Жасөспірімдер мәселесі талқыланды

312
көрілім

ШҚО-дағы кәмелеттік жасқа толмағандарға қатысты сот істерінің әрбір бесіншісі – ата-ана құқығынан айыруға қатысты болып отыр. Жалпы, 2018 жылдың басынан бастап арнайы құрылған комиссия жасөспірімдер мен олардың қамқоршыларына қатысты 300-ге жуық іс қараған.

Бұл жайлы №1 Кәмелетке толмағандар істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өткен дөңгелек үстел барысында айтылды. Шара барысында кәмелеттік жасқа толмағандардың мәселелері талқыға салынды. Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Ольга Булавкинаның мәлімдеуінше, 2018 жылдың 9 айында комиссия жасөспірімдер мен олардың ата-аналарына қатысты 282 іс қарған. Осының нәтижесінде сотқа ата-ана құқығынан айыру бойынша 42 талап арыз жолданыпты.

– Бұл аз сан емес. Сондықтан өңіріміздегі отбасыларда бала тәрбиелеуде бірқатар мәселелер бар деп айтуға әбден болады. Өскеменде балаларға арналған әр түрлі секциялар мен үйірмелер жетерлік. Алайда «Отан – отбасынан басталады» демекші, балғынның қалыптасуы жанұя мүшелерінің тәлім-тәрбиесіне тікелей байланысты, – дейді Ольга Булавкина.

№1 Кәмелетке толмағандар істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Сания Тутканбаеваның айтуынша, әкімшілік істердің арасында кәмелеттік жасқа толмағандардың түнгі уақытта үйден тыс жерде жүруі жиі кездеседі екен. Сонымен қатар, сотқа жасөспірімдердің алкогольді ішімдіктер мен энергетикалық сусындарды ішіп ұсталуы жайлы материалдар аз келіп жатқан жоқ.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ