 тамыз күні кешкі сағат 21.00-шамасында екіге бөлінген 4 жігіт білек сыбана «іске» кіріседі, алайда олардың екеуі табыспен оралып, қалған екі жігіт іздеген жылқыларын таба алмай қойған. Осылайша олар жалпы құны 350 000 теңге тұратын торы жылқыны қолға түсіріп, Семей қаласының бағытына шыға берісте орналасқан «Керуен» комплексіне қарай жол тартады. Сол жерде Семейден келген таныстары ұрланған жылқыны 80 000 теңгеге сатып алған. Малды «ГАЗ 330214» маркалы автокөлігіне тиеп алған ер адам оны Семейге апарып, сойып сатып жібереді. Ал 4 жігіт түскен ақшаны өзара бөлісіп алған.

Бұдан басқа, 2016 жылдың тамыз айының 19 күні бұлардың үшеуі Қалбатау ауылының шетінде жайылып жүрген 3 бие мен 3 құлынды көріп, сол алты бас малды жасырын ұрлауға келіседі. Олар олжаларын әдеттегідей Семейдегі сыбайластарына сатпақ болады. Дегенмен 32 жастағы азамат Қалбатауға келуге бас тартқандықтан, жігіттер оған 3 құлынды тегін беретіндіктерін айтып көндірген. Ұрылар түнгі сағат 22.00 кезінде заңсыз әрекеттерін іске асырып, мал иесіне 1 200 000 теңге залал келтіреді. Осыдан соң Қалбатау сыртындағы ипподром маңында сатып алушы еркекпен кездескен жігіттер биелер мен құлындарды көлікке тиемекші болады, бірақ осы сәтте жирен түсті бір бие үркіп жұлқынып, басын шылбырдан шығарып қашып кеткен. Нәтижесінде, 3 жігіттің қолына 2 биенің құны 180 мың теңге түседі.

«Бұзауды ұрлаған, өгізді де ұрлайды» демекші, оңай олжаға әбден еттері үйренген 3 жігіт 2016 жылдың қазан айының аяғында Семей қаласынан «ВАЗ-21099» маркалы автокөлікті ұрлап, Жарма ауданы, Бірлік ауылына табан тірейді. Аты аталған ауылдағы шағын дүкендердің біріне түнгі уақытта заңсыз енген олар жалпы құны 14 780 теңге тұратын азық-түлік пен тауарларды және 70 000 теңге ақшаны үптеп кеткен. Сондай-ақ, араға бірнеше күн салып Шар қаласындағы «Рахмет» дүкенін тонаған ұрылар дүкен иесіне 205 975 теңгеге бағаланған елеулі мүліктік шығын келтірген.

Осыған байланысты қаралған аудандық сот ісінде зардап шегушілер айыпталушылармен татуласқандықтарын алға тартты, алайда бір емес бірнеше ұрлық жасаған сотталушылар жазадан жалтарған жоқ. Сот үкімі бойынша 4 ұрының үшеуі – 3 жыл, 6 айға, біреуі – 3 жыл мерзімге темір торға тоғытылса, олардың семейлік сыбайластары 1 жарым жылға бас бостандықтарынан айырылды.