Жармалықтар: «Ауруханадан ауру болып шығасың»

14613
көрілім

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша күрделі жөндеу жүргізілген Жарма ауданының орталық ауруханасында науқастар қосымша пеш қосып жылынып жатыр. Сырттан келетін пациенттер де ғимарат ішінде қалың киімдерін шешпей жүреді. Ал мамандар арнайы костюмнің сыртынан жылы киім киіп қызмет етеді. Аурухананың бізге ұсынған ақпарында «Батареялар мен құбырлар ыстық, бірақ кейбір бөлмелерде температура +15-ке дейін төмендеді, +20 градустан жоғары жылымайды», деп жазылған.

– Аурухана жөнделді деген қуанышымыз ұзаққа созылмады. Есік пен терезенің шет-шеті ашық – суық соғып тұр. Бір айлық нәрестеден қан алып жатыр. Қалтылдаған қариялар да жүр. Осындай аянышты көрініс жаныңды ауыртады. Суық ауруханадан жазылып емес, ауру болып шығасың. «Өзі ауырмағанның құдаймен ісі жоқ» демекші, біздің мұндағы жайымызды сіздер дәл біздей ұға алмайсыздар, – дейді наразы болған науқастар.
Аурухананың бізге берген мәліметі бойынша, күрделі жөндеуді Өскемендегі «АктивА» компаниясы жүргізген. Карантин шектеуіне байланысты жұмысты кеш бастаған олар, мерзімін өткізіп барып аяқтаған.


– Жылыту жүйелеріне күрделі жөндеу жүргізіліп, есік-терезелері ауыстырылды. Жылу жүйесі 30 қарашада іске қосылды. Ғимарат жылы болған еді. Бірақ желтоқсанның суығы басталғаннан кейін кейбір бөлмелерде температура +18, +15С-ке дейін төмендеді. Біз «АктивА» компаниясы мен жобалаушыларға наразылық хат жолдадық. Мердігер ұйым туындаған мәселелерді шешуге өз өкілдерін жіберді. Жылу беру жүйесінің әрбір метрін қайта тексерді. Жобаға сәйкес барлығы орнатылғанын айқындап, ауытқулар жоқ деп шешті. Екі қазандық жұмыс істеп тұр, от қызуы жақсы. Тағы бір қазандық бар. Оны апат болған жағдайда іске қосамыз. Бүкіл жылу беру жүйесінде ауа тұрып қалды ма деп тексеріп көрдік. Ақау жоқ. Батареялар мен құбырлар ыстық, бірақ кейбір бөлмелер +20-дан жоғары температураға дейін жылымайды. Сорғының қуаты жеткіліксіз. Аяз да жағдайды қиындатып тұр. Ал өзімізде қуатты сорғы қондырғысын сатып алуға мүмкіндік жоқ. Мердігер мекеме терезе мен есіктерді де қайта тексеріп, ауыстырып жатыр, – дейді бас дәрігер Ерік Исабеков.
Оның айтуынша, ауруханада 40 науқас бар. Екеуі коронавируспен ауырып жатыр.
Біз құрылыс компаниясының басшысы Асхат Қаныбекұлымен де хабарластық.
– Жобада қалай көрсетілді,  тура солай орындадық. Ғимарат үлкен болғандықтан, жылыту қиын екенін түсінеміз. Сондықтан қазір бас дәрігерге көмектесіп жатырмыз. Оның ескертпесі бойынша олқылықтарды жойып жатырмыз. Барлық ағаш есікті пластик есікке ауыстырдық, – деді компания басшысы.
Аталмыш мәселені аудан басшысы да біліп отыр.
– Аурухана облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарайды, сол жақтан қаржыландырылады. Сонда да ондағы халық біздікі болғандықтан алаңдап отырмыз. Қазіргі таңда ғимаратта жөндеу жүргізіліп, олқылықтар реттеліп жатыр. Жалпы бұл ғимарат бұрыннан салқын екені айтылып келеді. Оның себебін қарастырып көрдік. Мамандардың айтуынша, ғимарат жобасының жылу жүйесінде ақау жіберілген секілді. Қазір соның амалы қайтадан қарастырылып жатыр. Бұл мәселені аудан әкімі біліп отыр. Ұдайы назарда ұстаймыз, – дейді аудан әкімінің орынбасары Айдар Ибраев.