Жармалық аңшы Заманбек Таңатаров: “Қасқыр есесін жібермейді”

1374
көрілім

Соңғы екі жылда аңшылықты саябырлатқаны болмаса, қасқыр десе жарғақ құлағы жастыққа тимей Жарма өңірінің о жақ бұ жағын кезіп кететін Заманбек Таңатаровтың айтары көп. Тыңдар құлаққа аңшының басынан өткенінен қызықты әңгіме бар ма? Аңшының «түлкіні қу дейсіз-ау, қасқыр одан да әккі» деп басталған әңгімесі тыңдаушы бізді бірден баурап әкеткен. Дала тағысы жайлы сұхбат барысы фильмнің сәтті кадрлары секілді көз алдымызда көлбеңдейтінін қайтерсіз. Әсіресе, қасқырдың кексіз кетпегені турасында аңшының әңгімесі тіптен қызық.

Қақпан құру әдісін қалай меңгердім?

Жас кезімде Иван Концеренко деген орыс көршім орманшы әрі аңшы болды. Соғыс ардагері еді. Винтовкасы бар-тұғын. Ал бізде жаман он алтымыздан басқа түк те жоқ. Бірақ, ана кісі қақпан құратын. Даладан құс атып жүргенімізбен, ауылда ешкім де Концеренконың қақпан құру әдісін білмейтін еді, – дейді Зәкең.

Томаға-тұйық аңшының бүккен сыры Зәкеңді үйінде тыныш жатқызбапты. Бірде Иван үйіне оралған кезде Зәкең әлгінің қақпанын байқастауға шығады. Құрылып тұрған қақпанын қарап, ептеп ағашпен сыпырып көргенінде, қақпанның түсі аппақ екен. Сөйтсе, аңшы қақпанын әктаспен бояп қойған көрінеді.

– Әктаспен боясам да қақпаныма сауысқан ғана түсіп жүрді. Сөйтсем, Концеренко қақпанды жусан мен ерменге, жылқы мен сиырдың тезегін араластырып әбден қақтап қайнатады екен. Аңға шыққанда аяқ киімді де қайнатып алу керектігін қайдан білеміз? – дейді аңшы ақсақал.

Кеңес үкіметі тұсында қасқыр керемет көп болған деседі. Совхоз кезінде өлген малдың бәрін бір сайға көметін. Үйірімен оннан он беске дейін жүретін итқұс мал өлігі көмілген орыннан тояттап алып, Заманбектің қақпанын баспай кететін көрінеді. Орыстың сырына әбден қанып барып, қақпанын құрғанда 1983 жылы Зәкеңнің қақпанына тұңғыш рет қасқыр түседі. Әбден аңшылық бабы келгесін Зәкеңнің қақпанына қасқыр да, түлкі де түскен екен. Қақпанын сүйреп әкеткен қасқырды іздеп кеткен сол бір шағы Зәкеңнің әлі күнге дейін көз алдында. Жаяу жүріп тал-тоғайдың арасынан дәу көкжалды соғып алады. Ол уақытта бір тері 100 сом-тын. Кейіннен аң атып үйренгені соншалық, аңшы жылына алмады дегенде алтау, алдым дегенде жиырма қасқыр атып алып жүреді. Осы күні есептеп отырса, үш жүзден аса түз тағысы Зәкеңнің қанжығасына олжа боп түскен екен.

Қасқыр кексіз кеткен жоқ

«Қазір қасекең де қуланып алды» дейді аңшы. Табиғаттың жаңа заңына түз тағылары да әбден бейімделіпті. Бұрын жарықтан, сымнан аттамайтын қасқыр қазір үйіңнің есік алдында жүруі ғажап емес. Ақылдылығы сонша, тырнағы темірге тиісімен-ақ қақпанға жоламай, етті екінші жағынан тартады екен. Ол болмаса, еттің дәл үстіне секіріп түсіп, сол жерін ғана ойып жеп, секіріп кетеді. Үш жыл бұрын он екі қасқыр келіп, алпыс бас қой-ешкісін қынадай қырып кеткені Заманбектің әлі күнге дейін есінде.

Оқиға фермада болды. Сағат түнгі бір шамасында тұрсам қашадағы қойым жоқ. Балам қамап қойған шығар десем, ол білмейді. Қой қайда? Мылтықты алып шығып тарсылдата аттық. Жан-жақтың бәрі жым-жырт. Шаммен ары-бері жүгіріп, алпыс қойдың бірін де таба алсақшы, – дейді Зәкең.

Сол түні-ақ Зәкең фермасынан ауылға тартады. Бір ғажабы, не қой жоқ, не қасқыр жоқ. Таңға жуық жол талғамайтын көлікпен шыққаннан кейін ғана қасқырлардың «түнгі қылмысының» беті ашылады. Сөйтсе, қасқырлар қой-ешкіні қуалап айдап әкетіп, фермадан төрт жүз метр қашықтыққа дейін біреуін де өлтірмеген. Қойдың үріккені соншалық, бірін-бірі итеріп, қашаны құлата қашқан. Фермадан төрт жүз метрге дейін тиіспей, содан кейін-ақ тамақтан алып қыра бастаған екен.

– Алпыс бастың біреуін де жемей, буындырып тастай берген ғой. К-700-дің астына апарып, біреуін тамақтап кетіпті. Әттең, қасекеңнің қолы жоқ. Қолы болса, техникаңды да айдап әкетеді екен, – деп күледі аңшы. – Ұсақ малдың өлігі бес шақырымға дейін созылып жатыр. Сай-сай сайын он он бестен қойды жайратып сала беріпті. Бір қойды жартастың үстіне жатқызып кеткенін «мазақ» деп түсіндім. Қасқырды қасқыр деп неге атады? Қас қыл да қыра бер дегені.

Түз тағысының мазағына ашуланған Зәкең мал өліктерінің барлығын жинап, бір сайға көмеді де, маңайына жыпырлата қақпан құрып тастайды. Қырсық қылғанда сол жылы қыс жылы болады да, мал көмілген сайға қойып кеткен қақпанына қасқыр түспепті.

– Бір үйірдің бір қасқырын алдың ба, сол жерде онда қалғанының түгелі қақпанға түседі. Сүйреп кете береді. Тіпті қақпаныңыз жақсы қойылса, бес-алтауын бір-ақ аласыз. Көрдіңіз бе? Ең алдымен қақпанға бастап келе жатқан арлан ілігеді. Үйірдің барлаушысы да сол. Арланның артынан бәрі ереді. Қақпанға түскен қасқырдың 4-5 шақырымға дейін жүруге қауқары бар. Арландар тоғайға да, сайдағы қарағанға да кірмейді. Жағалап шаршағанша жүре береді. Жараланып, артынан біреу келе жатқанын сезсе ғана ағаш арасына сіңіп кетеді, – дейді аңшы.

Жарманың Қараөткелінде кеңес өкіметі тұсында 30 мың қой болған деседі. Ұсақ мал қырылып жатса да білінбейтін. Былайша айтқанда, 30 мың қойдың ішінде қасекеңдердің де «үлесі» бар еді. Екіншіден, заманға сай жол талғамайтын техникалар түз тағыларын құр жібермейді. Жыртқыштар бұған да бейімделген көрінеді. Сонау он шақырымнан аппақ даланы теңіздей тіліп келе жатқан техниканы сезіп қалса, лезде із жасырып кетуге тырысады. Қақпанға түскен қасқырды алу да оңай емес. Қарға тұмсығын тығып алып жата беретінін Зәкең күрекпен де соғып алған кездері болған. Кейбірі темірін сүйретіп өзіңе шабады.

Заманбек Таңатаров қазір көшелі де көсем жаста. Фермадағы шаруаны ұлы Амангелдіге тапсырып, Қалбатауға біржолата көшіп келген. «Қасекеңмен тартысым бітті. Қойымды қырып кегін де алды. Өкпем жоқ» деп күледі. Биыл Заманбек атамыз адал жарымен гауһар тойды тойламақ екен. Аңшы әңгімесінен «қанжығамыз майланғанға» көңіл тоқ күйде ақсақалдың батасын алып, біз де жолға шықтық.

Аян ӨРІБАЕВ

Фотосуретті түсірген автор